ЖАСТАРДЫҢ ЖІГЕРІ ЖАСЫМАСЫН

0 97

Жақында қалада төрт жігіт, екі қыздан құралған қылмыстық топ қолға түсті. Олар екі жыл бойы пәтер тонап, түн жамылып, қымбат автомашиналарға ұрлыққа түсіп келген. Барлығы да өзіміздің қаракөздер. Кезекті түнгі рейд барысында бірнеше жеңіл жүрісті бойжеткендер ұсталып, аты-жөндері анықталғаннан кейін, оларға айыппұл салынды. Көбі – қазақ қыздары. Студенттік жатақхана маңында жаппай төбелес болған. Қатысқандар түгел он сегіз бен жиырма бестің арасындағы жастар… 

жастарррр

Міне, осындай мә­лі­меттерді күн­делікті ақпараттардан жиі оқуға болады. Оқисың да ойға қаласың.
Кез келген ел өзінің келе­ше­гін өскелең ұрпағымен байланыстырады. Әр ұрпақтың пе­шенесіне жазылған заман ағы­ны, кезең тынысы бола­ды. Біз­дің аталарымыз бен ағала­рымыз бір кезде жарқын болашаққа сенді. «Келе­шек жастар кемелденген қоғамда, молшылықта, ерте­ңіне алаңдамай еркін өмір сүрсін» деп аянбай тер төкті. Табиғатында тамаша қасиет­терден сусындаған халқы­мыз­дың керемет, мол қа­зыналық байлығынан нәр алып, ертегі-аңыз, жырларды жаттап, мақал-мәтелдер мен қанатты сөз­дердің мағы­насына қанығып өскен олар ұрпақ­та­рына да осындай тәрбие берді.
Ал, бүгін ше? Біз сол құн­ды­­лықтарды жастарға дарыта алып жүрміз бе? Қазір жас­тарды орынды-орынсыз көп сөгіп, қатып қалған сыңаржақ пікірлерге жол беріп алып жүрген жоқпыз ба?
«Бүгінгі қазақ жастары жал­қау. Екі қолға бір күрек таба алмай, бос сенделіп жүр. Көбі қалаға келіп, жалдамалы қара жұмыс істейді. Оны да маң­­ды­тып жат­қандары шамалы» деді бір алқалы бас қо­суда көпті көрген көнекөз аға­мыз. Рас, ал­дыңғы буынның кейінгі ұр­паққа көңілдері тола бермей­тіні – заңдылық. Өйткені, өз замандарын, сол кезде тындырып кеткен істерін кейінгі көріністермен салыстыратыны белгілі.
Біздің халықта сөзін өзгеге өткізе де, тыңдата да білетін бір тамаша қасиет бар. Айтайын дегеніміз, құр босқа дауры­ғып, «олар ондай, олар мұндай» дегенше, сөзі өтімді, сыйлы азамат­тардың жастарға көбірек ақыл-кеңес беруін, өміріне бағыт-бағдар сілтейтін ғибратты сөз­­­дерін көбірек тыңдату керек шы­ғар. Шынында да, адам беймаза күй кешіп жүрген кейбір сәт­терінде айналасынан жөн
сөз айтатын, кеңес беретін үлкенді іздейтіні – заңдылық. Осындайда дертке дауа ағалар ақылы емес пе?
Теледидардағы тәрбиелік мәні аз, даурықпа, даңғаза шоу бағдарламаларды бере
бергенше, орнына ерте­ректе болған «Сыр­сан­дық», «Қарыз бен парыз», «Жансарай», «Терме», «Жастар», «Көзкөрген» сияқты хабарларды қайта жандандырып, Жастар саясаты мәселелері, тағы басқа да ұйым­дар арқылы аузы дуалы, ел
құр­мет­тейтін абыз адамдармен жиі-жиі жастар­дың кездесуі ұйым­дасты­рылса дейміз.
Жастардың бойына ұлт­тық тәрбиені, халықтық болмыс­ты сіңіруге барынша ден қою керек-ақ. Осы тұрғыда кейінгі кезде маңызы мен мәні арта түскен әлеуметтік желі­лерді кеңінен пайдалана білген дұрыс болар еді.
Біздің санамызда «заман ағымы» деген тіркестің қа­лып­­­тасып қалғаны шын­дық. Жігіт­тер мен қыз­дар­дың есірт­кіге елітіп, ащы суға құмар­туын, жеңгетайлық пен жезек­өкшелікті, алыпсатарлық пен алаяқтықты, басқа да жас­тар­­­дың бойында кездесетін келең­сіздіктерді заманның құ­бы­луынан көреміз. Қоғамдағы толып жатқан олқылықтар мен кемшіліктерді осы негізден іздейміз. Мұның өзі аға ұр­пақ­тың бойындағы жауап­кершілік жүгінің жеңілдеуіне әкеліп соғары айдан анық. Орыстың атақты әдебиет сыншысы В.Белинскийдің «адам тағдыры тәрбиемен шеші­леді» деген қанатты сөзін ескерсек, шын мәнінде бұған қоғам да, адам да, аға ұрпақ та жауапты.
