Жасырын некелесуге шариғат не дейді?

0 4  319

жасырын неке

Ел-жұртқа білдірмей, бірінші әйелінен жасырып, екінші әйелге үйленуге бола ма? Егер куәгерлері жеткілікті болса, неке қидыруға шариғатта рұқсат бар ма?

Бұл – қазіргі кезде діни сайттарға бір күнде бірнеше рет қайталанып қойылатын сұрақтардың бірі. Не­гізінде, осы іспеттес сұрақтың ас­тарында бір теріс пиғылдың тұр­ғаны сезіледі. Сірә, бұл – ер кісі­лердің шаһауи қажеттіліктерін орындау үшін басқадан жасыру, білдірмеу мақсатында туындайтын сұрақ. Оның орнына «Исламда екі немесе одан көп әйел алудың қандай шарттары бар?» деген сұрақ қойылса, онда әңгіме басқа. Қазіргі таңда осы мәселеде «Дінде бар екен, рұқсат берілген екен, сүннет екен, сүннет амалды орындау үшін үйленсем» деген түрлі әңгімелер айтылып, дін адамдарынан сөзіне қуаттау тілеп жатқандар көп. Дінде рұқсат бар екені рас. Бірақ, «Шарттары қандай? Қандай жағдайда рұқсат береді? Не үшін рұқсат берген?» деген сияқты сауалдардың анық-қанығына жетуге ешкімнің дәті бара бермейді. «Сұрайтын болсам мойныма жауапкершілік жүктеледі, жүк артылады» деп, мұндай сұрақ қойғанды құп көрмейді. Соны­мен қатар, «басқа әйелмен неке­лес­ке­німді бірінші әйелім мен ата-анам білмесе бола ма?» деген мағынадағы сұрақтар да қайта-қайта қойылып жатады.

Исламда екі немесе одан көп әйелге үйленушілерге қойылатын негізгі шарт­тың бірі – әділдік жасау. Яғни, екі әйелі бар адам екеуіне барлық жа­ғынан теңдей қарауы тиіс. Үй-жай мә­селесінде, киім-кешек мәселесінде, азық-түлік мәселесінде, дем алу, емделу, күнделікті үйге жұмсалатын қара­жатта және отбасыға көңіл бөлу мәсе­лесінде де бөле-жармауы керек. Алла Тағала Құранда «Егер әді­лет­­сіздік жасап қою­­дан қорық­саң­дар, біреумен шекте­лің­­дер» деген. Өкі­нішке қарай, қазіргі қоғамда қос-қостап әйел алушылар көп, бірақ, олар­дың ішінде осы шарттарға амал жасап жатқандары жоқтың қасы.

Көп ер азаматтар екінші әйелге үй­леніп алып алған соң, бірінші әйе­лі­нен тайсақтап, оған мүлдем білдір­мейді. Ал әйелі қой аузына шөп алмас момын болса, оны басынып бала-шағасымен тастап, жас әйелімен бірге тұрады. Біріншісін адам санамайтын, талақ қылып тастап кететін жағдайлар жиі кездесіп жатады. Яки, бұл жерде отбасы берекесі шайқалатындықтан, ислам мұндайды құптамайды.

Ал әлгіндей некелесу жайында қо­йылған сұрақтардың түпкі пиғы­лында бір қараулық жатса да, шартта­рымен ғана шектеліп жауап бере кетейік. Неке дұрыс болуы үшін мынадай үш парыз бар. Біріншісі – мәһр. Яғни, ер кісі өзіне әйелдікке разы болып жатқан әйелге мәһр беруі парыз. Екіншісі, ең кемінде екі ер кісі немесе бір ер, екі әйел адам куәгерлік жасауы парыз. Үшіншісі, екеуара келісімдері болып, шынайы отбасы құруға деген ниеттерін анық түрде баяндауы парыз. Некедегі ауызша ай­тылған келісімді өздері және куәгерлері анық естуі тиіс. Осы үш парыздың орындалуымен неке дұрыс болып есептеледі.

Егер куәгерлерге «менің үйлен­ге­німді ешкімге айтпа» деп шарт қосса, ғұла­малар бұл мәселеде ихтилаф жаса­ған. Бір тобы «бұл сыр болған неке есеп­ке алынады» десе, екінші бір тобы неке­нің есепке алынбайтындығын айтады.

Дегенмен, әйел де – біреудің аялап өсірген қызы, оның да ата-анасы бар. Еш­­кім өз қызының ата-анасына біл­дір­мей отбасы құрғанын қала­майды. Қызының адал жарын көргісі келеді, бақытты бол­ғанын қалайды. Сондықтан, жасырын неке – тек нәпсәни қалау ғана. Шын ер азамат ата-анасының алдынан өтіп, ри­за­лығын алып барып неке қидырады. Себебі, ата-ана разы болмайынша, ұр­пағы жәннәтқа  кіре алмайтындығы пай­ғамбар (с.а.с.) хадистерінде айтылады.
«Ата-ананың разылығы – Алланың ра­зылығы» екенін естен шығармайық!

Жандос Айтбай,

«Нұр Астана» мешітінің найб имамы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three − one =