«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жастар қалауы – элиталық әскер

0 347

Отанды қорғау – қасиетті борыш. Осы қанатты сөзді бүгінгі күннің безбеніне келтірсек, тиісті мерзім бойынша әскери міндетті атқару әрбір жас азаматтың парызы десек болады.
Астана қаласы бойынша өткен аптада әскери міндетін өтеуге шақырылған бір топ жастар Қарулы күштер құрамына аттанып кетті. Салтанатты жағдайда жолға шыққан елордалық жігіттер шекара әскерінде қызмет атқаратын болады.
Елордамызда күзгі әскерге шақыру науқаны қалай жүріп жатқаны жайында газет тілшісіне Астана қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының міндетін уақытша атқарушы, полковник Ерлан Жабықбаев жауап берді.

– Полковник мырза, алдымен биыл Астана қаласынан қанша адам әскерге алынатын болып отыр және де болашақ сарбаздар қалай іріктелетінін айтып берсеңіз.
– Қорғаныс министрлігінің бекітілген жоспарына сәйкес биылғы әскерге шақыру науқанында елордамыздан 1600 азамат еліміздің Қарулы күштерін толықтыруға тиіс. Бұл бағытта жыл басынан бері жү­йелі жұмыс атқарылып келеді. Қорғаныс ісі, әскер саласы қашанда маңызды жұмыс саналатыны белгілі ғой. Сондықтан әскерге бірінші кезекте денсаулығы жақсы жігіттерді іріктеуге мән береміз. Ал білімі мен басқа да шығармашылық немесе спорттық жетістіктері бар азаматтарды, әрине, мәртебелі әскер түріне қарай бағыттаймыз. Жалпы, әскерге шақырылғандар тобын жасақтау басшылық құжаттарының талаптарына қарай жүргізіледі. Бұл ретте «Әскерге шақыртылғандарды алдын ала тексеру туралы ҚР Қорғаныс министрінің №96 бұйрығына сәйкес, алдын ала және нақты түрде екі кезеңде өткізіледі. Әскерге шақыртылғандар және олардың ата-­аналарымен сұхбаттасу парақтарын толтырумен жан-жақты тексеру өткізіледі. Сонымен қатар, ҚР Қорғаныс министрінің 2018 жылғы 2 сәуірдегі бұйрығына сәйкес, әскерге шақыртылғандар толық медициналық байқаудан өтеді. Содан кейін медициналық комиссияның қорытынды шешімі бойынша жарамдылық деңгейі, алған білімі, отбасы құрамы және психофизиологиялық тестілеу қорытындысын ескерумен әскерге шақырылғандарды Қарулы күштер қатарына қабылдау туралы шешім қабылданады.
– Әскерге кімдер шақырылмауы мүмкін, оған қандай себептер кедергі бола алады?
– «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР заңының 35 және 36-баптарына сәйкес, бірінші кезекте денсаулығының жарамсыздығы, сонымен қатар сотталғандығы, отбасы жағдайы, оқуы және басқа да жағдайлар әскери қызметін өтеуге кедергі болуы мүмкін.

– Әскерге шақырылатын жастарға әлеуметтік жағдайынан басқа да нормалар бар ма?
– Әрине, бар. Жалпы әскери құрам үшін шақырылушының бойының ұзындығы 160 сантиметрден кем болмауға тиіс, ал десанттық-шабуылшы әскеріне баратындардың бойы 170-180 аралығынан кем болмауы керек. Мемлекеттік күзет қызметіне қабылданатындар үшін, сонымен қатар, салмағына да талаптар қойылады. Атап айтқанда, дене салмағы мен бойының арақатынасы, яғни дене салмағының индексі анықталады.
Сондай-ақ, әскерге шақыртылушының орта білімі болуы керек. Физикалық да­йындығы мен оның алғашқы әскери да­йындықтан қалай өткеніне де мән беріледі.
– Әскерге шақыру алғандардың әскер түрін таңдауға мүмкіндігі бола ма? Қай әскер түрін элиталық деп айтуға болады?
– Әскери құрамдардың бәрінде элиталық бөлімшелер бар деп айтуға болады. Дегенмен Мемлекеттік күзет қызметі, десанттық-шабуылшы әскери құрамы, теңіз әскері, ҰҚК шекаралық әскері ерекше басымдылыққа ие әскер құрамына жатады. Бұл әскер түріне қабылдау медициналық комиссияның шешімі және психофизиологиялық тестілеу нәтижелері бойынша жүзеге асырылады. Дегенмен әскерге шақыртылғандардың көпшілігі элиталық әскер құрамына барғанды қалайды. Ал біз болсақ қатаң талапқа бағынамыз.
– Ерлан Қаһарбекұлы, әскерге барғысы келетіндер көп пе, әлде «ұстатпай» жүргендер көп пе?
– Әскерде қызмет етуге барғысы келетін жастардың қатары жыл сайын көбейіп келеді. Бұл қуанарлық жай деп ойлаймын. Көптеген әскерге шақырылушылар мерзімді әскери міндетін өтеу үшін және әскери қызметін шартпен жалғастыруға немесе басқа да мемлекеттік органдарға қызметке тұру үшін өтініштерін беріп жа­тады.
Өкінішке қарай, әскерге барғысы келмейтіндер, қандай да бір себептерді алға тартып әскери міндеттен жалтарғысы келетіндер де жетерлік. Тіптен іздегенде таппайтындар да болады. Олардың көбі әлеуметтік жағдаймен санасады. Бірі әскерге барғанша ақша табудың соңында жүрсе, енді бірі отбасын асырауды немесе ата-анасының жағдайын ойлайды. Алайда еліміздің әскери міндетін өтеуге тиіс әрбір азаматы заңдылықтарды білуі керек.
Осы орайда Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, қатерлі «жалтарушыларға» қатысты әкімшілік және қылмыстық әсер ету шаралары қолданылатынын айтқым келеді. Осы бағытта біз қаладағы оқу орындарында, мекемелерде үгіт-насихат түсіндіру шараларын, патриоттық науқандар жүргізіп келеміз.
– Астанадан күзгі шақырылыммен аттанған алғашқы сарбаздар қай әскери құрамға қосылды екен, келесі топтардың әзірлігі қалай болып жатыр?
– Өткен аптада салтанатты жағдайда шығарып салған астаналық жастар шекара қызметі бөлімшелерін толықтыр­ды. Ал кезектегі шақырушылар әуе және теңіз әскеріне, сонымен қатар десанттық-шабуылдаушы әскер құрамына баратын болады. Отан алдындағы қасиетті борышын өтеуге аттанатын барлық болашақ сарбаздарға сәттілік тілеймін!

Әңгімелескен
Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды