Жастарға мүмкіндік береді

0 70

Биыл елімізде 2021-2023 жылдарға «Elorda Jastary» жастарды қолдау бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама аясында NEET санатындағы жастарды әлеуметтендіруге бағытталған «Transformation» жобасы жүзеге асуда. Сонымен қатар елордада еш жерде оқымайтын және жұмыс істемейтін жастарға қолдау көрсететін «Жастарды қолдау» орталығы жұмыс істейді. Жыл басынан орталыққа NEET және пробация қызметінің есебінде тұрған 18-29 жас аралығындағы 132 адам қабылданған.Елордада NEET санатындағы жастарды (оқымайтын, жұмыс істемейтін жастар) қолдауға бағытталған орталықта семинар-тренингтер, қысқа мерзімді курстар мен түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. NEET санатындағыларға жұмыссыздар мен жұмыс күшінен тыс адамдар, білім алмайтын, білім беру жүйесі мен жұмыспен қамту сферасынан тыс жастар жатады. Оларға орталықта құқықтық және психологиялық кеңес беріліп, жұмысқа орналасу жағынан қолдау көрсетіледі.
Жыл басынан орталыққа NEET санатындағы және пробация қызметінің есебінде тұрған 18-29 жас аралығындағы 132 адам қабылданған. Олар алдымен психологтың қабылдауында болады, содан кейін пробация қызметіне қылмысты қайталау қаупі туралы қорытынды жіберіледі.
2021 жылдың бірінші тоқсанында NEET жастарының республикадағы үлесі 6,8 пайызды құраса, елорда бойынша 7 пайыз болған, яғни өткен жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 6,9 пайызға көп.
«Кәмелетке толмаған балаларға психологиялық, заңгерлік көмектің берілуін, келген балалардың қалаған курстарына қатысуын қадағалаймын. Орталыққа көбіне үйден қашқан, көшеде өз бетімен жүрген балалар келеді. Оларды бізге ювенальды полиция қызметкерлері, кейбірін ата-аналары ертіп әкеледі. Есепте тұрған балалар, яғни ішімдік, нашақорлыққа салынған балаларға психологиялық, заңгерлік, әлеуметтік көмек берумен айналысамыз. Жұмыс тауып береміз, білім алуға қызығушылығын оятамыз. Балаңыздың нашақорлыққа салынып жүргенін байқасаңыз, бізден көмек сұрауыңызға әбден болады. Ондай балалармен психолог жұмыс істейді, қажет болса психотерапевтке, наркологқа жүгіне алады. Ол үшін тиісті мекемеге жолдама береміз. Бізден көмек алу үшін алдына ала кезекке тұрудың қажеті жоқ. Кез келген қиындыққа тап болған қала тұрғынын қабылдаймын» деді әлеуметтік қызметкер Айым Бақыт.
Сонымен қатар орталық заңгері Меруерт Қожадар көмек сұрап келген қала тұрғындарына баспанаға кезекке тұру, электрондық цифрлық қолтаңба алу, әлеуметтік көмек алуға құжат тапсыру сияқты бағыттарда да көмек береміз дейді. Олар үйінде отырып-ақ заңгердің көмегіне жүгіне алады.
«Бізге көбіне көпбалалы аналар, кәмелет жасқа толмаған азаматтар келеді. Біз оларға алып береміз. Баспанаға кезекке қойып береміз. Себебі қарапайым флешкасы болмайды. Енді бірінде телефоны жоқ. Сондықтан Халыққа қызмет көрсету орталығына жанына еріп барып, кеңес береміз. Өйткені жалғызбас­ты аналар, АӘК алмайтын, жұмыс істемейтін азаматшалар жүгінеді. Жақында орталыққа 4 баласы бар ана мен 6 балалы ана келді. Оларға электрондық цифрлық қолтаңба ашып бердім, себебі Электрондық Үкімет порталына кіруді біле бермейді. Ал Халыққа қызмет көрсету орталығында кезек көп. Бірінде 9 сыныптық орта білімі болса, екіншісі 10 сыныптан кейін білім алмаған. Өз құқықтарын қорғай алмайды. Сондай жағдайларда бізге келсе, мәселесін шешіп береміз. Жалпы тек қана тұрмысын тіктей алмай жүргендерге көмектеспейміз, көмек сұрап келгендердің ешбірінің бетін қайтармаймыз. Орталыққа күніне 2-3 азамат келеді. Сонымен қатар онлайнда жұмыс істейміз» деді заңгер.
«Elorda Jastary» жастарды қолдау бағдарламасы аясында қалада кәмелетке толмағандар арасында заң бұзушылықтардың алдын алу мақсатында тренингтер ұйымдастырылады. Мектеп оқушыларынын бастап, колледж студенттері, жоғары оқу орнының білім алушылары арасында нашақорлық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, экстремизм мен терроризмге қарсы күреске бағытталған семинарлар өткізіледі.
