«Zhasyl qalqan» – жемқорлыққа тосқауыл

0 19

«Астана – адалдық алаңы» жобасы аясында Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев және елорда әкімі Алтай Көлгінов онлайн режимде кездесті. Кездесуге аудан әкімдері мен қалалық басқарма басшылары қатысты. «Астана – адалдық алаңы» жобасының жетекшісі, елорда әкімінің кеңесшісі, қалалық мәслихат депутаты Мирас Шекенов атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.Өткен жылдан бастап кәсіпкерлерге қызмет көрсететін жаңа «iQala» орталығы жұмыс істеуде. Бюджеттің ашықтығын қамтамасыз ету бойынша «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» мен «Бюджетке қатысу» жобалары іске асуда. «IQala» қалалық қызмет көрсету орталығының басшысы Руслан Жұмаділов карантин кезінде жүк көлігімен азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарларды Нұр-Сұлтан қаласына және Нұр-Сұлтан қаласы арқылы тасымалдайтын жүргізушілерге арналған жаңа «жасыл дәліз» қызметі туралы толығырақ баяндады. Жүргізушілер post.iqala.kz сайты арқылы өтініш беріп, блокбекеттен кедергісіз өтуге мүмкіндік алған. Өтініш тікелей «Сергек: блок бекеті» қосымшасына түседі. Жүк көлігінің жүргізушісі сайтқа кіріп, қалаға кіру/шығу, көліктің нөмірін, ЖСН, тасымалданатын жүктің атауын, олардың санын және жүретін жолын көрсетіп өтініш толтыру қажет. Өтініш берген кезде ЭЦҚ және басқа да құжаттар талап етілмейді. Бұл қызмет түрі Нұр-Сұлтан қаласына ғана қатысты.
«Астана – адалдық алаңы» жобасының менеджері, «Мы за чистую страну» экологиялық қозғалысының ұйымдастырушысы Шасалим Шагалимов елорданың экологиялық жағдайын бақылауға арналған «Zhasyl qalqan» мобильді қосымшасын таныстырды. Жоба менеджерінің айтуынша, қосымшаның көмегімен экологиялық бұзушылықтарды анықтауға, экологиялық шараларды ұйымдас­тыруға және қатысуға, сондай-ақ қала тұрғындары отырғызған барлық ағаштарды тіркеуге және картаға белгілеуге болады.
Алик Шпекбаев еліміздегі жобалық кеңселер жүзеге асырып жатқан бастамалар туралы айтты. Қоғамда сыбайлас жемқорлықты қабылдамауды қалыптастыру мақсатында агенттік халық арасында парасаттылық қағидатын насихаттауда. Іске асырылған жобалар тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюға және азаматтарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Алтай Көлгіновтің айтуынша, халық пен бизнес өкілдерінің мемлекеттік және басқа да қыз­мет түрлерін алу процестерін барынша жеңілдету ұйымдардың жұмысында тиімділікті арттырады, қызметтерді алу процесін жеңілдетеді және тұтынушыға бағытталған барлық ұсынылатын қызметтердің ашықтығын қамтамасыз етеді. Елорда әкімі бюджетті және әкімдіктің ведомстволық бағынысты ұйымдарын оңтайландыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы атап өтті. Оңтайландыру нәтижесінде 32 млрд теңгеден астам қаражат үнемдеуге мүмкіндік берген. Әкім сондай-ақ қаржылық шығындарды, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға және өтініш берушілердің уақытын үнемдеуге мүмкіндік беретін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметтерін автоматтандыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы бөлісті.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 5 =