ЖАСТАРҒА ҮЛГІ ЖЕЛАЯҚТАР

0 135

SUL_6875

Қала әкімі Әділбек Жақсыбеков биылғы халыққа есеп беру кездесуінде «Астанада өмір сүретін әрбір тұрғын «астаналық» мәртебесіне сай болуы керек» деген еді. Елордалықтардың осы үдеден шығып жүргенін саламатты өмір салтын берік ұстануынан байқауға болады. Оған жиі ұйымдастырылған бұқаралық спорт шараларына қатысушылардың қарасы қалың болғаны дәлел. Тұрғындарының басым бөлігін жастар құрайтын шаһарда жасы егде тартқан желаяқтар да баршылық.

Биыл қаламызда өткен думанды жарыстардың бірін Қазақ-Британ қоғамы мен «Эйр Астана» әуе компаниясы бірлесіп ұйымдастырған еді. Сол қайырымдылық марафонында ең қарт желаяқ атанған ақсақал Салтанат Түйтебаев 70 жастан асқандар санатында 42 шақырымды жүгіріп өтіп, қашықтықты 3 сағат 47 минут 42 секундта бағындырған.
Осы жарыстан соң Астанада күн суытып, қар түскеніне қарамастан, күніне 22 шақырым жүгіріп жат­тыққан шымыр қария 8 желтоқсан күні Сингапурда өткен халықаралық марафоннан жеңімпаз болып оралды.
– 1982 жылдан бастап өткізіліп келе жатқан Сингапурдағы марафон – әлемдегі ең ауқымды бұқаралық шара. Толық марафонның қашықтығы 42 км 195 м болса, жартылай марафондікі – 10 км. Шетелден барған қатысушыларға жергілікті ауа райына бейімделу біраз қиынға соқты. Өйткені, +28ºС ауа температурасында жүгіру оңай емес. Сондықтан болар, марафонға қатысқан 53 мың адамның 15 мыңы ғана межені толық еңсере алды. Жарыс таңертең ерте сағат 5-те басталып кетті. Күннің ыстығында жүгіру қаншалықты ауыр болса да, сонау жерден жол жүріп жеткеннен кейін бар қажыр-қайратымды жинап, өзіммен жас шамаластар қатарында мәреге бірінші болып жеттім. Осы марафонға қатысуыма себепкер болған «Эйр Астана» әуе компаниясына ризашылығымды білдіремін, – дейді 71 жастағы Салтанат Түйтебаев.
Салтанат ата жүгіруге ден қойғанына 25 жыл болғанын айтады. Бұрын сергектік үшін жүгіретін оның марафондарға қатысуға алғаш інісі үгіттепті. Содан бері жарыстарда жақсы нәтижемен көзге түсіп, жұрттың қошеметіне бөленіп жүр.

IMG-20151215-WA0003

Елордаға осыдан 16 жыл бұрын қоныс аударған ақсақалдың арманы Нью-Йорк қаласында жыл сайын өтетін ең әйгілі марафонға қатысу екен. Аталмыш бәйге келесі жылы 120 рет ұйымдастырылады. Биылғысына әр елден 52 мың адам қатысып, 70 жастан кейінгілер санатында 152 адам бақ сынапты. Бойынан күш-қуаты кемімеген қария интернеттен марафонға қатысты барлық мәліметті жіті қадағалап отыратынын жеткізді.
Осындай шыныққан астаналықтар­дың бірі – Елеусіз Пардабай. Ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызметте болған зейнеткер жүгірумен қатар жүзумен де тұрақты айналысады. Кейіпкеріміз 2007 жылы 400 шақырымды 4 күнде бағындырдым дейді. Айтуынша, күніне 55 километр­ден еңсеріп, Астанадан Қарағандыға жүгіріп барып қайтқан. Төгілген тер елеусіз қалмай, кәсіпкерлер астына темір тұлпар мінгізіпті.
– 2000 жылдан бастап жүгіруді әдетке айналдырдым. Сондай-ақ, жүзумен де әуестендім. Қазір есептеп қарасам, ай сайын 240 км жүгіреді екенмін. Ал, жүзу – екінші орындағы межем. Құдайға шүкір, әлі қартая қойған жоқпын. Күніне 2 км жүзу – мен үшін қалыпты іс. Өзім жасы 90-нан асып, 2 км жүзіп жұртты таң қалдырған Хуан Антонио Самаранчты пір тұтамын, – дейді Елеусіз Көкенұлы.
Астана астана болғалы осы қалада тұрып жатқан бұл ардагерлер тұрғындарға игі істерімен үлгі. «Атадан мал қалғанша тал қалсын» дегендей, бұл кісілер қоғамдық жұмыстарға да белсенді қатысады. Сенбіліктерде көпшіліктен қалмай, ағаш отырғызып, жастарға ақыл-кеңесін айта жүреді.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 4 =