Жастарды жаңа жобалар қанаттандырады

0 35

Індет білім беру саласына үлкен міндет жүктеді. Эпидемиологиялық ахуалға байланысты оқушыны оқыту онлайн форматқа ауысты. Мұның ұтымды тұсы, ақпараттық технологияның дамуына, цифрландырудың үдеріс алуына жол ашқаны анық. Алайда ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже болмады. Қашықтан білім беруге көшкенімізге өткен оқу жылындағы IV тоқсанды қоспағанда 2 айдан аса уақыт өтті, бірақ бұл күнде мектеп табалдырығын аттаған оқушыдан білікті мұғалімдерге дейін қиындық көріп отыр. Себебі қолдануға оңай, баршаға тиімді онлайн оқу платформасы әзірленбеді. Қыркүйек айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты кезекті Жолдауында жалпыға ортақ, бірыңғай онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеуді тапсырған еді. Жолдауда айтылған мәселенің шешімін табуға тағы қанша уақыт қажет? Білекпен емес, біліммен күш сынасатын заманда Мағжан сенім артқан жастар сенімді ақтай ма? Ақы үшін емес, халқы үшін қызмет ететін IT мамандары қайда жүр? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын алу мақсатында Назарбаев университетінің түлегі, «Alpha design» IT компаниясының негізін қалаушы Ердәулет АБСАТТАРДЫ сөзге тарттық.

– Елімізде онлайн оқу барысында амалдың жоғынан Еуропа құп көрмейтін Zoom мен WhatsApp-ты қолданудамыз. Осы орайда өзіңіз онлайн оқу процесін жеңілдететін ортақ платформа жасап шығарыпсыз. Оның қандай ұтымды тұсы бар?
– «Alpha design» мамандарымен бірлесіп, М.Нәрікбаев атындағы ҚазГЗУ университетінде «Бизнес­тегі IT» мамандығын ашқанбыз. Өзім де сонда оқытушылық қызмет атқарамын. Содан студенттер мен оқытушыларға оқу барысында оңай болу үшін, қарапайым үй жұмысын тексеру үшін бір платформа жасап шыққымыз келді. Негізі, студенттердің білім алуға қызығушылығын іс жүзінде оятып, сабаққа ынтасын арттыру – бұрыннан келе жатқан арманым. Өзім де студент болдым, онлайн сабақтарға қатыстым талай. Сонда байқағаным, студенттердің көбінде білім алуға деген ынтасы аз, ақылы бөлімде оқитындарда тіптен төмен. Ойлана келе біз студенттің білімге құштарлығын оятып, әрі қарай да арттыра түсетін «Alpha education» онлайн оқу платформасын жасап шықтық. Алдын ала әзірленген платформа тосыннан түскен індет кезінде тіпті тамаша дүние болды. Қазіргі таңда ҚазГЗУ студенттері «Alpha education» платформасымен қашықтан білім алуда. Сондай-ақ М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайы, «Зерделі» ақыл-ой дамыту орталығы осы платформаны пайдаланып жатыр. Иә, Zoom-ның кемшін тұсы көп. Студенттер видеосын қосып қойып, микрофонын өшіріп тастайды. Тағы, ақпарат қауіпсіздігі сақталмайды, сілтеме өзге адамдарға тарап, сабаққа бөтен біреулердің емін-еркін қатысуына жол ашады.
«Alpha education» артықшылықтары қандай? Бірінші, емтихан, тест тапсыруға арналған, критикалық ойлау қабілетін арттыратын тұстары бар. Екінші, ақпарат қауіпсіздігі сақталады. Платформаның өзінде видеобайланысқа шығу мүмкіндігі қарастырылған. Zoom-ның әттеген-айлары мен толықтыратын тұстарын ескеріп, осы платформаға енгіздік. Ынталандыру жағы қарастырылған, өзара сайыс, марафондар өткізіледі. Телефондағы ойындар сияқты. Платформаның өз валютасы бар. Сонымен қатар интернет дүкенін де әзірледік, жинаған қаражатын өз керегіне жұмсай алады. Мәселен, жақсы баға алу үшін жеңілдік сатып алуына болады. Өмірде бәрінің бағасы бар екенін, адам мақсатына бар ынта-жігерімен ұмтылса, қол жеткізе алатынын дәлелдейді. Сондай өмірлік қағидаларды астарлап жеткіздік. Тағы бұл – бірыңғай ортақ сервис. Мәселен, оқытушылар үй тапсырмасын немесе жаңа сабақтың ақпараттарын WhatsApp, telegram, тағы басқа түрлі мессенджерлерге жүктейді. Ол оқушы тұрмақ мұғалімнің де ойын бөледі. Содан әр жерде түрлі чаттар құрылады, әңгіме-дүкен жалғасып, маңызды ақпаратты табу қиындап кетеді. Керекті сілтемені іздеп отыруға ерініп, кей студенттер сабаққа да қатыспайды, шыны керек. Тағы бір мәселе – түрлі аудио, видео материалдарды, презентацияларды көру үшін whatsApp, telegram-да оны алдымен телефоныңызға жүктеп алуыңыз қажет. Компьютерде арнайы қосымшаны қолдануға тура келеді. Ал біздің платформада жүктемей, ешқандай өзге қосымшаны қоспай-ақ көре бересіз. Студенттің қай тұста қандай қателік жібергенін, қай сабақты түсіне алмағанын анықтайды. Қалай жақсартуға болатыны жайлы кеңес беріледі. Жасанды интеллект жағын жетілдіріп жатырмыз қазір. Емтихан кезінде студенттің көшіргенін дәл анықтап, барлық жауабын жоққа шығаратын жүйе енгізуді ойға алдық.

