Жастар саясатына серпін берді

0 51

Мемлекет тәуелсіздік игілігін әр азаматтың сезіне алуы үшін жағдай жасап келеді. Мұнда жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы маңызды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында дәл осы мәселеге айрықша назар аударды. Жолдау жүктеген маңызды міндет Нұр-Сұлтан қаласындағы мемлекеттік жастар саясаты саласына да тың серпін береді.

WhatsApp Image 2021-09-20 at 22.19.27
WhatsApp Image 2021-09-20 at 22.19.28 (1)
WhatsApp Image 2021-09-20 at 22.19.28
WhatsApp Image 2021-09-20 at 22.19.29 (1)
WhatsApp Image 2021-09-20 at 22.19.29
WhatsApp Image 2021-09-20 at 22.19.30
previous arrow
next arrow

Елорданың барлық ауданында жыл соңына дейін жастарға қызмет көрсету орталығы ашылады. Бұл орталықтардың ашылуымен ағымдағы жылдың өзінде 5 мыңға жуық жас жұмысқа орналасу, жоғары және арнаулы орта білім беру, баспанамен қамтудағы мемлекеттік бағдарламалар бойынша сала мамандарынан кеңес алады. Қазір жастарға қызмет көрсету орталығы Сарыарқа ауданда ғана бар.
– 1 маусымда ашылған орталық 3 айдың ішінде 700-ге жуық жасқа қызмет көрсетті. Орталықта «Астана жастары» ресурстық орталығының мамандарымен бірге халықты жұмыспен қамту орталығы, «Отбасы» банкінің өкілдері өз саласы бойынша жастарға қызмет ұсынады. Бұл орталық орналасқан аумақта оқу орындары көп. Сондықтан ары-бері жүрген студенттерге мұнда келіп, қызмет алу тиімді. Оған қоса бұл маңда негізінен әлеуметтік жағдайы төмен, NEET санатына жастардың үлкен шоғыры тұрады, – деді «Астана жастары» ресурс­тық орталығы басшысының орынбасары Аян Ерментаев.
Аз уақытта өзінің тиімділігін дәлелдеген Сарыарқа ауданындағы жастарға қызмет көрсету орталығын ұйымдастыру тәжірибесіне сүйеніп елорданың өзге аудандарында да осындай орталықтар ашу жоспарланған. Тәуелсіздік 30 жылдығына орай ашылатын орталықтар жастар мәселесіне құлақ түрудің плаформасына айналмақ. Әрі оларға «қадамдық қолжетімділік» принципіне сай мемлекеттік қызметтің жекелеген түрлері тұрғылықты мекенжайына немесе жұмыс орнының аумағында ұсынылады.
– Қазір бұл орталықтарға арналған кеңселерді алу мәселесін ойластырып жатырмыз. Орталық ғимараты мейлінше көмекке мұқтаж жастар шоғырланған аймақта болғаны жөн. Әсіресе қаланың шеткі аймақтарындағы NEET cанаттағы жастарға тиісті қызметтердің қолжетімді болғанын қалаймыз. Біздің орталықтарда халықты жұмыспен қамту орталығы және «Отбасы» банкінің басшылығымен меморандум жасалады. Сол меморандумға сай бізге бекітілген қызметкерлері жұмыс күндері орталықта болып, жастарға қызмет көрсетеді. Жұмыспен қамту, білім алу, кәсіп бастау бағытындағы мемлекеттік бағдарламаларды пайдалану тетігін түсіндіреді. Сонымен қатар баспанамен қамту жобалары жайында мағұлмат беріп, «Отбасы банкінен» жеке есепшот ашуға көмек көрсетеді. Негізінен бұл қызметтерді банкке немесе арнайы орталыққа да барып алуға болады. Бірақ ол үшін қаланың бір бөлігінен келесі бір қиырына бару қажет. Оған қоса оларда қашанда ұзын-сонар кезек. Аудандарда жастарға қызмет көрсету орталықтарының ашылуымен бұл мәселелердің шешімі табылады, – дейді «Астана жастары» ресурстық орталығының бөлім басшысы Әл-Фараби Аймақ.
Бір сөзбен айтқанда, елорда аудандарында жастарға қызмет көрсету орталықтарын ашу жастардың мәселесін шешудегі нәтижелі қадамына айналғалы тұр. Оның тиімділігі мен қызмет көрсету сапасына бағаны орталықтың көмегіне жүгінген қала жастары бере жатар.

Шынболат АТЫХАНҰЛЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen − ten =