©2020 Астана Ақшамы
ЖАСЫЛ ЖЕЛЕК КӨБЕЙДІ
Бүгін Сарыарқа ауданында өткен сенбілікке 28 мың адам атсалысты. «Таза қала – бақытты қала!» деп аталған бұл шараға белгілі өнер иелері Роза Рымбаева мен Досымжан Таңатаров қатысып, астаналықтармен бірге жұмысқа белсене кірісіп кетті.

Халық әртісі бірден шаруаға икемділігін байқатып, көпшілікке үлгі болды. «Бәрінің көзі менде: жұмысты тоқтатып қойып, суретке түсіріп жатыр. Алдымен сенбілікті бітіріп алайық, фотоға түсіп үлгереміз ғой» деп күлді Роза Қуанышқызы. Ерекше ептілікпен қолына күрек ұстаған ол аса ыждағатпен ағаш отырғызды. «Күреудің түк қиындығы жоқ екен. Азғантай қарап тұрып, тізені бүгу арқылы қолға күш беру керектігін бірден түсініп алдым» дейді.

Ал, эстрада әншісі Досымжан Таңатаров: «Астана тұрғыны ретінде сенбіліктен қалмауға тырысамын. Бүгін – бәрі көңілді. Ауа-райы да керемет. Еңбек етудің арқасында қан айналады, шекеден шыпшып тер шығады. Ағаш егіп болған соң, сенбілікті өзім жұмыс істейтін Президент оркестрі алдында жалғастыруға ниеттімін» деп, ұл-қызына да табиғатты аяулауға үйрететінін айтты.



Ал, №4 қалалық емхананың ұжымы мекеме алдында шие, құлпынай, қарақат егуді қолға алғалы бес-алты жыл болыпты. Бұл бастаманы дәрігерлер көтеріпті. «Жемістер піскен уақытында өзіміз де, пациенттер де шетінен алып жейді. Дәрумен ғой» дейді олар.

Министрлік қызметкерлері, ұлттық компаниялардың өкілдері, сондай-ақ Қазақ агротехникалық университеті, «Тұран Астана», «Астана медициналық университеті» сынды жоғары оқу орындарының студенттері Софиев шоссесі мен Алаш тас жолының бойын күл-қоқыстан тазартты. Жалпы, бүгінгі сенбілікке Сарыарқа ауданы бойынша 100 техника, 80 жүк көлігі мен 20 тиеуіш машина жұмылдырылды.