©2020 Астана Ақшамы
ЖАТ ДІННІҢ САЛҒАН ЖАРАСЫ
Шетелдік миссионерлердің шектелмеуі қазақ қоғамын дүрдараз қылды
Президент Нұрсұлтан Назарбаев елдегі дін төңірегінде туындаған дүрдараздықтарды ауыздықтау мәселелерін бейбіт жолмен шешуге зор үлес қосып келеді. Өзінің «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында еліміздің келешек даму стратегиясын айқындап, дінге қатысты бірқатар түйткілді мәселелерді көтеріп, оны шешу жолдарын жан-жақты қарастырып өтті.
Елбасы дәстүрлі дініміздің жағдайына тоқтала келе, бүгінде біздің халқымыз үшін дәстүрлі емес және жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұрғанын қадап айтты. «Жастарымыздың бір бөлігі өмірге жат, жалған діни көзқарасты көзсіз қабылдайды, өйткені, біздің қоғамның бір бөлігінде шеттен келген жалған діни әсерлерге иммунитет әлсіз» екендігін алға тартты. Сондай-ақ, «Қазір кейбір сыртқы күштер жастарымызды ислам дінінің хақ жолынан адастырып, теріс бағытқа тартуға тырысуда. Мұндай ұлттық табиғатымызға жат келеңсіздіктерден бойымызды аулақ салуымыз керек» деп ескертті.
Осы тұста қоғам қайраткері, белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбековтің «Дін ұстай білсең – қасиетің, ұстай білмесең – қасіретің» деген мәні мен мазмұны терең сөзі еске түседі. Расында қоғамдағы дінге қатысты мәселелердің дені психологиялық және танымдық себептерден туындап отыр. Дін қоғамда танымдық, ғылыми, идеялық және практикалық тұрғыдан өзіннің функционалдық тепе-теңдігін қамтамасыз ете алмаса, басқа қолайсыз жағдайларға себеп болып, әр түрлі топтардың, қанаушылықтың, өш пен дұшпандықтың объектісіне айналудан ада бола алмайды. Қоғамдағы сауатсыздықтың салдарынан пайда болған «таза ислам», «дәстүрлі ислам» және «саяси ислам» ұғымдарының шығуы – осының айғағы.
Мойындау керек, бар қазақты бауырындай санайтын халқымыз таныса келе, ең бірінші бір-бірінен қай жүзге немесе қай руға жататынын сұрайды. Осы күні қоғамда кейбір кісілермен дін жайында әңгімеге келе қалсаңыз, «Сіз қай дінненсіз?» немесе «Қандай жамағаттансыз?» деген сұрақты да естуіңіз ғажап емес. Әсіресе, осы сұрақтың қолданылуы күн өткен сайын жиілеп барады. Кейбір бауырларымыздың пиғылы теріс діни ұйымдарға еріп, өз отбасынан бас тартып, қоғамдық өмір сүру қалыбын бұзып жатқаны жасырын емес. Тіпті, кейбір азаматтарымыздың бізді кәпірлер еліне санап, өзге мұсылман елдеріне көшіп жатқаны тағы бар. Бұл құбылыс ұлттығымыздың арасына қазірдің өзінде жік түсіріп, өзін-өзі бөтенси бастағанын көрсетеді. Бұл – ащы да болса шындық. Бұған ең басты себептердің бірі – жастарға тәрбие берер аға буынның атеистік көзқараста қалып, діни сауатсыздығынан туындады деуге толық негіз бар. Кешегі жетпіс жыл жүргізілген дінсіздендіру саясаты қазақ ұлтын негізгі күре тамыры саналатын ділі мен дінінен ажыратуға бар күшін салып бақты. Кейбір деректерге қарағанда, қазақ жұртынан кәмпес-келеп тартып алынған діни кітаптар мен әдебиеттер Ташкент қаласы маңындағы кірпіш зауытында жарты жылға жуық отын ретінде қолданылған көрінеді. Дей тұрғанмен, солшыл үкімет елде діннің сыртқы пішінін біршама уақыт тоқтатқанымен, қазақтың жүрегінен өшіре алған жоқ. Қылышынан қан тамған кеңес дәуірінде де қазақ халқы толықтай діннен хабардар болмаса да, «әйтеуір, мұсылманбыз» деп жүрген болатын.
Екіншіден, шетелдік миссионерлердің ықпалының күштілігі. Сырттан келген жат пиғылды миссионерлік ағымдар – негізінен, діни ілімдерін таратуға арналған діни және саяси қызмет, сонымен қатар, шағын мәдениетті, этносты өзінің табиғи болмысынан айырып, ассимилияцияға ұшыратудың таптырмас құралы. Миссионерлік ұйымдардың шоқындыру саясаты Африка және Азия халықтары арасында қарқындап, мақсатты түрде жүргізіліп келеді. Миссионерлік ұйымдарға бірқатар елдердің мемлекеттік құрылымдары, қайырымдылық қорлары, үкіметтік емес ұйымдар, қаржылық топтар материалдық және моральдік тұрғыдан көмектесіп, ортақтаса жұмыс істейді. Миссионерлер баратын елдің дінін, тарихын, әдет-ғұрпы мен психологиясын зерттеп, біліп барады, жергілікті халық басым елді мекендерде тұрып, сол халықтың тілін, әдет-ғұрпын, мінез-құлықтарын өз қызметтерін табысты атқару үшін індете шолып үйренеді. Бұл өткір мәселе Мұртаза Бұлытайдың «Дін және ұлт» еңбегінде қозғалады. Шынында, миссионерлер діни уағыздарын қай ұлттың өкілі басым болса, сол тілде жүргізетіндігін көріп отырмыз. Сондай-ақ, рәсімдерінде айтылатын діни әндерін домбыра, қобыз, сыбызғы секілді ұлттық музыка аспаптарының сүйемелдеуімен орындайды. Миссионерлердің үгіт-насихат құралы да, материалдық-техникалық базасы да тиісінше қамтамасыз етілген.
