©2020 Астана Ақшамы
ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКАНЫҢ ЖАРҚЫН БОЛАШАҒЫ
«Елдің дамуының «жасыл» жолына көшуіне Астанадағы алда тұрған «ЭКСПО-2017» қуатты серпіліс беруі тиіс. Астанада ғылым мен техниканың үздік әлемдік жетістіктері ұсынылатын болады. Көптеген қазақстандықтар біз қол созып отырған «болашақтың энергиясын» өз көзімен көре алады» деді Елбасымыз «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында.
Елді индустриялық-инновациялық дамытудың және Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу жоспарының аясында жаңаша сипат алған «Жасыл экономиканы» игерудегі алғашқы қадамдар жасалды. Елбасы Қазақстан Республикасының Үкіметіне «жасыл» экономикаға көшу стратегиясын дайындауды тапсырды. Премьер-министрдің өкімімен стратегияны әзірлеу үшін жұмыс тобы құрылды. Оның құрамында барлық мемлекеттік және жергілікті органдардың, ұлттық холдингтердің, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың өкілдері бар.
Стратегияның негізгі әзірлеушісі болып «Назарбаев университеті» ұсынылды. Сондай-ақ, бас кеңесші ретінде халықаралық McKinsey компаниясы таңдалды. Бұл компания осыған ұқсас зерттеулерді басқа елдерде де жүргізген. Стратегияны дайындау жұмыстары 3 кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде, Қазақстан экономикасы жан-жақты зерттеледі және «жасыл» экономикаға не үшін көшу керек деген сұраққа жауап беріліп оның қорытындылары өткен жылдың желтоқсанында жұмыс тобына ұсынылды.
Қазір мамандар Стратегияны даярлауға көшті және жол картасын дайындап жатыр. Екінші кезеңнің жұмыстары сәуір айында аяқталады деп күтілуде.
Осы ретте, «жасыл экономика» ұғымына түсінік бере кетелік. «Жасыл экономика – Қазақстан қабылдаған халықаралық міндеттемелерге сәйкес және болашақ ұрпақтың мүддесі үшін табиғи шикізат қорларын тиімді және рационалды қолдану арқылы тұрғындардың әл-ауқатының артуына жеткізетін табысты экономика. Электр және жылу энергиясының генерациясы, газ өндіру, су ресурстарын пайдалану, ауыл шаруашылығын тұрақты дамыту, өнеркәсіп қалдықтарын басқару мен тұтыну, көлік және жол инфрақұрылымы жасыл экономиканың негізгі секторлары болып саналады.
Қазақстан күн және жел энергетикасын дамытуға қолайлы елдердің бірі болып табылады. Жел энергетикасының тиімділі еуропалық одақ елдерімен салыстырғанда екі есе тиімді. Күн энергетикасы жөнінен әлемнің ең үздік аймақтарымен теңдесе алады. Жасыл экономикаға көшу тиімділігінің бірнеше факторы бар. Халықаралық сараптама бойынша, жасыл жобаларға салынған инвестицияның 2/3-і өзін-өзі ақтаса, 1/3-і бес жыл көлемінде шығынсыз деңгейге қол жеткізеді. Энергия тиімділігінің артуына қарай инвестицияның тиімділігі 50 пайызды құрайды, оның өзін-өзі ақтау мерзімі екі жылға созылады. «Жасыл» экономикаға салынған инвестиция активтердің жылдам өсіп келе жатқан санатына кіреді. Мысалы, жаңғыртпалы энергия көздеріне салынған халықаралық инвестициялар көлемі жағынан қазба байлықтары инвестицияларының көлеміне жақындайды.
Табиғи кеніш көздері сарқылып, қоршаған ортаның ластануынан адам денсаулығының нашарлауы күрт өсті. Бүкіл әлемдік қауымдастық осыған алаңдаулы. Жасыл экономика бұл күрделі сұрақтардың басты шешімі болып табылады. Оны дамыту арқылы зиянды қалдықтардың ауаға таралуын қысқарту, табиғи қорларды үнемдеп тұтыну, энергия тиімділігін арттыруға қол жеткіземіз. Жаңа экономиканың стратегиясы табиғи технологиялардың дамуына инвестицияларды тартып, ел экономикасын жаңа белеске жеткізеді. Экологияға бағытталған жасыл экономиканың жарқын болашағы бар.
Айнұр СОСПАНОВА,
Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Жасыл технологиялар мен инвестицияны тарту департаментінің директоры