Жастардың жағдайы жақсарсын десек…

0 36

Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының заңдылық, құқықтық тәртіп және жұртшылықпен жұмыс жөніндегі тұрақты комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиында қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров 2021-2023 жылдарға арналған «Elorda jastary» бағдарламасын ресми түрде таныстырды.

Қаламызда 14-29 жастағы азаматтардың жалпы саны – 230 мың. Қосшы,Талапкер, Қоянды, Ильинка ауылдарын қоса санайтын болсақ – 250 мың. Бағдарламада аталған азаматтарға 4 бағыт бойынша нақты қолдау көрсету көзделіп отыр. Жобаны дайындау барысында қала басшылығының қатысуымен 12 офлайн және онлайн кездесулер өткізілген. Сондай-ақ Google-да жүргізілген сауалнамаға белсенді жастардан 3000-нан астам ұсыныс­тар келіп түсті. Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы бағдарламаның 4 бағыты аясында жүзеге асыру жоспарланған іс-шараларға егжей-тегжейлі тоқталды.
– Бірінші, сапалы және қолжетімді білім бағытында жаңа Оқушылар сарайын салуды, 2021-2023 жылдар аралығында жоғары оқу орындарына (білім беру, денсау­лық сақтау және әлеуметтік қорғау салаларында) 2142 білім грантын бөлуді, WorldSkills, JuniorSkills, DeafSkills аймақтық және ұлттық чемпионаттарына қатысу үшін құзыреттер санын (3 жыл ішінде 114-ке дейін) арттыруды, техникалық және кәсіптік білімі бар мемлекеттік білім беру тапсырыстарын 3 жыл ішінде 10806 грантқа дейін ұлғайтуды, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 3 жылға 3150 кадр даярлауды жоспарлап отырмыз. Екінші, кәсіпке бағдар, жұмыспен қамту және жастар кәсіпкерлігі бағыты бойынша студенттер үйінің құрылысы мен «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарын дамыту көзделген. Сондай-ақ 35 жасқа дейінгі жастарға жылдық пайыздық мөлшері 5 пайызбен, несиелеу мерзімі 25 жылға де­йін, бастапқы жарнасы 10 пайыз төлеммен 600 пәтерге арналған «Elorda zhastary» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасын енгізу жоспарлануда, осы бағдарлама қала әкімі Алтай Сейдірұлынан қолдау тапты. Қазіргі таңда біз Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы, Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы және Отбасы банкімен бірлесіп пәтер беру және қаржыландыру ережелері бойынша жұмыс істеудеміз. «Elorda zhastary» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасына қалалык бюджеттен 1 млрд теңге бөлуді сұраймыз, – деді Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы.
Депутат Г.Жапарова баяндамашыға қайталануды болдырмау үшін әкімнің білім беру гранттарын бөлу мәселелерін білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісуді ұсынса, В.Сергеев балаларды оқытуды қаржыландыра алмай жүрген жалғызбасты аналар санатына назар аударуды, бір бөлмелі пәтер үшін 13 млн теңге түбіртегін қайта қарауды ұсынды, өйткені қалада бір бөлмелі пәтердің бағасы 15 млн теңгеден басталады.
Қалалық мәслихат хатшысы Е.Каналимов тұрақты комиссия жұмысын қорытындылай келе, «Elorda jastary» бағдарламасының өзекті және қажет екенін атап айтты.
Одан кейін депутаттар «Береке», «Астана», «Бәйтерек», «Тақтай» аула клубтарын аралап, үйірмелердің жағдайымен танысты. Бір өкініштісі, бүгінгі таңда аула клубтарының материалдық, техникалық базасы әбден ескірген. Біз барған «Береке» аула клубының жылу жүйесі істен шықса, қалған клубтардағы санитарлық нормалар мен қауіпсіздік жағдайы көңіл көншітпейді. «Кезінде аула клубтарын ашу керек болған соң, қай жер бос, сол жерді пайдалана берді. Аула клубтарының барлығы жертөлелерде орналасқан. Жертөледен шығып, айналадағы басқа да жақын ғимараттарға ауысуымыз тиіс. Бұл жер бала денсаулығына да, тәрбие ісіне де кері әсерін тигізеді. Сондықтан аула клубтарына қаржы бөлу мәселесін, жалпы тендерді 1 жылдан 3 жылға ұзартқанымыз абзал» деді Қайрат Қамбаров.
«Аула клубтарының жағдайына толық көзіміз жетіп отыр. Енді шет аудандардан клубтарды көптеп ашып, техникалық базасын қайта жаңартамыз деп ойлаймын. Тәрбиешілерге жастарды тартып, еңбекақыларын көбейтіп, білім сапасын жақсарту керек» деді мәслихат депутаты Серік Түсіпов.

Көктем ҚАРҚЫН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen + 13 =