«Жасыл» энергия ғасыр синергиясы бола ала ма?

0 119

Желдің жылдамдығы мен күннің түсуі жағынан Қазақстанның климаты жаңартылған энергия көзін алуға өте қолайлы. Кей елдерде сол екеуінің бірі болса, бірі жоқ. Елімізде балама энергия көздерінің, атап айтқанда, жел энергиясының әлеуеті үлкен. Ендеше осы табиғат берген мүмкіндікті арзан әрі қоршаған ортаға зияны жоқ энергия алуға неге толығымен пайдаланбасқа?Жыл басында Мюнхенде немістің ауылшаруа­шылық саласындағы ірі компанияларымен кездесуде ел Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаев жа­ңар­тылған энергия көздерін алу жо­баларын бірлесе жүзеге асыру туралы сөз қозғағаны мәлім. «Біз Қазақстанда жел және күн станса­ларын көбірек салуымыз керек. Бірақ соған сай келетін инфрақұ­рылым жетіспеушілігі бар. Сондықтан біз сіздің BayWa AG компаниясымен тығыз әріптестік орна­туға мүдделіміз» деген еді ол ком­пания басшысы Клаус Лутцпен кездесуде.
Кей елдер жел энергетикасын ерекше белсенділікпен дамытуда. Атап айтқанда, Дания жел генераторларының көмегімен тұтынып отырған барлық электр қуатының 40 пайызын өндіреді, Португалия – 23 пайыз, Испания – 16 пайыз, Ирландия – 14 пайыз, Германия – 8 пайыз. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Отын энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы электрмен жабдықтау бөлімінің бастығы Сағындық Шормановтың айтуынша, дәстүрлі энергия көздері мен жаңартылған энергия қуатын пайдалану елімізде 50/50 қатынаста сақталуы тиіс. Бірақ бізде күн мен жел энергиясынан электр қуатын алу көлемі қазір 1 пайызға да жетпейді. Дегенмен бұл бағытта талпыныстар жоқ емес. Қазіргі таңда елордада мемлекеттік мекемелер мен жеке компаниялар жаңадан құрылыс бастаған кезде жаңартылған энергия көздерін белсенді қолдануды бастады.
– Бір айта кетерлігі, үлкен көлемдегі күн және жел электр стансаларын салу үшін ауқымды жер телімі қажет екен. Ондай телім Нұр-Сұлтан қаласында жоқ. Сондықтан БАӘ, АҚШ, Қытай, Шығыс Еуропа елдерінің әлемдік озық тәжірибесін зерттей келе, қалада сондай стансалардың кішігірім түрлерін орнату жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде жаңартылған энергия көзін беретін 23 шағын қондырғы орнатылды. Жобаға, негізінен, инвесторлар тартылған. Бүгінде аталған энергия қондырғылары арқылы қала бойынша сағатына 700 киловаттан астам энергия өндіріледі. Бұл электр энергиясы шығындарын жылына 20 миллион теңгеге дейін үнемдеуге мүмкіндік береді, – дейді бөлім бастығы.
Күн мен желден қуат алатын бұл қондырғылар Ұлы дала және Т.Рысқұлов көшелерін, бірнеше сая­бақ пен алаңдарды, сорғы стансаларын, автобус аялдамаларын тегін жарықтандырып тұр және эко-жатақ пен гаджеттерді зарядтау қондырғыларына пайдаланылады. Сонымен қатар елордада қалалық желіге электр энергиясын беруге қабілетті «жасыл» мешіт құрылысы жүргізілді. Орнатылған қондыр­ғылардың қуаты сағатына 300 кВт құрайды.
Тағы бір күн электр стансасы ЭКСПО аумағында орнатылған. Оның қуаттылығы сағатына 200 кВт құрайды. Одан бөлек, жаңартылған энергия көздерін қалалық коммуналдық кәсіпорындар да қолданады. Мәселен, «Астана су арнасы» МКК кейбір сорғы стансалардың қуат алу көзін күн энергиясына ауыстырған. Осы кәсіпорынның әкімшілік ғимаратында да күн қуа­тынан энергия бөлетін қондырғылар қойылған. Ал «Астана орманы» ЖШС Болотов қондырғысын жел энергиясын алу мақсатында қолданады. Сағындық Мыңжасарұлының айтуынша, әкімдікте қазіргі уақытта қуаттылығы 20 МВт жел-күн электр стансасын орнату мәселесі қарастырылып жатыр. Жалпы, жаңартылған энергия көздерін алу қондырғысын қолданыстағы нысандарға орнату қиын шаруа, ал құрылысы енді басталғанда оны жобаға енгізсе, аса бір күрделі жұмыс емес көрінеді.