– «Alpha design»-тың ауыз толтырып айтарлықтай өнімдері бар? Қызметкерлердің бәрі Назарбаев университетінің түлегі деп естідім, қай бағытты таңдадыңыздар? Үйренемін деген талаптыға өз тарапыңыздан қандай да бір қолдау немесе оқыту курстары қарастырылған ба?

– «Alpha design»-ның құрылғанына 3 жылға жуық уақыт болды. Еліміздегі түрлі бизнес субъектілерінің, мемлекеттік мекемелердің IT өнімдерін жасау, сайт, мобильді қосымшасын әзірлеу бойынша жұмыс істейміз. 150-ге жуық жобамыз бар. Жақында америкалық кәсіпкердің телемедицина саласындағы идеясын іске асырдық. Қазіргі таңда оны Американың, Пәкістанның және Еуропаның бірқатар қалаларында жүзеге асырып, әрі қарай жетілдіріп жатыр. Жасанды интеллект, виртуалды өмір, блокчейн бағыттарын зерттеп жатырмыз. Бұл салалардың болашағы зор. Иә, 50 пайыздан көп бөлігі – аталмыш оқу ордасының түлектері. «Болашақ» бағдарламасымен шетелдерде білім алған кәсібилер бар ұжымда. Шеберлік сабақтарын жиі өткізіп, тәжірибеден өтуге келген студенттерге бар білгендерімізбен бөлісуге тырысамыз. Бізде қызмет етіп, кейіннен АҚШ-қа көшіп кеткен мықты IT мамандарымен байланысқа шығып, түрлі тренингтер ұйымдастырамыз.

– Осыдан бес жыл бұрын «Толықтырылған нақтылық» мобильді қосымшасын әзірледіңіз. Яғни, қаланың виртуалды картасы. Бұл жоба қазір қолданыста ма немесе іске асыру жолында қандай кедергілерге төтеп бере алмадыңыз?

