«ЖАСЫЛ» ЭКОНОМИКА – ТАЗА ЭКОЛОГИЯ

0 319

ERA_9254

VІІ Астана экономикалық форумы аясында «жасыл экономиканы» дамыту, қоршаған ортаны қорғау, «жасыл» бизнес саласына инвесторларды тарту жөнінде алқалы жиын өтті.

Өндіріс саласын дамытпайынша, экономиканың да өрге баспайтыны белгілі. Ал өндірістердің көбеюі қоршаған ортаға өзіндік зиянын тигізіп жатыр. Сондықтан, экологияны да сақтап, экономиканы да алға жылжытудың ең тиімді жолы – «жасыл экономиканы» дамыту.

Жиынға қатысушыларды алдымен ҚР қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров құттықтап, еліміздің жасыл экономикаға көшу негіздеріне тоқталды. Былтыр Елбасының Жарлығымен «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдама бекітілген. Бұған «Қазақстан – 2050» стратегиясындағы міндеттер негіз болған көрінеді. Бұл құжаттың басты міндеті – су, жер ресурстарын пайдалану және оларды басқару тиімділігін арттыру, қолда бар инфрақұрылымды жаңғыртып, жаңаларын салу, қоршаған ортаға қысымды жұмсартудың рентабельдік жолы арқылы халықтың әл-ауқаты мен қоршаған ортаның сапасын арттыру, ұлттық қауіпсіздікті, соның ішінде су қауіпсіздігін сақтау. Қазір бүкіл әлем осы салаға айрықша мән бере бастады. Қазақстан да жасыл экономиканы дамытуға айрықша мүдделілік танытып отыр.

Бизнес-форумда сөз алған Нобель сыйлығының лауреаты, ресейлік ғалым Святослав Тимашев «жасыл экономикамен» ұлттық деңгейде алғаш рет айналыса бастаған Қазақстан екендігін айта келе, бұл мәселеге салмақты қарайтын кез жеткенін атап өтті. Оның айтуынша, қазір климат өзгеріп, әлемге жылымық кезеңі келе жатыр. Енді 10-15 жылдан соң климаттың өзгеруінен жыл сайын әлемдік жалпы ішкі өнім мөлшері 5 пайызға дейін кемуі мүмкін. Ал, жасыл технологияны дамыту –бұл жағдайдың алдын алады.

Бизнес-форумда ғалым-зерттеушілер жасыл бизнесті дамыту табиғи капиталды тұтынуды азайтып, оның пайдалану тиімділігін арттыратынына назар аударды.

«Smart Green» бизнес форумы алаңында «жасыл көпір» әріптестік бағдарламасын ілгерілету тетіктері, климат өзгеруінің зардаптарын жеңілдетудің нарықтық құралдары, таза суға қол жеткізу жолындағы бизнес-шешімдер мәселесі де талқыланды. Сондай-ақ, «жасыл» реформаларды өткізу мен «жасыл» бизнесті ынталандыру қажеттігі айтылды.

Бұл панельдік сессияға 160-тан аса адам қатысты. Жиынның соңында қатысушылар жасыл экономиканың сан-салалы бағыты бойынша арнаулы ұсынымдар қабылдады. Бұлар Дүниежүзілік дағдарысқа қарсы жоспарға енгізіледі.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

six + seventeen =