Арнайы мәліметтерге сүйенсек, еліміздің жел энергетикасын дамыту әлеуеті мыңдаған МВт құрайды. Бұл – жылына 1 триллион кВт-сағ деген сөз. Аталған көлем – әлем бойынша үздік көрсеткіш. Қазақстанда өте қолайлы жел дәліздері: жел бір бағытта соғатын аймақтар – Ерейментау, Жүзімдік және қарама-қарсы бағыттарда алмасып отыратын аймақтар – Жоңғар қақпасы, Шелек, Қордай өңірлері. Жаңартылған энергия қуатын бөлетін құрылғылардың ең ірілері Ерейментау мен Арқалықта бар. Жел генераторы елорда маңындағы «Родина» кәсіпкерлігінде орналасқан. Мұны сүт өнімдерін өндіретін неміс кәсіпкері көшені жарықтандыруға энергия үнемдеу мақсатында өз қаржысына қондырған.
Осы тақырыпты ашу барысында біз әңгімеге тартқан жанның бірі – елордалық сәулетші Нұрым ­Тортаев. Ол – қаламызда бірнеше көшеде күн мен жел энергиясы арқылы қуат алып тұрған он шақты бағдаршам қондырғысының авторы. Бұл бағдаршамдар күн көзі көрінбесе желмен, жел болмаса күннен қуат алып, жарық өшіп қалса да жұмыс істеп тұра береді.
– Бұларды мен осыдан 6 жыл бұрын қалалық әкімдікке коммуналдық шаруашылық басқармасына барып ұсынғанмын. Бірақ әкімдік ол кезде қолдай қоймады. Алайда артынан мен ұсынған нұсқамен бірнеше жерге орнатты. Осындай қондырғының біреуіне шамамен ең аз дегенде 500 мың теңге шығын кетті. Қазір олардың біреуі әуежай жақта, қалғандары «Бәйтерек» жанында, Сарайшық, Республика көшелерінің бойында тұр. Тағы бір түрі дәстүрлі электр энергиясы болмаса да, күн мен жел арқылы аккумуляторға қуат жинап, жолаушылар өткелдеріне сол арқылы түнде жарық түсіріп тұрады, – дейді сәулетші.
Жаңартылған электр энергияларының артықшылығы өте көп. Ең бастысы – отын, электр қуатының шығындары қысқаратындығында. Сонымен қатар шикізатты сатып алу, тасымалдау, қалдықтарды шығарудың қажеті жоқ. Электр қуатын таратушы компаниялардан дербес боласың. Айналаны ластаушы қалдықтар болмайды, табиғи ресурстар үнемделеді, атмосфералық жылулық балансқа әсер етпейді, табиғаттың оттек қорын сақтайды және желдің кинетикалық энергиясын электр қуатына тегін айналдырады. Ал оны орнатудағы басты кедергі – қымбат тұратындығы, бастапқы орнату шығынының ақталуы ұзаққа созылып кететіндігі. Сондай-ақ жел қондырғыларының ірілері үшін үлкен аумақ қажет.
Мамандардың айтуынша, жаңартылған энергия көздерін ауыл шаруашылығын дамытуға және тағы басқа мақсатта пайдалануды көздейтін заңды тұлғаларға мемлекеттен субсидия бөлінеді. Ал жеке тұлғалар өз қаржысына орнатады. Бірақ жоғарыда айтып өткендей, мұндай қондырғыларды орнатуда бастапқы шығындарға көп қаржы қажет. Бір жаңартылған қондыр­ғыға кеткен шығын ең аз дегенде 5 жылда өтеледі десек, оны тегін пайдалану содан әрі ғана мүмкін болмақ. Сол үшін де қондырғылардың жарамдылық мерзімі ұзағырақ болуы керек. Әйтпесе, шығынын енді өтеп болғанда жарамдылық мерзімі де бітіп қалса, одан еш пайда жоқ.
