ЖАТ АҒЫМ ЖЕЛКЕЛЕП ЖҮРМЕСІН

0 135

Исатай БЕРДАЛИЕВ, «Шәкірт» ислам оқу орындарының оқушылары мен түлектері» қоғамдық бірлестігінің директоры

Баршамызға белгілі, еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары жастарымыз діни білім алу үшін топ-тобымен шетелге оқуға жіберілді. Дегенмен, бұл маңызды жұмыс бір жүйеге қойылмады. Сөйтіп, осы өткір мәселеге дер кезінде дұрыс мән берілмегендіктен, олардың кейбіреулері радикалды күштердің ықпалына түсіп, шетелдік діни топтардың қолшоқпарына айналып шыға келді. Бұл жөнінде Елбасымыз биылғы Жолдауында: «Бүгінде біздің халқымыз үшін дәстүрлі емес діни және жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұр. Жастарымыздың бір бөлігі өмірге осы жат жалған діни көзқарасты көзсіз қабылдайды, өйткені, біздің қоғамның бір бөлігінде шеттен келген жалған діни әсерлерге иммунитеті әлсіз» екендігін қадап айтты.

«Шәкірт» ислам оқу орындарының оқушылары мен түлектері» қоғамдық бірлестігі 2009 жылдың маусым айында ҚР Президент Әкімшілігінің мақұлдауымен, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қолдауымен құрылған болатын. Мақсаты – еліміз бен шет мемлекеттердегі исламдық бағыттағы оқу орындарында тәлім алып жатқан жастарға қолдау көрсету. Жастардың шетелдерде исламдық білім алуы барысын қадағалап, олардың теріс пиғылды діни ағымдар мен ұйымдардың ықпалына түспеуді қадағалау.
«Шәкірт» қоғамдық бірлестігі құрылған уақыттан бері біршама жұмыстар атқарылды. Соның бірі, шетелдерде Исламдық бағытта оқып жүрген азаматтардың базасын жасады. Аталмыш базадағы мәлімет бойынша, бүгінде шетелде барлығы 433 студент діни білім алуда. Сырт елде білімін жетілдіріп жатқан жастарға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен «Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қоры» діни әдебиеттермен үздіксіз қамтамасыз етіп келеді. Еліміздің әр өңірінде орналасқан 9 медресе мен «Нұр» қазақ-египет университетіне тұрақты түрде кітап тегін таратылып тұрады.

Сондай-ақ, Ислам оқу орындарының студенттері мен түлектерін ерікті түрде біріктіру және шет елдердегі ислам оқу орындарында оқып жатқан азаматтарды хабардар ету мақсатында арнайы www.shakirt.kz сайты ашылған болатын. Онда ҚМДБ қарамағына қарасты діни оқу орындары туралы ақпарат қамтылып, қажетті мағлұматтар енгізілген.

Бүгінгі күннің ең басты түйткілді мәселелерінің біріне айналып отырған жастардың жат ағымдардың ықпалына шырмалып, өзге мүдденің сойылын соғып жатқандығы. Бейресми деректерге қарағанда, шетелдерде оқып жатқан жастарымыздың біршамасы салафи ағымының ықпалына түсіп, солардың жетегінде кеткендігі жөнінде соңғы кездері жиі айтылып жүр. Ал, бұл қазақ халқын өз рухани мәдениетінен айырып, бірнеше діни-этникалық топқа бөлуге, халқымыздың руханияты мен мәдениетін күні ертең қажетсінбеуіне әкеліп соғуы бек мүмкін. Бұған нақты мысалдар да баршылық. Сондықтан да, бұл қауіптің алдын алу күн тәртібінде тұрған мәселе деуге толық негіз бар.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen − 9 =