«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жат жердегі соғыстың жаңғырығы

0 211

Осыдан тура отыз үш жыл бұрын он төртінші ақпан күні Ауғанстан аумағын Кеңес Одағының соңғы солдаты тастап шықты. Он жылға созылған жат жердегі соғыс аяқталды. Осы уақыт ішінде Кеңес әскері 15 мыңнан астам жауынгерінен айырылды, 53 мыңнан астам адам түрлі жарақат алды. ­Қазақстаннан 1979-1989 жылдар аралығында Ауғанстанға 21 мыңнан астам адам интернационалистік борышын өтеуге жіберілді. Оның ішінде 947 боздақ қаза тапты, 1770 адам жарақат алды.

Қаржасов

Сол жиырма бір мыңның бірі – біздің кейіпкеріміз Нұржан Қаржасов. 1984 жылы Қарағандыда институтта оқып жүрген жерінен әскерге шақырылады. Сосын Ашхабад қаласында сержанттар даярлайтын мектепті бітірген соң Кабулға аттанады. Ол Ауғанстандағы Кеңес әскерлері құрамында 108-дивизия 181-полк 3-таулы атқыштар батальоны сапында 1986 жылдың тамызына дейін, табаны күректей екі жылдан астам уақыт әскери борышын атқарыпты.

Нұржан – артық-ауыс сөзге жоқ, қарапайым қазақ азаматы. Оны әңгімеге тарту да оңай болған жоқ. Бір-екі кездесуден кейін ғана шешіле бастады. Онда да әңгімені әсірелеу, болған оқиғаның бояуын қалыңдату оған жат. Осындайда еске Жұмекен Нәжімеденовтің екі ауыз өлеңі түседі: «Ерлік керек дейсің ғой, ерлік деген дастарханның басында жасалмайды».

«Саланг асуында кескілескен ұрыс жиі болып тұратын. Өйткені бұл жол Кеңес Одағы мен Кабулды жалғастырып тұрған күре тамыр сияқты еді. Дивизия Баграмда, полк Кабулда тұрды. Біздің міндет жол бойын және елді мекендерді қарулы қарсыластардан тазарту болатын. 1985 жылдың 5 сәуірінде Салангтағы шайқастардың бірінде гранатометтің жарықшағы тиіп, контузия алдым. Бірақ жастық қой, өз ротамнан қалғым келмеді. Мойным мен иығымдағы қанды тоқтатқан соң, жарықшақтарды да алғызбай, госпитальға жатудан бас тартып, одан әрі ұрыс қимылдарына қатысып кете бардым. Гранатометтің жарықшақтары осы күнге дейін өзіммен бірге» деп еске алады Нұржан.

Кейін елге оралған соң, марқұм анасы шай үстінде сол күні «саған не болды, балам?» деп сұрапты. Ана жүрегі сезімтал ғой, тура сол күні ұлын түсінде көрген екен…

Сол 1985 жылдың жазында Панджшер шатқалы үшін ұрыс басталып, екі күнге созылған қарулы қақтығыс­та бұлардың батальоны 22 адамды жоғалтады. Бірнеше күнге созылған қиян-кескі шайқастың арқасында Кеңес әскерлері ақыры шатқалға иелік етіп, оны өз бақылауына алады.

«Қарсы шепте рельске орнатылған шетелден шыққан зениттік қондыр­ғылар, оқ-дәрі мен қару-жарақтың мол қоры болды. Сондай-ақ шетелдік жалдамалы жауынгерлердің өлі денелерін көрдік. Жоғары жақтан кері қайту туралы бұйрық жеткенде, біздің 181-полктың 3-батальонының 8-ротасы қорғаныста қалды. Ал рота кері шегінгенде, дұшпандарға тосқауыл болу үшін рота командирі арамыздан жетекші етіп Ахамит Бөлендинді тағайындап, Болат Еркебұланов, Қайрат Жеңсікбаев және мені қалдырды. Төртеуіміздің арамыз шамамен 50 метрдей. Ахамит егер оқ тисе де бір-біріңе көмекке бармаңдар, әйтпесе барлығымыз бірдей опат боламыз деп ескертті. Соғыстың заңы қатал. Бір-бірімізді осылай сақтау керек болды. Түні бойы ротаның шегінуін қамтамасыз еткен соң, таңертеңгі ондар шамасында біз өз бөлімшемізге қайта қосылдық» дейді Нұржан елеусіз ғана, қауіпті жауынгерлік тапсырмадан емес, кезекті іссапардан оралғандай.

Біздің кейіпкеріміз екі жыл ішінде барлығы ірілі-ұсақты елуден астам ұрыс қимылдарына қатысқан екен. Байқауымша, Нұрекеңнің аузынан мен деген сөз шықпайды, үнемі біз дейді. Осындайда Бауыржан батырдың сөзі жадыңда жаңғырады: «мен істедім дегенше, мың істеді десейші…».

Ауған соғысы ардагерлерінің ауыз­біршілігі де мықты. Қайбір жылы қарулас жігіттер жиналып барып Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданы Тұрбат ауылының тумасы, жат жерде қаза тапқан достары Әбілқасым Мұратов атындағы көшені жаңартып, мәрмәрдан мемориалдық тақта орнатып қайтты.

Жат жердегі соғыстың жаңғырығы санасында, ал жарықшағы денесінде қалды. Жалпы майданда болған адамның бейбіт өмірге бейімделуі де оңайға соқпайды. «Ауған ­синдромы» Нұрекеңді де айналып өтпепті. Түнде шошып ояну, көрінген адамды дұшпан көру және тағысын тағылар, талай нәрсені бастан кешірген екен. Тек туған-туыстың, зайыбының және ең бастысы өзінің ерік-жігерінің арқасында барлық қиындықты жеңіп шығыпты.

Нұржан Қаржасов қайда жүрсе де елге сыйлы болып, абыройлы қызмет атқарды. Жезқазған өңірінде ұзақ жыл кеден саласында ақ адал еңбек етті. Енді қазір елордаға қоныс аударып, бала-шағасын өсіріп, жаңа өмірді бастап жатыр екен. Ендеше көш көлікті болсын дейміз ардагер азаматқа.

 Әбубәкір СМАЙЫЛОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды