Жасыл желек қараусыз қалмасын

0 21

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Нұр-Сұлтан қаласын көгалдандырудың және қаланың жасыл аймағын құрудың 2021-2025 жылдарға арналған жергілікті жоспары әзірленді. Қазіргі таңда елордада 1 млн 200 мыңнан астам, ал «жасыл белдеу» аумағында 13 миллион жасыл желек жайқалып тұр. Өткен жылы қалада 118 мың ағаш отырғызылды. Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық кеңес отырысында осыны Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Әлия Қожабаева баяндады. Қала әкімінің орынбасары Нұрлан Солтамбеков қатысқан жиында бас қаладағы жасыл желектің жағдайы мен оларды күтіп ұстау жұмыстары талқыланды.– Жергілікті жоспарға сәйкес аудандардың әкімдіктері бес жыл ішінде 89596 ағаш отырғызуды жоспарлап отыр. Биыл экологиялық айлық аясында ағаш отырғызу ісі белсенді басталды. Жыл аяғына дейін 1 миллионнан астам жасыл желек егу көзделді. Соның ішінде қала аумағында 200 мың ағаш, ал «жасыл белдеуде» 890 мың ағаш отырғызылмақ, – деді Ә.Қожабаева.
Оның айтуынша, бұл жұмысқа аудандардың әкімдіктерімен қатар «Астана орманы» ЖШС, қала тұрғындары, ПИК-тер, қоғамдық бірлестіктер, мемлекеттік органдар, әртүрлі қауымдастықтар, танымал адамдар белсенді қатысып жатыр.
– Қалалық Ішкі саясат басқармасы «Өз ағашыңды отырғыз» атты челленджді бастады. Аталмыш шараны аудандардың әкімдіктері қолдады. Осы уақытқа дейін, көктемгі ағаш егу аясында 473 мыңнан астам ағаш отырғызылды. Бұл – жылдық жоспардың 45 пайызы. Соның ішінде «жасыл белдеуде» 452266 көшет егілді, – деді басқарма басшысы.
Оның сөзінше, биыл геоақпараттық орталық платформасына жасыл желектің электронды базасы енгізілмек. Цифрландыру мен ­паспорттау жүргізіліп, ағаштардың жерсінуіндегі ауытқушылықтар зерттеледі. Осындай ұсыныс қалалық Қоғамдық кеңестің алдындағы отырыстардың бірінде айтылған еді. Қазір жасыл желекті есепке алумен айналысатын ұйымды таңдау үшін конкурстық жұмыстар жүріп жатыр.
– Бүгіндері қалада 1 ботаника бағы, 12 саябақ, 8 бульвар және 108 сквер бар, – деді Ә.Қожабаева.
Одан кейін қала аудандары әкімдерінің орынбасарлары жасыл желекті отырғызу мен күтіп ұстау бойынша есеп берді. Соның ішінде Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары Руслан Оралов жасыл желекті суару проблемасын атап өтті.
– Аудан аумағындағы жасыл желек, негізінен, арнайы көліктер паркі арқылы суарылады. Бұл бізде ғана емес, жалпы қалада бар проблема деп ойлаймын. Ал бұған арналған су құбырының желісі 33 пайызды ғана құрайды. Яғни жасыл желектің 67 пайызын суаруға көліктерді жіберуге мәжбүрміз. Бірақ оның сапасы мен тиімділігі аз болып тұр. Стационарлы су құбыры топырақты біркелкі ылғалдандырады. Көліктер суарғанда олай болмайды. Оның үстіне «Астана көгалдандыру құрылысы» мекемесінің есептеуінше, көлікпен бір текше метрді суаруға бір мау­сымда 4686 теңге жұмсалады, ал стационарлы құбыр арқылы осындай көлем бар болғаны 219 теңге тұрады. Бұдан шығатын қорытынды – көлікпен суару 20 есе қымбат. Биыл біз «Астана көгалдандыру құрылысымен» 997 миллион теңгеге келісімшарт жасадық. Соның 250 миллионы жасыл желекті көлікпен суаруға кетеді. Егер стационарлы құбыр салсақ, бюджет қаржысын үнемдер едік, – деді Р.Оралов.
«Астана көгалдандыру құрылысы» ЖШС елордадағы 159 көше, 12 саябақ, 74 сквер, 3 бульвар мен қоғамдық кеңістікке қызмет көрсетеді. Мұны айтқан серік­тес­тік бас директорының бірінші орынбасары Медеу Ражанов бұл жұмыспен 550-ден астам жұмысшы мен 150 арнаулы техника айналысатынын жеткізді.
«Жасыл белдеу» аумағы 14827 гектарды құрайды. Бірінші кезеңде оған 13 млн жасыл желек отырғызылды. Қазір екінші кезең жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осыны баяндаған «Астана орманы» ЖШС бас директоры Мәулен Самамбетов 2012-2020 жылдары 3174342 көшет отырғызылғанын, соның 41 пайызы қылқан жапырақты, ал 59 пайызы жапырақты тұқымдар екенін айтты.
– Жаңа Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары жасыл желекті суарудағы проблеманы атап өтті. Қазір Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы қала бойынша суару жүйесінің тұжырымдамасын әзірлеп жатыр. Жыл аяғына дейін бұл құжат дайын болады деп ойлаймын. Қазір бізде саябақтар ғана суарылады. Ал тұжырымдама арқылы көшелердегі жасыл желектерді суаруға Есіл, Ақбұлақ, Сарыбұлақ өзендерінің суларын пайдалануды жоспарлап отырмыз. Әрине, стационарлы су құбырымен суару көлікпен суар­ғаннан арзан болады. Орталық көшелерге «Астана көгалдандыру құрылысы» сияқты кәсіпорындар жауапты болып қала береді. Ал шағын көшелердегі жасыл желектерді күтіп ұстауға конкурс жарияламақпыз. Жеңген компанияға жанар-жағармайға ғана қаржы бөлеміз. Қалған қаржыны компания өзі табуы тиіс, – деді қала әкімінің орынбасары Нұрлан Солтамбеков.
Қоғамдық кеңес төрағасы Сансызбай Есілов өзендердің суларын жасыл желекті суаруға пайдаланумен келісе отырып, мәселенің өз шешімін ұсынды.
– Стационарлы су құбырын тым болмағанда саябақтар мен скверлерге тарту керек. Суаруға тазарту құрылғыларының нөсер суларын пайдалануға болады. Егер бұл мүмкін болмаса, «Астана су арнасы» кәсіпорны өзенге ағызатын суды пайдаланайық. Панфилов көшесі мен Есіл өзені жағалауының ортасында кезінде саяжайлар сүріліп, тамаша саябақ салынды. Онда стационарлы су құбыры болған. Бірақ ол мүлде жұмыс істемеді. Қазір мұндағы ағаштар қурап жатыр. Ал бұл саябаққа миллиардтаған қаржы жұмсалды. Жасыл желекті қараусыз, иесіз қалдыруға болмайды, – деді С.Есілов.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 − nineteen =