Жастарға не жетпейді?

0 21

Өткенде Оралхан Бөкейдің шығармасынан «Бұрынғылар айтушы еді: «Шын ғашық бұл дүниеде қосылмайды» деп, мүмкін сол рас шығар. Баяғы зар заманда қосыла алмағаны түсінікті, ал қазір ше, қазіргі жастарға не жетпейді?» деген үзінді оқыдым. Оқыдым да, ұзақ ойға қалдым. Шынымен де, Қыз Жібек пен Төлеген, Қозы Көрпеш пен Баян сұлу, Еңлік-Кебек, Қалқаман-Мамыр, Ләйлі-Мәжнүн өз махаббаттары жолында жандарын құрбан етті. Бәрінен бұрын олардың осы бір пәк, нәзік сезімге деген адалдығы мен жанкештілігі өткенге мұра болып қалды. Ал қазір кейбір жастар үшін махаббаттың ешқандай құны қалмағандай. Үйлену де, үй болу да, ажыраса салу да оңай. Неге? Не себепті?XXI ғасыр дейміз… Сонда XXI ғасырдың өткен ғасырдан не айыр­машылығы бар? Әлде мәселе сол бос дүниеге, ақшаға келіп тіреле ме? «Оның көлігі жоқ, ақшасы жоқ, ондай жігітті қайтейін?» дейтін қыздарымыз жоқ емес. Иә, осындайды жиі еститін болдық. Бұрынғы кезде қазақ қыздарын мәжбүрлеп бай әулетке тұрмысқа беруші еді. Ал қазір қыздар бай адамды, бай әулетті өздері іздейді. «Сүйемін, күйемін» деп үйленіп алып, көп уақыт өтпей ажырасып жатқандар да көп. Халқымыздың санасын улаған «азаматтық неке» деген де бар. Батыстың қаңсығын өзімізге таңсық етеміз деп жүріп ұлттық дәстүріміз бен болмысымыздан ажырап қалдық. Еркек пен еркектің қосылуына, әйел мен әйелдің заңды неке құруына жасыл шам жағып отырған жабайы батыс үшін азаматтық неке қалыпты жағдай шығар. Бірақ жеті атадан қыз алыспаған, қызды қонақ деп төрге шығарған біздің халқымыз үшін бұл жат ұғым. Бүгінгі таңда ақ некенің қадір-қасиетін түсіргендер ажырасушылардың санын көбейтуде. Айталық, Нұр-Сұлтанда әрбір үшінші отбасы ажырасады екен. Қазақстанның солтүстік өңірлерінде әрбір екінші отбасының шаңырағы шайқалады. 82 пайызының ортақ балалары бар. Өткен жылы Қазақстанда 40 мыңнан астам ажырасу фактісі тіркелді.
Алайда бұл статистикалық деректер тек заңды некеге тұрып, ажырасқандарға ғана қатысты. Ал мұсылманша некесін қидырып, ешқандай заңға жүгінбеген ерлі-зайыптылардың қанша екендігі жөнінде ресми дерек жоқ.
Шаңырақ берік болмаса, көп ұзамай шайқалатыны анық. Соның салдарынан ажырасу жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетуде. Бала жетім, әйел жесір қалуда. Мұның несі махаббат? Несі сүйіспеншілік? Некеге салғырт, ажырасуға бейжай қарауымызға не түрткі? Ошақтағы түтінді сөндіріп алмаудың қамын жасайтын қазағымның қанына сіңген асыл қасиеті барған сайын неге сұйылып барады? Әлде жұрттың бәрі жаһандану жалынынан қорғана алмай жатыр ма? Махаббат мейлі XXI ғасыр немесе XXII ғасыр болсын «махаббат» күйінде қалу керек. Адал ниетпен, пәк махаббатпен көтерген отбасының болашағы жарқын.

Сая МҰРАТҚЫЗЫ,
Л.Гумилев атындағы Еуразия
ұлттық университетінің студенті

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 + five =