«Жасыл белдеу» жайқалады

0 102

Нұр-Сұлтан қаласының «өкпесі» әрі «қалқаны» саналатын «жасыл белдеудің» аумағында 9,6 миллионнан астам ағаш пен 1,8 миллионға жуық бұта өседі.

Биыл бұл аумаққа 900 мың түп көшет отырғызылмақ. Осылайша елордасының экологиялық, климаттық жағдайын түзету бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынады. Бұл жайында қала әкімі Алтай Көлгінов «Instagram»-дағы парақшасында жазды. Аталған жазбада шаһар басшысы белдеуде флора мен фаунаны дамыту, биологиялық алуантүрлілікті сақтау мәселелерін шешу қолға алынғанын жеткізді.
– Сонымен қатар фаунаны дамытумен де айналысамыз. Құстардың, соның ішінде қырғауыл санын көбейту үшін фазанарийді кеңейту және қайта құру жұмыстары жүргізілді. Бұл бізге қырғауыл санын жылына 2 мыңға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Қырғауылдарды көптеп өсіру зиянкес жәндіктермен күресте де кәдеге жарайды. «Жасыл белдеу» аумағында қоян, түлкі, қарсақ, кекілік сынды аң-құстар да тіршілік етеді.
Сондай-ақ белдеу аумағында ат жолы салынып жатыр. Уақытты белсенді өткізу үшін скейтборд, теннис, футбол және балалардың ойын алаңдарының құрылысы қолға алынады. Жаяу серуендеуге, велосипед айдауға және кросс-кантри сабақтарын өткізуге арналған жолдар төселеді.
«Жасыл белдеу» маңында қолданыстағы ипподром базасында ерекше қажеттілігі бар балаларды оңалтуға арналған ат-спорт кешенінің құрылысын жүргізіп жатырмыз. Ипподром базасын иппотерапия, ұлттық және классикалық спорт түрлерін өткізу және дайындау бағыттары бойынша дамытамыз. Туристік маршруттар желісін дамыта отырып, белдеуде атпен серуендеу жолға қойылады.
Осылайша «жасыл белдеу» қала тұрғындары мен қонақтарының бос уақыттарын табиғат аясында, таза ауада қолайлы өткізуге мүмкіндік беретін орынға айналмақ, – делінген жазбада.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen − 12 =