Мұндай қондырғылар жұмысын бастау үшін желдің жылдамдығы секундына 3-4 метр болуы керек, ал толық жұмыс істеп, қуат бөлуге желдің секундына 10 метр жылдамдығы қажет. Ал бізде әдетте желдің жылдамдығы бұдан да көп болады.
– Инфрақұрылым жоқ деп халыққа жер беру ұзаққа созылып кетеді. Менің ойымша, осы жаңартылған қуат көздері арқылы дымы жоқ құр жер телімінде тіршілік бастауға болады. Мәселен, күн сәулесінен су қыздыратын, желден ток алатын коллекторлар, шатырын арнайы құралдармен қаптау арқылы жылытылатын автономды жер үйлер бар. Мен осы ойымды да ұсыныс етіп үш жыл бұрын айттым. Қарастырамыз деді. Бір әріптесім «Ильинкада» жеке өзіне сондай бір үй салды, өз қаржысына күн мен желден қуат алатын қондырғы қойды. Қазір үйді жылытуға да, жарықтандыруға да сол табиғи қуат­ты пайдаланып отыр. Бұл ұсыныс қолдау тапса, көптеген әлеуметтік мәселелер шешімін табар еді, – дейді Н.Тортаев.
Тақырыбымызға сәйкес айта кетер бір жайт, БҰҰ-ның Қазақстандағы даму қорының энергиялық тиімділік бойынша арнайы әлеуметтік бағдарламасына сай қаламызда А.Жұбанов пен А.Пушкин көшелерінің қиылысындағы 1969 жылдары салынған панельдік ескі үйлер қайта жөнделіп жатыр. Қор өкілдері сол үйлердің шатырына күннен энергия алатын арнайы құрылғылар қою арқылы ішкі жылуын ұстап тұру және үйдің ауласы мен кіреберісіне тегін энергия беру мақсатында кеңес алу үшін Нұрым Тортаевтың көмегіне жүгініпті. Сөйтіп олар жарамдылығы өткен үйлерді тұтыну мерзімін тағы 25 жылға созады. Оның шығынының 50 пайызын әкімдік өтейді, қалғаны қордан бөлінеді.
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті электр жабдықтарын пайдалану кафедрасының меңгерушісі Ермек Сәрсекеевтің айтуынша, артық өндірілген энергияны сатуға мүмкіндік бергенмен, таза энергия бағасы қазір қымбат, қарапайым тарифтен екі есе көп. Сондықтан ол әп дегеннен бәсекеге қабілетті бола қоймауы мүмкін. Дегенмен де осындай жобаларға көп қатысып жүрген олар бұл бағытта ілгері жылжушылық бар екенін айтады.
Жаңартылған энергия көздерін алу Кеңес өкіметі кезінде 1920 жылдары басталған. Қазіргі таңда техникалық оқу орындарында осы бағытта білім беретін кафедралар студенттерді «жаңғырмалы энергетика және оны жинақтау», «жел-күн энергетикасы» бойынша оқытады. Сондай-ақ ҚазАТУ секілді еліміздегі кейбір техникалық оқу орындары ғимарат аумағын күн, жел энергия­сы арқылы тегін жарықтандыру арқылы теорияны тәжірибемен ұштастырып отыр.
Байқағаныңыздай, Қазақстанның климаттық жағдайы жел, күн энергиясын толығымен пайдалануға әлеуетті болғанмен, атап өткен кедергілерге байланысты ол дәстүрлі энерготасымалдаушылармен бәсекеге түсетіндей мықты емес. Дегенмен де әлемдік үдерістердің бір бөлшегі саналатындықтан, әрі экологиялық жарқын болашақты ойлар болсақ, оларды электр қуатының тегін көзі ретіндегі қолдану үлесін арттыруға кешенді жұмыс­тарды жандандыра түсу қажет. Сонымен, «жасыл» энергия ғасыр синергиясына айнала ала ма? Оны уақыт еншісіне қалдырдық.

Райхан РАХМЕТОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

10 + 7 =