– Бұл мобильді қосымша – университеттегі дипломдық жұмысымыз, Назарбаев университетінің үздік жобаларының бірі. Ол кезде «Толықтырылған нақтылық» саласының өзі әлі дамымаған еді. Шетелде қолға алынғанмен, Қазақстанда ондай өнімдер мүлдем болған жоқ. Өйткені ол уақытта ондай қосымша әзірлеу өте көп қаражатты талап ететін. Бірақ өзіміз компьютерлік ғылымдар саласында оқығаннан кейін шетелдік профессорларымыздың арқасында тың дүние жасауға тырыстық. Мәселен, ұялы телефоныңыздың камерасы мен «Толықтырылған нақтылық» қосымшасы арқылы кез келген ғимарат жайлы толық ақпараттармен таныса аласыз. Атап айтқанда, ғимарат ішіндегі бір ғана кітапхананы алсақ, қай қабатта орналасқанын, ішін, оқырман залын, бәрін де 3D форматтағы бейнесімен көрсетіп береді. Ал енді неге қолданысқа енбеді? EXPO-2017 көрмесінде осы қосымшаны көптің назарына ұсынғымыз келді. Еліміздегі ірі компаниялар мен әкімшілікке де таныстыруға тырыстық. Алайда оқуды енді аяқтаған студенттерге сенім аз болды. Көп жағдайда жұмысымызға емес, жасымызға мән берді. Әрі қарай қолданысқа енгізуге мүмкіндік берілмеді. Ол кезде өзіміз де жас болдық, бизнестің қалай жұмыс істейтінінен бейхабар едік. Бірақ ресейлік кәсіпорыннан ұсыныс түсті. Ойлана келе шетелдің ұсынысынан бас тарттық. Өйткені бір жағынан бөтен ел, екінші жағынан өз елімізде қолданысқа енер, елге пайдасын тигізіп, Қазақстанның атын шығарса екен деп ойладық. Алайда күткен нәтижеге қол жеткізе алмай қалдық сол күйі.
Бізде бір қанға сіңіп кеткен әдет бар. Үлкендер жастарға «сен жассың» дегенді жиі айтады. Өз ойын, көзқарасын тықпалап, өзгенікін бұрысқа шығарады. Жастардың потенциалын сен әлі кішісің деп кішірейтеді. Ал Америкада, Еуропада жас мәселесі ешқандай рөл ойнамайды. Егер сен бір салада біліп тұрсаң, тәжірибең толық болса, жол ашық. Тіпті мектеп жасында болсаң да. Өзім білім алған Назарбаев университетінде 100 пайыз – шетелдік профессорлар. Ұстанатын қағидалары бөлек. Студентті досындай көреді, өзімен тең дәрежеде байланыс орнатады, «тек мен айтамын, сен тыңда» деген жоқ.

– Қаншама дарынды жастар еліміздегі беделді жоғары оқу орындарын тәмамдап, шетелдік тағылымдамадан өтіп келеді. Одан қала берді «Болашақ» бағдарламасымен әлемнің озық университеттерінде білім алады. Қысқасы, мүмкіндік те, жағдай да бар. Солай емес пе? Бірақ неге әлем қолданатын, заман талабына сай отандық мобильді қосымшалар әзірленбей жатыр?

– Қазіргі таңда ғылым мен білімге бет бұрған қазақ жастары өте көп. Көпшілікке көріне бермесе де, өз ісімен мықтылығын дәлелдеп жүргендер жетерлік. «Қазақ баласының қолынан нақты ғылым келе ме?» деген сауал жиі қойылады. Қазақ жалқау халық деп өзімізді түсіріп, мүмкіндігімізді айтар сөзімізбен-ақ шектеуге құмармыз. Ғылым, білім менің ойымша, ұлтқа бағынбайды. Қазақ баласының қолынан бәрі келеді деп сеніммен айта аламын. Өйткені өзім көріп жүрмін, шетелдерде жүрген қазақ жастары озық жобалармен танылып, үлкен қолдауларға ие болып жатыр. Тек көпшілік, әсіресе, біз біле бермейміз.
IT технологиялары о бастан шетелде дамыды. АҚШ пен Еуропада іске асқан жобалар, бізге жылдар өте жетеді. Ал отандық өнімдер неге әлемдік танымал тауарға айналмайды? 18 миллион халқы бар Қазақстанды 330 миллионға жуық халқы бар Америкамен салыстыруға да келмейді. Себебі бізде тұтынушылардың саны әлдеқайда аз. Ең бірінші, нарық әсер етеді. Екіншіден, Америкада, Еуропада инвесторлар өте көп. Шетелде инвесторлар 10 жобаға 100 миллион доллар салып, соның ішінде 9-ы сәтсіз шығып, 1-еуі дамып кетсе де өкінбейді. Себебі көзқарасы бөлек, онның бірінен де қыруар қаржы табуға боларын біледі. Жас мамандарды, жаңа жобаларды өздері іздейді. Ал Қазақстанда ондай көзқарасты инвесторлар аз, табу да қиын.

Сұхбаттасқан  Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × three =