«Жасыл ел» жұмыспен қамтиды

0 53

Биыл елордада «Жасыл ел» жобасының аясында 1200 жасты жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Тиісті жұмыстар екі айдай бұрын басталды. Қазірге дейін мыңға жуық жас жұмысқа орналастырылды. Жобаға 14-29 жас аралығындағы кез келген санаттағы жастардың қатысуға мүмкіндігі бар.– Қазіргі уақытта негізінен көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан жастар кеңінен еңбекпен қамтылып жатыр. Олар үш санат бойынша жұмыс істейді. Оның біріншісі – көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан 14-17 жасар жастар. Екінші санатқа 17-22 жас аралығындағы студенттер жатады. Үшінші санатқа ересек топ, яғни жұмыссыз жастар кіреді. Олардың жасы – 18-29 аралығында, – дейді Нұр-Сұлтан қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы Бақытжан Жүнісбеков.
Оның айтуынша, алғашқы санаттағылар кәмелетке толмаған жастар болғандықтан, Еңбек кодексіне сәйкес олар күніне 4 сағаттан артық емес, аптасына 5 күн жұмыс істейді. Бұл жастар қаладағы саябақтарды, өздері оқитын білім ошақтарын, оған жақын маңды көгалдандыру ісін атқарып жатыр. Ал студенттер қаланың саябақтарын «Астана көгалдандыру құрылысы» компаниясымен бірлесіп көркейтуге тартылды. Сондай-ақ құрылыс нысандарында еңбек етеді. Кәмелетке толмағандардың жұмыс уақыты 4 сағаттан аспайды, ал 18 жастан асқандар 6-8 сағат еңбек етеді.
– Карантинге байланысты санитарлық қауіпсіздік талаптарын сақтау мақсатында бір жерге шоғырланып жұмыс істеуге жол берілмейді. Ашық аспан астындағы жұмыстың арақашықтығы 2 метрден кем бол­мауы керек. Жобаға қатысушы жастар бетперде, қолғап киіп жұмыс істейді. Сол сияқты ауа райы да ескеріледі. Егер қолайсыз болса, алгоритмге сай жұмыс уақыты қысқартылып, кейінге шегеріледі, – дейді бөлім басшысы.
Кәмелетке толмағандар бір ай көлемінде жұмыс істесе, ересектер үш айға дейін еңбек етеді. Әрбір жас азаматпен келісімшарт жасалып, онда көрсетілген қауіпсіздік талаптары міндетті түрде сақталады. Жастар өздері жұмыс істейтін орыннан жалақы алса, «Жасыл ел» жобасы қосымша 35 мың теңге көлемінде сыйақы тағайындады. Бұған қоса, отандық компания шығарған арнайы киім беріледі.
Өткен маусым айында «Астана орманы» ЖШС-ке 94 жас жұмысқа орналастырылса, осы шілдеде 126 жас азамат осы мекемеде жұмыспен қамтылды. Жастар қала маңындағы жасыл белдеуде және шаһар аумағында еңбек етіп, ағаштар мен көшеттерді қопсыту және суару, оларға күтім жасау жұмыстарына өз үлес­терін қосып келеді. Осында еңбек етіп жүрген жастар 90 мың теңге жалақыға қоса, «Жасыл ел» жобасына арнайы бөлінген 35394 теңге сыйақыға ие болып, жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Маусым айының қорытындысында қалада «Жасыл ел» жобасы бойынша жалпы алғанда 961 жас жұмысқа орналастырылды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

10 − six =