«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Жастардың» «Жібегі» – үздік қойылым

0 328

Алматы қаласында өткен Қазақстанның халық әртісі Райымбек Сейтметовтің туғанына 80 жыл толуына және Астананың 20 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының ХХVІ республикалық фестивалінде астаналық «Жастар» театры «Үздік қойылым» аталымында бас жүлдені иеленді.

Өткен көктемде аталмыш өнер ұжымы Ғашықтар күніне орай «Қыз Жібек» мюзиклінің премьерасын өткізді. Осы аттас мюзикл «Астана Мюзикл» театрының репертуарында да бар. Сондықтан жастарлықтар атауын «Жібек» болып өзгертті. Театр фестиваліне олар дәл осы қойылыммен қатысты.
Мюзиклдің негізіне классик жазушы Ғабит Мүсіреповтің либреттосы мен Евгений Брусиловскийдің музыкасы алынғанын естеріңізге сала кетейік. Музыканы жаңа заманға сай Ерболат Құдайберген мен Жандәулет Батай өңдеп, туынды фольклорлық рок стилінде көрермендерге жол тартқан. Ал шығарманы аталмыш театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай сахналады.
Жалпы, фестивальге тоғыз театр қатысты. Соның ішінде астаналық тағы бір өнер ұжымы – М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының актрисасы Анастасия Воронцова «Үздік әйел адам бейнесі» аталымында топ жарды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды