Жастармен жайқалған елорда

0 21

Жазғы елдорданың көркі көз үйіреді. Бүгінде қала тұрғындарының көп шоғырланатын орындары гүлзарлар мен саябақтар болып отыр. Ал сол шаһарға көрік беретін әрі көпшілік демалатын орындарды күтіп-баптауға қала жастары да айтарлықтай үлес қосып келеді. Мәселен, биылғы еңбек маусымында Нұр-Сұлтан қаласының «Жасыл ел» жасақтарындағы елордалық жастар мыңдаған гүлзарлар мен қала көшелеріндегі ағаш пен көшеттерді күтіп-баптауға көмек көрсетуде. Биыл «Жасыл ел» жасағы құрамында 1200 адам жұмыс істеп жүр.

Еңбек жасағындағы жастар шамамен 30 гектар жердің көгалдандыру жұмысына атсалысып жүр. Олар қаладағы көшеттерге күтім жасап қана қоймай, қайың, қарағай, көктерек және терек көшеттерін суарып, қопсытады.
Бағдарламаға үш жас санатындағы жастар қатысады. Бірінші топқа көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың 14 жастан 17 жасқа дейінгі балалары, ал екінші топқа 17-22 жас аралығындағы колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері кіреді. Үшінші санатқа 18-29 жас аралығындағы жұмыссыз жастар жатады.

Кәмелеттік жасқа толмаған балалар мектеп саябақтары мен скверлерді тазалау бойынша жұмыстарды істейді. Олардың жұмыс күні төрт сағаттан аспайды. Олардан үлкендер колледждер мен университеттердің саябақтарын көгалдандырумен айналысады. Үшінші санаттағы қатысушылар құрылыс алаңдарында, сондай-ақ «Астана орманы» кәсіпорнында толық жұмыс күні аяқталғанша еңбектенеді.«Жасыл ел» бағдарламасының төрағасы Марат Мұхамеджанұлының айтуынша, 64 мың теңге жалақыдан бөлек, жастар жұмыс берушіден тағы қосымша ақша алады. Олардың орташа табысы айына 200 мың теңгені құрайды.
Еңбек жасақтарының жұмыс процесі өткен жылдағыдай санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып жүзеге асырылады. Жастар далада, таза ауада кемінде екі метр қашықтықты сақтай отырып жұмыс істейді. Маска мен қолғап кию талаптары да сақталады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 + 11 =