ЖАСТАР ӨЗ ҚҰҚЫҚТАРЫН ЖАҚСЫ БІЛЕДІ

0 256

Әсима БИМЕНДИНА, Астана қаласы Білім басқармасының басшысы:

– Әсима Темкеқызы, биыл Аста­надағы білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына деген жалпы дайындық барысы қалай жүргізілді?
– Біздіңше, дайындық ойдағыдай болды. Енді 1 қыркүйекте 86 мыңнан астам оқушы 83 мектептің (71 мемле­кеттік және 12 жеке меншік мектеп) табалдырығын аттайды десек, оның ішінде 11 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа қабылданады. Осы орайда, жаңа оқу жылында «Батығай» тұрғын алабынан 1200 орынға арналған жаңа №71 мектептің ашылатындығын айта кеткен жөн. Одан өзге де білім ұйымдарында жөндеу жұмыстары аяқталып, қазір оқушыларды қабылдауға жүз пайыз дайын тұр. Сонымен қатар, 9 мектепке 19 қоғамдық көлік бөлініп, оқушыларды тасымалдау, олардың қауіпсіздігін сақтау мәселелері оң шешімін тапты. Жыл сайынғы алдын ала дайындық шарты бойынша педагогтардың барлығы медициналық тексеруден өткен.

– Дәстүрлі тамыз конференциясы аясында да бірталай тың шаралар қолға алынған болар?
– Иә, алдымен Астана қаласының білім беру ұйымдарында Білім күніне арналған салтанатты саптүзеулер мен «Патриотизм сабағы» өткізіледі. Ол іс-шаралар балалар мен жастарды өз Отанын сүюге, оның лайықты азаматы болуға, қоғамда келісім мен тұрақтылықты сақтауға тәрбиелеу бағытында ұйымдастырылып отыр. Адамгершілік-құқықтық құн­дылықтарға негіз болатын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері – Елтаңба, Ту және Әнұранға ерекше көңіл бөлінеді. Қазір Тұңғыш Президент – Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстанның дамуы мен қалыптасуындағы рөліне де айрықша назар аудару бойынша ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде.

– Конституция және Білім күндері қарсаңында Ата Заң мен білім саласын байланыстыра айтсаңыз… Астанадағы білім беру ұйымдарында өз құқығын білу жағдайы қалай?
– Бүгінде жасөспірімдер мен жастар өз құқықтарын жақсы біледі деп айта аламыз. Себебі, Қазақстан Республикасының Конституциясы күнін елордалық мектеп оқушылары жыл сайын атап өтеді. Тәрбие барысында біз шығармашылық қабілеттердің қалыптасуы мен дамуына, интеллектуалды жеке қажеттіліктерді қанағаттандыруға, балалардың өнегелі болып өсуіне, бой-бітімінің дамуына, әсіресе, патриоттық және азаматтық қасиеттерінің болмысын жаңғыртып, туған жердің мүддесін қорғау мақсатында конституциялық міндеттер мен азаматтық борышын орындауға дайындығын шың­даймыз. Жыл сайынғы дәстүр бойынша барлық білім беру ұйымдарында Конституция күні қарсаныңда көптеген іс-шаралар өткізіледі. Атап айтқанда, сурет көрмесі, «дөңгелек үстел», көрнекті қоғам қайраткерлерімен кездесулер, баспасөз конференциялары, мерекелік бағдарламалар және спорттық іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылып тұрады.

– Ал, білім саласына тікелей және жанама заң талаптарына қатысты қандай ой-пікір айтасыз?
– Біріншіден, мектепке дейінгі ұйым қызметкерлерінің еңбекақы төлеу жүйесі «Азаматтық қызметшілерге, мем­лекеттік бюджет қаражаты есебінен ұста­латын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазы­на­лық кәсіпорындардың қызмет­керлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы №1400 қаулысымен реттеледі.

Екіншіден, балабақша меңгерушісінің еңбекақысы еңбек өтілі мен G-7 шартына сәйкес, 49 549,50 теңгеден 59 282,44 теңгеге дейін, ал жоғары санатты тәрбиешінің еңбекақысы 69 022,44 теңге, 1 санатты тәрбиешінің еңбекақысы 60 804,32 теңге көлемінде бекітілген. Балабақшаның оқу-тәрбие үрдісін, барлық шаруашылық жұмыстарын реттей отырса да, меңгеруші тәрбиешіден аз еңбекақы алады. Сондықтан балабақша басшысының еңбегі мен дәрежесіне сәйкес, Қазақстан Республикасы Үкі­метінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы №1400 қаулысына өзгерістер енгізу керек деп есептейміз.

Үшіншіден, балаларды сапалы тамақпен қамтамасыз ету үшін оған төленетін ата-аналар төлемақысын ҚР «Мемлекеттік сатып алу» Заңына бағыныштылықтан шығаруды қарастырған маңызды.

Еркеғали БЕЙСЕНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × three =