Жасы ұлғайғандар да ұмытылмайды

0 136

Бірер күн бұрын елордамыздағы Жастар сарайы ғимаратында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтіп, оған 100-ге жуық жұмыс беруші қатысты.


Өткен жылы Жұмыспен қамту орталығы бас-аяғы 11 жәрмеңке ұйымдастырыпты. Ал биылға бұл осымен жетінші іс-шара болып отыр. Жыл соңына дейін әлі бірнеше рет ұйымдастыру жоспарда тұр. Бастапқыда кәсіпорын иелері шамамен 1000-нан аса жұмыс орнын ұсынады деген болжам жасалған, алайда бұл көрсеткіш артынша 2000-нан асып кеткені анықталды.
Осы көрме арқылы 2018 жылдың алты айында 3000 адам жұмысқа орналасты. Ал оның 350-і – мүмкіндігі шектеулі жандар. Өткен жылы аталған орталыққа, жалпы алғанда, 15000 адам жұмыс іздеп жүргені туралы өтініш қалдырыпты. Жүйелі жұмыстың арқасында 5500 тұрғынның тұрақты жұмыс табуына жәрдем етілген екен. Сонымен қатар, 1000 адам уақытша қоғамдық жұмысқа орналасқаны да мәлім болды.
Бұл жәрмеңкеден ыңғайлы жұмыс табу қиын емес. Қарапайым касса қызметкерінен түрлі лауазымдарға дейін ұсынылған. Айтпақшы, мұндағы жұмыс берушілердің көбісі жоғары, тіпті орта білімді болуды талап етпейді екен. Еңбек өтіліңіз көп болса, кәсіпорын иелері 300 мың теңге төлеуге дайын. Тек жұмысыңызды сүйіп істесеңіз болғаны. Ал ең төменгі жалақы 40-50 мың теңгеден басталады.
Бір мұңаятын жайт, зейнет жасына жақындап қалған кісілердің жұмысқа орналасуы қиындау көрінеді. Бұл жәрмеңкеге қатысқан жұмыс берушілердің дені жастарды ғана шақырады. Ал тәжірибесі мол, көргені мен білгені көп аға буын өкілдері не болмақ?
– Бізде зейнет жасына тақаған 200-ге тарта кісі тіркеуде тұр. Бұл бізге қиындық тудырып отыр­ған мәселелердің бірі болып тұр. Көбісі жастар мен орта буын өкілдерін жөн көреді. Дей тұрғанмен біз оны да шешудің жолдарын қарастырдық. Яғни жұмыс берушілермен жалақының 35 пайызын мемлекет тарапы, ал қалған 65 пайызын кәсіпорын өзі төлейтін етіп келісім жасадық, – деді Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Олжас Омар.

Аян ӘБДУӘЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × one =