Қай заманда да жалпы тір­шіліктің тұтқасына ие болуға икемді, қоғам көсегесін көгер­тіп, мерей мәртебесін биік­тететін жас талаптың болатынына еш күмән жоқ. Ондай дарынды жастар бүгін де бар.
Сондай жастарды неге үлгі-өнеге ретінде жан-жақты насихаттамаймыз. Мәселен, Астана қала­сында Ермұрат Әбділ­даев есімді ат әбзелдерін жасайтын жігіт тұрады. Жасы отызға да толмаған ініміз өзінің еңбек­қор­лығының арқасында үлкен шаңырақты асырап, тек өзіне ғана емес, айналасына да шапа­ғатын төгіп жүр.
«Әзірге ауыз толтырып айта қоярлықтай іс тындыра қойған жоқпын. Шағын кә­сіпті бас­тағанымызға бір-екі жылдың жүзі болды. Тапсырыс алып қазақы ер, ашамай жасаймыз. Жүген, қамшы өреміз. Етік тіге­міз. Кеңінен танымал бола қой­ған жоқпыз. Бірақ, алдағы уақытта шаруамызды кеңейте түсеміз бе деген ойымыз бар» дейді Ермұрат әңгіме арасында.
Үйленген, үш сәбиі бар. Жары өзіне көмекші. Інілерімен бір­ге өз шаруаларын дөңгелетіп жатыр.
Ауызды қу шөппен сүрте беруге де болмас. Үкімет те еңбек ету жағдайын жақсарту, табыс деңгейін көтеру, ұзақ мерзімді несие берудің кезеңдік жүйесін енгізу, тағы басқа да экономикалық көмектер ар­қылы жастардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын түзеуге қолдан келгенше ықпалдасып жатыр. Осы мүмкіндіктерді пайдаланып қалуға ұмтылатын жас­тар бар да, оның парқына бойлай алмай өз бетінше жүретін сабаздар тағы бар.
Құрылыста істейтін жұмысшы жігіттермен әңгімелесудің сәті түсті. Еркін, Елжан, Жәнібек, Асхат есімді жігіттер «заман болса мынау, қымбатшылық қысып барады. Бір басымызды әрең алып жүрміз. Қазір үйленіп, үй болу туралы ойламаймыз да» деген еді. Жастары отызға келіп қалған тепсе темір үзетін нар тұлғалы азаматтардың аузынан әлгіндей сөз шыққанда біраз күмілжіп қалдық.
Бұл ер азаматтың бойына қандай қиыншылық болса да төзе білетін асыл қасиеттерді тәрбиелей алмағанымыз ба? Бұл өскелең ұрпаққа отбасын құру адамзатқа тән құндылықтардың ең қасиеттісі екенін ұғындыра алмағанымыз ба? Осыдан кейін 40 мың сүр бойдақ пен 100 мың кәрі қызымыздың саны одан сайын өсе бермесіне ешкім кепілдік бере алмасы хақ. Осыдан кейін қоғамның өзегін жегі құрттай үңгіп кіріп бара жатқан жезөкшелік пен некесіз бала тууды одан сайын айыптай береріміз кәміл.
Еліміз тәуелсіздік алған ширек ғасырда елеулі-елеулі жетіс­тіктерге қол жеткізді. Әлем та­ныған болашағы зор мемлекет екеніміз тағы шын­дық. Осы табыстарымызды еселей түсер білімді де білікті, парасатты жастарымыз болмақ. Бүгінгі жастарға рухани бай­лық, таза ой, терең білім, адам­гершілік, адалдық, күш-қай­рат, денсаулық қажет. Елде осындай ешқашан ұнжырғасы түспейтіндей қайсар ұландар тәрбелесек дейміз.

ДЕРЕК:

Астана қаласы әкімдігіне қа­расты Жұмыспен қамту орта­лығы елордамызда жастарды жұмыспен қамтумен айналысатын бірден-бір мекеме болып отыр. Аталмыш мекеменің мәліметіне сәйкес, жыл басынан бері 214 жас түлек «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына қатысушы болып , бүгінде Астана кәсіпорындарында мамандығына сай қызмет етіп жүр. Ай сайын оларға 45 800 теңге көлемінде жалақы төленеді.
Жалпы, «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында мемлекет тарапынан ЖОО мен колледж түлектеріне мамандығы бойынша алғашқы еңбек өтілін жинап, тұрақты жұ­мыс­қа орналасуға жағдай жасал­ған. Диплом алғанына үш жылдан аспаған 29 жасқа дейінгі әр аза­маттың 6 айлық «Жастар тәжі­ри­бесінен» өтуге мүмкіндігі бар.
Осы орайда, жұмысқа орналасу мәселесі толғандырған елор­далық жастарға Астана қаласы әкімдігіне қарасты Жұмыспен қамту орталығына барып, ондағы мамандардан толыққанды мә­лімет алуға кеңес береміз.

Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × 5 =