Жастарға жәрдемдеседі

0 95

«Elorda Jastary» бағдарламасы аясында Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауы­мен NEET санатындағы жастарды әлеуметтендіруге бағытталған «Transformation» жобасы жүзеге асып жатыр. NEET санатындағы жастар – жұмыс істемейтін, белгілі бір оқу орнында оқымайтын жастар.– Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен жастарды қолдау орталығы ашылды. Мұнда біз NEET санатындағы жастармен жұмыс істейміз. Олардың жасы – 18-29 жас аралығында. Бұл санатқа оқу ақысын төлеуде қиындық туындаған жастар, фрилансер секілді жастар жатады. Орталықта семинар-тренингтер, қысқа мерзімді курстар мен түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Құқықтық және психологиялық кеңес беріліп, жастар жұмысқа орналастырылды, – дейді Жастарды қолдау орталығының әлеуметтік қызметкері Әсем Оралханова.
2021 жылдың бірінші тоқсанында NEET жастарының республикадағы үлесі 6,8%-ды құрады. Елордада 2021 жылдың бірінші тоқсанында NEET жастарының үлесі – 7%. Бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңінен жоғары (2020 жылдың бірінші тоқсаны – 6,9%).
«Орталығымызда қазақ, ағылшын, араб тілдерін, сол сияқты жол қозғалысы ережелерін, гитарада ойнауды үйрететін тегін үйірмелер бар» дейді Жастарды қолдау орталығының заңгері Ерік Қожахметов. Мұнда қылмыстық-атқару жүйесі департаменті арнайы көмекті қажет ететін жастарды жібереді.
«Жастарды қолдау орталығымен бірлесіп, үлкен жұмыстар атқардық. Олардың көмегімен колледжге оқуға түсіп, жұмысқа орналастым. Рухани тұрғыдан күш-жігер алдым. Қазір өзіме жаңа орта таптым» дейді жоба қатысушысы Дарина Ескендірова.
Жыл басынан бері орталыққа NEET санатындағы және пробация қызметінің есебінде тұрған 18-29 жас аралығындағы 132 адам қабылданды.
Орталық Абай көшесі, 92/3 мекенжайында орналасқан.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 − sixteen =