©2020 Астана Ақшамы
«Жасыл кварталға» конкурс жарияланды
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ға Астана қаласында «Жасыл квартал» құрылыс жобасын іске асыру жүктелді. Жобаның операторы ретінде «Самұрық-Қазына» Жылжымайтын мүлік қоры» АҚ белгіленді. Осыған орай, «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ Астана қаласындағы «Жасыл квартал» аумағын қала құрылысымен дамыту тұжырымдамаларын әзірлеуге халықаралық конкурс жариялайды (шеберлік-жоспарлар, макеттер, эскиздер мен алдын ала техникалық-экономикалық негіздеме қоса берілуі тиіс).
Байқаудың мақсаты – «Жасыл квартал» тұжырымдамасын айқындау, эскиздік, сәулеттік және құрылыс жобаларын әзірлеу жұмысына заманауи, бірегей, аса тартымды дизайнерлік және құрылыс идеяларын және шешімдерді іздестіру болып табылады. Халықаралық байқау 2013 жылғы 25 ақпаннан бастап 5 сәуірге дейінгі аралықта өткізіледі. Шараға заңды және жеке тұлғалар, авторлар мен авторлық ұжымдар, жобалау ұйымдары, сондай-ақ, сәулетшілер мен жобалаушылар қатыса алады. Конкурс тапсырыстарын бағалау барысында «Жасыл квартал» аумағына балама энергия көздері есебінен сыртқы жарық беру, ағаштар мен сәндік бұталар арқылы көгалдандыру, гүлзарлар, демалыс орындары, балалардың ойын алаңқайлары, белсенді демалыс орындары секілді тұтастай нысандар қамтылған жобалар назарға алынады. Жеңімпазды айқындауда тапсырыстың халықаралық экологиялық жобалау стандарттарына (LEED, BREEAM, DGNB) сәйкестігін қамтамасыз ететін технологиялардың қолданылуы да ескерілетін болады. Тұрғын және әкімшілік ғимараттары, саябақ аймақтары, сауда, ойын-сауық орталықтары мен әлеуметтік-экономикалық нысандар салу, инновациялық технологиялар мен экологиялық таза құрылыс, сондай-ақ, жаңартылатын энергия көздері саласындағы халықаралық тәжірибе қолданыла отырып, астаналықтар үшін аса жайлы орын құралатын болады.
Е.СӘТІМБЕК, Е.ЖАНАТ