«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жастар тәрбиесіндегі Астана үлгісі

0 250

Кеше Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов, «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, аға лейтенант Мейірбек Меңдіғалиев жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру саласындағы ынтымақтастық және өзара іс-қимыл жөніндегі меморандумға қол қойды.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауында балалар-жасөспірімдер бірлестігін құрып, мектептерде әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейту туралы тапсырма берген еді. Осыны атап өткен Нұрлан Ермекбаев «Жас сарбаз» қоғамдық бірлестігі Елбасының бұл тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында құрылғанын айтты.
«Бұл бірлестіктің филиалдары барлық облыстарда құрылып, өз жұмыстарын бастап кетті. Бүгіндері өңірлердегі 100-ден аса мектепте «Жас сарбаз» сыныптары ашылды. Ол сыныптарда 3 мыңнан аса бала оқып жатыр. Жалпы ел бойынша 3 мыңнан аса әскери-патриоттық клуб құрылды. Олар 74 мың бала мен жасөспіріммен жұмыс істеп жатыр. Соның ішінде Астана әкімдігі бұл жұмысқа белсенді қатысуға ниет білдірді. Елорда – ел жүрегі, еліміздің рухани, саяси орталығы болғандықтан, әскери-патриоттық тәрбиеде өзге өңірлерге үлгі болатынына сенімдіміз. 2019 жыл – Қазақстан Президентінің Жарлығымен Жастар жылы болып жарияланғаннан кейін мұндай әскери-патриоттық жұмыстың өзектілігі бұрыннан да арта түсті.
Әскери-патриоттық тәрбие техникалық және спорттық білім беру ғана емес, болашақ Отан қорғаушыларды тәрбиелеуді мақсат етеді» деді Қорғаныс министрі.
Бақыт Сұлтанов б мемлекет тарапынан өскелең ұрпақты қолдауға маңызды қадамдар жасалып жатқанын айта келе, Астанада Жастар жылының аясында атқарылатын шараларға тоқталды.
«Елордада «Астана жастары-2019» өңірлік Жол картасы әзірленді. Соған сәйкес 11 бағыт бойынша 600-дей шара өткізілетін болады. Жобалар жастардың әлеуметтік жағдайын көтеруге, білім, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту салаларында әлеуетін арттыруға және олардың шығармашылық бастамаларын қолдауға, әскери-патриоттық, отансүйгіштік сананы нығайтуға бағытталған. Бұл жобаларды жүзеге асыруға елорданың барша жастары қатысатын болады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында көтерген маңызды мәселелердің бірі – патриоттық тәрбие беру ісі. Бұл ретте Астанада «Жас сарбаз» балалар және жасөспірімдердің қалалық қоғамдық бірлестігі құрылып, білім ұйымдарында әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейтуге арналған бірқатар жобаларды жүзеге асыруда. Қазақта «Елді қорғау – ердің ісі, ерді қорғау – елдің ісі» деген қанатты сөз бар. Тарихта қайсар мінезбен, даналықпен танылған елміз. Сондықтан да жастарымызды жақсылыққа, отансүйгіштікке, қайсарлық пен табандылыққа тәрбиелейтін мұндай жобаларды іске асыруға бір кісідей атсалысуымыз қажет. Бүгінгі қол қойылған құжат біздің бірлескен іс-қимылымызды айқындап, жас өрендердің әскери-патриоттық тәрбие­сін жан-жақты дамытуға, олардың бастамаларын қолдауға септігін тигізетініне сенемін» деді Астана әкімі.
«Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қоз­ғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің ал­ғашқы филиалы Астанада өткен жылдың желтоқсан айында ашылды. Осы филиалдың төрағасы Асхат Бағдатұлы алдарына жүктелген міндетті орындайтындарын жеткізді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды