Жасын жасырған жауынгер

0 42

Кейде өмірден көргені мен түйгені мол адам туралы айтқанда, оның тағдыры бір кітапқа толы деп баға беріп жатамыз. Шынында да солай. От пен оқтың арасынан аман шығып, торқалы тоқсанды бағындырып, қазыналы қарияға айналған, елордалық соғыс және еңбек ардагері Олег Линник ақсақалдың өмір жолы да бір кітапқа жүк болады.Әкесінен ерте айырылған ол жасынан еңбекке араласып, жалғыз анасына қолғанат болады. Мектептегі алтыншы сыныптан соң қолөнер училищесіне оқуға түседі. 1942 жылы қалаға жау жақындап қалды дегеннен кейін училищенің оқушылары жаяу­-жалпылап Туапсе қаласына бет алып, бұл жерге жеткенше біраз қиындықты көреді. Туап­сеге келгеннен кейін оқу ордасының басшысы «Сендерге қалайда Өзбекстандағы Самарқан шаһарына жету керек» деп балаларға жол сілтеп, пойыз­ға отырғызып жібереді. Сөйтіп, түрлі мехнатты бастан кешіп, әйтеуір, бір топ жеткіншектің Самарқан топырағына аман-есен табаны тиді. Бұл – 1942 жылдың қыркүйегі. Оларды бірден зауытта жұмыс істеу үшін токарьлық дайындайтын алты айлық курсқа қабылдап, алты айдан кейін «дайын маман» етіп, Орал қаласына жөнелтеді. Тағдырдың жазуы деген бар ғой. Одан ешкім қашып көрген емес. Біздің кейіпкеріміздің өмірі де өзгеше өрілген. Жолда оның өкпесіне қатты суық тиіп, ойда жоқта Свердловск қаласындағы ауруханаға жатады. Мұнда соғыста түрлі жарақат алып, емделіп жүрген солдаттарды көріп, жалынды жас «мен де майданға барам» деген ойға бекінеді.
Енді осы жерде кейіпкерімізді сөйлетейік:
– Сол күн жадымнан әлі өше қойған жоқ. Бірінші тамыз, күн айнадай жарқырап тұр. Таңертең комиссарға барып, соғысқа баратынымды айттым. Ол кісі маған: «Жасың нешеде?» деп сұрады, мен «есімде жоқ» деп жауап бердім. Оның себебі бар. Мен 1928 жылы туған едім. Майданға баруға жасым толмайды. Соны жасырып, құжатыма «1925 жыл» деп жаздырып алдым. Әскерге кетер алдында ата-анаңа хат жазуыңыз керек. Мен Ақмолада тұратын үлкен апама хат жазды, бірақ оған соғысқа емес, лагерьге баратынымды айттым, – дейді ардагер.
Сөйтіп, қосымша полк құрамына алынып, алдымен Кунгур қаласына келеді. Бұл жерде әскери өнердің қыр-сырын үйреніп, 1943 жылы марштық ротамен бірге Минскідегі 25-ші танктік корпусты толықтыру үшін майданға аттанады. Сол жылдың қарашасында жаяу Орелге жетіп, сол жерден пойызға отырып, Житомир қаласындағы алдыңғы шепке әкеліп, бірден соғысқа кіріседі. Жаумен болған қиян-кескі шайқастардың ортасында жүрді. Әйгілі Курскіні азат етуге қатысты. Осындай бір жан алып, жан беріскен ұрыста ауыр жараланып, 1944 жылы туған жері Краснодар өлкесіне оралады. Елге келгенде анасы қайтыс болғанын естиді. Теңізшілік қызметке орналасады, бірақ онда денсаулығына байланысты көп істей алмайды. Содан көп ойланбастан Ақмолада тұратын апасына тартып кетеді. Сөйтіп, майдангер қазақ жеріне осылай табан тіреген. Міне, оған да жетпіс бес жыл толыпты. Қызметте де табыс­ты болып, абыройға кенелді. Шаңырақ көтеріп, жар сүйіп, бала тәрбиеледі. Соғыстағы ерлігі үшін орден, медальдармен наградталған.
Майдангер біраз жылдан бері елордадағы «Қарттар үйінде» тұрады. Сондағы соғыс және тыл ардагерлеріне арналған мұражайдың меңгерушісі. Тоқсаннан асса да, қоғамдық жұмыс­тан әлі тартынып көрген емес. Жас ұрпақпен де жиі кездеседі. Саптағы сарбаз қалпынан еш өзгерген жоқ.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 − 19 =