«Жақында 60-тан аса студентке тренинг ұйымдастыр­дық. Қатысушылар баста мән бермей отырса, семинар аяқталғанда терең ойға батып кеткендері түрлерінен көрініп тұрады. Сондықтан түсіндіру жұмыстарының пайдасы, берері мол. Мұндай іс-шараларды қазір онлайн өткізіп жүрміз» деді заңгер Азамат Баймұқан.
Зорлық-зомбылық көргендер жатар орынмен қамтылады. Орталықтың екі қабатты жатақханасында жағдай тұрақталғанша, балаларымен бірге жарты жылдай тұруға мүмкіндігі бар. Жыл басынан орталық заңгерлері 20-дан аса адамға қол ұшын созыпты.
«Қазір жатақханада 30 үлкен кісі мен 15 бала жатыр. Ер мен әйел кісілердің бөлмелері бөлек. Көпбалалы аналар балаларын мектепке дейінгі курстарға қатыстыра алады. Тегін тамақ беріледі, аптаның әр күнінде мұқтаж азаматтарға түскі ас таратамыз. Орталыққа анасы ұрып соққан, қолын тілгілеп тастаған қыз келді. Неше түрлі қиындық көрген. Өзі 11 сыныпты бітірді. Сол қызбен орталық мамандары жұмыс істеген соң, жағдайы дұрысталды. Қазір С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетте оқиды. Анасымен байланысын үзген» деді орталық директоры Гүлмаржан Шонаева.
18 жастағы Дарина Өскендиярова да бағдарламаның, орталық мамандарының арқасында оқуға түскен, ағылшын тілін меңгерген ол мемлекеттік грантты жеңіп алған. Қазіргі таңда жұмыс істеп, нәпақасын тауып жүр. Сонымен қатар бірнеше үйірмеге қатысады.
«Менің жасым 18-де. Қазіргі таңда қаладағы мейрамханалар желісінде жұмыс істеймін. Орталықтағыларға айтар алғысым шексіз. Себебі психолог маманмен тілдесіп, өте үлкен көмек алдым. Мұнда ағылшын, қазақ тілі курстарына, гимнас­тика үйірмесіне қатыстым. Сонымен қатар автокөлік айдап үйренуден сабақ алдым. Бәрі тегін, ешқандай ақы төлемейсің. Қазір елордадағы Қызмет көрсету және туризм колледжінде «Тур менеджер» мамандығында оқимын. Оқуға түсуге де орталық мамандары көмектесті. Жалпы өткен жылдан бері осы жерден көмек алып тұрамын. Білім алуыма, жұмысқа тұруыма көмектесті. Түскі ас тегін беріледі, бір сөзбен орталық қиналғанға қолдау көрсетеді. Бар жақсылығы үшін алғыс білдіремін» деді ол.
Бүгінде балалардың жолда жарақат алу деңгейі жоғары. Осыған байланысты орталықтан көлік жүргізу, жол қауіпсіздігі ережелерін оқытатын курс ашылған. Онлайн және оффлайн да оқуға болады.
«Мен балаларға жол жүру ережелерін үйретемін. Олар білім алғаннан кейін Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, тест тапсырады. Біз сол сынақтан сүрінбеуге үйретеміз. Курс 2,5 айға созылады. Егер қажет болса, қысқа мерзімде оқып шыға алады. Бізде аяғы ауыр келіншектер де білім алуда. Бір күнде бір сағат болады. Көлік жүргізу куәлігін алғандар да бар. Әрқайсында 20 баладан 10 топ бар. Сонда 200 бала онлайн оқып отыр. Ал орталыққа келіп оқитын бір ғана тобымыз бар. Мен осы салада жүргеніме 15 жылдан асты. Менде мінезі қиын балалар да оқыған. Алғашында білім алуға құлықсыз болса, уақыт өте келе керісінше кірісіп кетеді. Бір оқушымның «апай ақырын сөйлеңізші, әйтпесе сіздің даусыңыздан басым әбден ауырып отыр» деп айтқаны бар. Қазір оның тәртібі жақсы, орталыққа амандық-саулық сұрауға келіп тұрады» деді көлік жүргізу курсының оқытушысы Елена Погорелий.
Назарбаев университетінің студенті Нұрислам Каликбаев бос уақытын осы жерде өткізгенді жөн көреді. Өткен жылы гитара үйірмесіне қатысса, биыл жол қауіпсіздігі ережелерін үйреніп жүр екен. Ол 2 айда көлік жүргізу куәлігіне қол жеткіземін деп отыр.
«Орталыққа жыл басынан үзбей келіп жүрмін. Орталықта зумба, бачата, ағылшын тілі, қазақ тілі, араб тілі, дизайн мен компьютерлік сауаттылық үйірмелері бар және жол жүру ережесін оқуға болады. Қазір Назарбаев университетінде «Әлеуметтану» мамандығы бойынша білім алудамын. Бос уақытымда орталыққа келіп, тегін үйір­мелерге қатысамын.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × one =