Үшіншіден, жергілікті жердегі (аудандық, ауылдық) имамдардың діни білімдерінің аздығы да себеп болып отыр. Бұған қоса, елдегі білім беру жүйесінде күні кешеге дейін діни білім беру жүйесінің ескерілмеуі тағы бар. Қазақстанда дін саласының мамандары жетіспейді. Елдегі діни кадрлардың мәселесі бір ғасырға жуық уақыт қордаланып қалған дүние екендігі белгілі. Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары мемлекет тарапынан діни ахуалды бақылауда ұстайтын жүйенің дер кезінде күн тәртібіне қойылмауы да басты себептің бірі болып отыр. Сол жылдары жастарымыз топ-тобымен шетелге оқуға жіберілді. Ол кезде азаматтарды қай елге жіберуге болатыны немесе болмайтыны жайлы мәселе мен оқуға кеткен жастардың ертеңгі тағдыры көпшілікті толғандырмады. Бұл мәселеге, ең алдымен, мемлекет көңіл бөліп, алдын ала жоспар жасалуы керек еді. Өкінішке қарай, біз бұл дертті дер кезінде дұрыстап мән беріп, шетелге кеткен жастарды бақылауда ұстамағандықтан, олардың біршамасы радикалды топтардың ықпалында кетіп, елге келген соң, шетелдік діни топтардың қолшоқпарына айналды. Айтып отырғанымыздай, орын алып жатқан шиеленісті жағдай елді ертеңгі күні қанды қырғынға ұшыратып, қазақ халқын өзінің рухани
мәдениетінен айырып, бірнеше этникалық топқа бөлері мүмкін нәрсе. Сырттан белгілі бір мүддемен келген діни ағымдар халқымыздың руханияты мен мәдениетін күні ертең қажет етпесі хақ. Бұған мысалды кейбір мұсылман елдерінде діни білім алып келген өзіміздің азаматтарымыздан көруге болады.
Сондай-ақ, баспасөз беттерінде, телеарналарда дін турасындағы ақ-қараны ажырататын мәліметтердің әлі күнге дейін аз таратылуы, халық арасында түсіндірмелі-ақпараттық жұмыстардың жетіспеушілігі жастардың кертартпа діни ағымдарға ілесіп кетуіне жағдай жасап отыр. Күні кешеге дейін діни кітаптар, аудио, бейне материалдар, ғаламтор сайттары құзырлы органдар тарапынан бақылауға алынбай, қажет жағдайда тәркіленбей, кітап дүкендерінде, көшелерде, базарларда еркін сатылып келді. Нәтижесінде, бұл жағдай түрлі радикалды діни топтардың пайда болуына әкеп соқтырды.
Қазіргі таңдағы маңызды болған мәселенің бірі – дәстүрлі емес діни қозғалыстардың қызметін ретке келтіру. Себебі, жат пиғылды ағымдардың әрекеттері қоғамда кереғар көзқарастар туғызып келеді. Қоғам мүшелерінің біршамасы өзінің тарихи, дәстүрлі діндерінен шығып, секталардың шылауында адасып жүр. Осының негізінде дәстүрлі отбасылық және қоғамдық қарым-қатынастарда діни көзқарастарға байланысты түсініспеушіліктер орын алуда. Осы күні қоғамда кейбір отбасы мүшелерінің түрлі дінге еріп, тоз-тозы шығып жатқанын көріп жүрміз. Адамды адастырушы діндерге кірген кейбір қандастарымыз өз отбасының ойранын шығарып, ата-анасы, бауырларымен басқаша қатынас жасап, өз сенімін насихаттап және өз көзқарастарына өз жақындарын да мәжбүрлеуде. Өзімшілдікке бой алдырған кейбір бауырларымыз өз үйін, жеке мүлкін сатып, ортақ қауымдық меншіктеріне беріп, отбасылық өмірден (ата-ана, бала-шаға, туыстары) бас тартып, адамды көрсоқырлыққа итермелейтін діни-нанымдардың соңына еріп, өзгелердің қолшоқпарына айналғаны өкінішті.
Бұл – дәстүрлі отбасылық өмірді өзгерту.
Мұндай діни көзқарастары алуан түрлі жандар ешқашан бір шаңырақтың астында береке-бірлікте өмір сүре алмайтындығын көріп отырмыз.
Өзге діннің жетегіне еріп, өзін-өзі жоғалтқан бауырларымыздың көбінің қайта оралып, қатарымызға қосылуы екіталай. Бұл пікірлерден оң сипатты нақты нәтижелер шығарып үлгермесек, біздің келешекте ұлт болып, тарихта қалуымыз неғайбіл деген ой-пікір туындайды.
Жасұлан АБДРАМАНОВ,
дінтанушы