ЖАСТАР ЖАЛЫНДАҒАН ЖЫЛ

0 133

IMG_2030

Халықаралық сарапшылардың пікірінше, бірлігі мен тірлігі жарасқан Қазақстан бүгінде жастар саясатын жүзеге асыру ісінде көп елдерге үлгі дегенді алға тартады. Дей тұрғанмен, елімізде жастар мәселесі түбегейлі шешіле қалды десек, жалған айтқандық болар. Жастар жайы әлі де болса жіті назар аударалық деңгейде екені сөзсіз. Қоғамның қозғаушы күші – жастар десек, олардың жағдайын қолға алмай, алдағыны болжау қиын. Осы орайда, жұмыссыздық, баспана мәселесі, жас отбасылар жағдайы және тағы басқа да өзекті проблемалар жөнінде Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Талғат РАХМАНБЕРДІМЕН сұхбаттасқан едік.

 

 

– Талғат Абайұлы, басқарманың құрыл­ғанына бір жыл болды. Осы уақыт ара­лы­ғында жастар саясатына қатысты нақты жүзеге асырылған қандай бағдар­ла­ма­лар­ды айта аласыз?

– Бүгінде кейінгі толқынға артылар жауап­кершілік жүгі мол. Осыны ескеріп, біз жалынды жастардың қоғамдағы белсенділігін арттыру мақсатында көптеген шараларды қолға алдық. Мәселен, басқарма құрылғалы қала көлемінде 50-ден аса ірі іс-шара өткіздік. Олардың біріншісі «Студенттік көктем» – қаладағы жоғары және орта арнаулы білім мекемелері студенттерінің қатысуымен өтетін көркемөнерпаздардың мерекесі. Айтайық, елордадағы 86 мың студенттің 3 мыңнан астамы – өнерпаз жастар. Осы арқылы өршіл өрендердің басын қосып, қоғамдық белсенділігін арттыруды көздедік. Студенттер қатарына қабылдау рәсімі де жастардың тарапынан қолдау тапты. Әрбір жас Астанаға келгенін сезінуі үшін жіті көңіл бөліп, оң-солын танып білмеген 18 жастағы баланың ойын білмекке түрлі кездесулер ұйымдастырдық. Бұл шараның мақсаты студент жастар арасында шығармашылық әлеуетті дамыту болып табылады. Жастарға кәсіптік бағдар беру жобасы да өте қажет нәрсе. Олай дейтініміз – Астана жас қала. Құрылыс, өндіріс даму үстінде. Елбасының қолдауымен бірнеше мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Оған қыруар қаржы бөлінуде. Ал, соны жүзеге асыратын мамандар жоқтың қасы. Сондықтан осы мәселені басшылыққа алып, әлеуметтік зерттеу жүргіздік. Бұл бағдарлама аясында қаладағы 80 мектептің оқушылары еңбек күшіне зәру ұйымдармен кездесті. Екі тарап та бір-біріне мұқтаж. Жастардың жұмыссыз қалуының басты себебі олардың мамандық таңдай алмауында. Сондықтан, оларды жинап, қандай мамандар қажет екендігін анықтадық. Себебі, қоғамға қажет мамандардың аз болып, тас атса, тиетін мамандықтардың көбеюі теңсіздікке әкеледі.

– Сонда қандай мамандықтар бойынша кадрлар жетіспейді екен?

– Мәселен, былтыр 9800 бала оқу бітірді. Олардың 3 жарым мыңы заңгерлер мен экономистер. Шамамен, 200-300-і құрылысшы, 180-і инженер, қалғандары мұғалімдер, психолог, тағы басқалар. Ең керекті мамандықтар бойынша мамандар өте аз. Ал, экономика, заң саласы бойынша мамандар жетіп-артылады да, жұмыс тапшы. Мәселен, түрлі саладағы инженерлер, энергетиктер, аспаздар еш қиындықсыз жұмысқа орналаса алады. Болашақта осы саланың маманы атанса, жұмыссыз қалмайтынын сезіндіру мақсатында жаңағыдай кездесулерді ұйымдастырамыз. Осы іс-шаралардың барлығына қаладағы 100 мыңнан астам жас қатысты.

– Жастардың баспаналы болу мәселесі туралы не айтасыз?

– Бүгінгі таңда болашағын Астанамен байланыстыруды мұрат тұтып келген жастың алдынан шығатын үлкен мәселесі – баспана. Біз осы мәселені шешу мақсатында жастар саясаты мәселелеріне қатысты қабылданайын деп жатқан заңға өзіміздің ұсыныстарымызды енгіздік. Онда қаладағы ипотека алу 12 пайыз болса, соның жартысын үкімет төлеп берсін дедік. Бұл тек 30 жасқа дейінгі жастарға арналған. Біз – ұсыныс айтушымыз, оны орындауды басқалар шешеді. Егер ол жоба жүзеге асып жатса, онда бірінші кезекте жас отбасыларға басымдық беріледі, бала саны да басты орынға қойылады. Сондықтан біз баспанаға байланысты жобамыздың жүзеге асуына күш саламыз.

– Астаналық жастардың қоғамдық белсен­ді­лігіне қандай баға бересіз?

– Олардың елордада болып жатқан айтулы шараларға қатысу деңгейі өте жоғары. Келесі жылы «EXPO-2017» құрылысы басталады. Бұл жастар үшін керемет мүмкіндік деп ойлаймын. Өзінің қажыр-қайратымен қаланың құрылысына ат салысып, тарихта қалу деген керемет емес пе?! Осыған орай, біз студент жастарды осы алып құрылысқа қатыстырмақпыз. Оған қоса, биыл «Жасыл ел» бағдарламасымен 2 мың бала жұмыс істеді. EXPO-ның құрылысы басталатын болса, жастардың саны 5-10 мыңға жетеді деген ойдамыз. Себебі, құрылыс алаңы өте ауқымды. Қазірдің өзінде жастардың арасында «қашан басталады, барайық, қатысайық» деп өтініш білдірушілер өте көп.

Тағы бір айта кетерлігі, биыл Астанада былтырғымен салыстырғанда қылмыс азайған. Жастардың саны көбейсе де, қылмыс аз. Болашақта одан сайын төмендей түседі деген ойдамыз. Өйткені, қалада полицияға көмек көрсететін студент жасағы жұмыс істейді. Олар ішкі істер басқармасына ресми түрде тіркелген. Кәдімгідей куәліктері бар. Кішігірім қылмыстарды анықтауға өз үлестерін қосып жүр. Барлығын қадағалап жүреді. Негізінен заң факультетінде оқитын студенттер. Бұл бір жағынан студенттердің өзіне тәжірибе, оған қоса қоғамға пайда әкеледі.

– Жалпы, Астанада жастардың үлес саны қанша?

– Биыл Астанада жастар жылы болды десем, артық айтқандығым емес. Өйткені, мұнда келген жастардың саны 33 мыңнан асты. Бұл дегеніміз, Астанадағы халықтың жағдайының жақсы екендігін көрсетеді. Мұның барлығы атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі деп ойлаймын. Биыл колледждер мен ЖОО-ға 1-курсқа 21 500 адам қабылданды. Бұл былтырмен салыстырғанда 7-8 мың адамға көп.

Әңгімеңізге рахмет!

Еркежан СӘТІМБЕК

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

ten − two =