ЖАСТАРДЫ ЖАҚСЫЛЫҚҚА ЖЕТЕЛЕЙДІ

0 84

Астанада «Нұр Отан» ХДП бастауыш партия ұйымдарының жетекшілері бас қосты. Жиын әлеуметтік жаңғырту және «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында оқыту, жұмысқа орналастыру мәселелеріне арналды.

Астана қаласы Жұмыспен қамту орталығының директоры Аманжол Әбдірахмановтың айтуынша, жыл сайын елордаға шамамен 25 мың адам келеді екен.

Ал, орталыққа дәл бүгінгі күні ресми түрде 8046 жұмыссыз тіркеліпті.

Оның шамамен 70 пайызын, яғни 5 мыңға жуығын жұмыссыз әйелдер құрайды. Жұмыссыздар санының жартысынан астамы 29 жасқа дейінгі жастар.

Мұның себебін орталық басшысы былай түсіндіреді: қазіргі күні қалада негізінен нәзікжандылар таңдайтын бухгалтер, шаштараз сынды мамандықтарға сұраныс мүлдем жоқ десе болады. Керісінше, құрылысшы, электрик, сантехник сынды құрылыс саласының маман­дары жетіспейді.

Жұмыссыздық мәселесін шешу үшін мемлекет осы бағдарлама аясында 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінгені белгілі.

Партияның елордалық филиалы басшысының бірінші орынбасары Қайрат Жаңабергенов осы қаржыны тиімді игеру үшін жауапты органдар жұмысты өзара үйлестіре білу керектігін айтты.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында еліміздің экономика, ғылым тәрізді әлеуметтік салаларына жаңғыртулар қажеттігін баса айтқаны белгілі. Мақалада осы мақсаттағы 5 бағытты анықтап, оны жүзеге асырудың алғашқы 20 қадамын да көрсетіп берді.

«Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қайрат Жаңабергеновтің айтуынша, әлеуметтік-экономикалық жаңғыру отандық қадрларды жүйелі түрде оқыту және қайта даярлауды қажет етеді. Сонда ғана кадрлар әлеуетін күшейте аламыз.

Мемлекет басшысы да өз сөзінде кез келген мамандықта кәсібилік пен шеберліктің қажет екендігін, сондай-ақ, шетелде білім алып жүрген қазақ жастарының Отанына оралып, тәжірибелерімен бөлісуі міндеттігін айтқан болатын.

Басқосуға жиналғандар «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасын жүзеге асырудағы олқылықтарды осы бастан қолға алу қажет деген қорытындымен тарасты.

Шынар ДОСАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen − six =