«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жастар неге жұмыссыз?

0 177

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қоғам тұтас­тығы – тәуелсіздік кепілі» Үндеуінде жастардың жұмыссыздығын басты назарға алды. Мемлекет басшысы: «Жұмыссыздықты, әсіресе жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтуға ерекше көңіл бөлу керек. Жоғары оқу орындарын, колледждерді бітірушілер, әсіресе білімі жоқ жастардың тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігі әрқашан бола бермейді» деп баса айтқан болатын.

13-2-scaled

 

«Жарты жыл жұмыссыз жүрдім»

Қазіргі таңда оқу орнын бітірген бойда өз мамандығымен жұмыс істеп жүрген жастар сирек. Олардың  «бізден тәжірибе сұрайды әрі жұмыссыздарға ұсынған жалақы өте аз» деген өз уәжі бар. Мәселен, редакциямыз­ға хабарласқан Айым еліміздегі белгілі оқу орнын заңгер  мамандығы бойынша былтыр оқу бітірген. Дипломын алғанға дейін еш жерде тәжірибесі болмағандықтан, 6 ай бойы жұмыс таба алмағанын айтты. Жарты жылдан соң ғана бір ай тегін тәжірибеден өту арқылы өзі қалаған жұмысқа тұрған. Қалалық жұмыспен қамту бөліміне барғанымен, ұсынған жұмыс­тардың айлығы өте аз болған. Айым осы аралықта күйзеліске түскенін жасырмады. «Ақша табу үшін мамандығымнан басқа жұмысқа орналастым. 4 жыл бойы оқыған мамандығым бойынша жұмыс табылмағанына қатты күйзелдім. Менен мамандығым бойынша өткен тәжірибемді сұрайды. Дипломды енді алған менде қандай тәжірибе болсын?! Ал жұмыспен қамту бөлімі жіберген жұмыстарда жалақы мөлшері төмен. Күнделікті шығын мен жалдамалы пәтерге жетер-жетпес болады. Менің басымдағы жағдай бірге бітірген біраз достарымның басынан өтті. Олар қазір басқа салада жұмыс істеуге мәжбүр. Себебі жалақысына лайықты жұмыс жоқ» дейді ол.

Мемлекет тарапынан ұсынылған «Жастар тәжірибесі» және «Алғашқы жұмыс орны» жобалары ЖОО және колледж түлектеріне алған мамандығы бойынша бастапқы тәжірибеден өтуге  бағытталған. «Алғашқы жұмыс орны» – бұл жасы 29-дан аспаған жастар үшін бірінші жұмыс орнында кәсіби білім мен дағдыларды көрсетуге арналған. Жалақысы 20 АЕК немесе 61 260 теңгені құрайды. Бірақ, бұл жалақының төмен екенін сіз бен біз білеміз. Себебі жалдамалы пәтер, күнделікті жүріс-тұрыс­тың өзі бұл жалақы көлемінен асып кетеді. Қосымша жұмыс істеуге уақыт жетпейді. Сонда жастар өз мамандығы бойынша қашан жұмысқа орналаса алады? Жауап­қа келгенде тосыламыз…

Өңірлердегі ахуал қандай?

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2021 жылғы III тоқсанда жұмыссыздар саны 450,7 мың адамды құрады. 2020 жылмен салыстырғанда жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ға төмендеген. Соның ішінде, 15-28 жастағы жастардың үлесі 17,2%-ды, яғни, 77,5 мың адамды құрайды. Соңғы мәліметтер бойынша, жұмыссыз жастар Алматы, Алматы облысы және Нұр-Сұлтан қаласы бойынша жоғары көрсеткіш көрсетіп тұр. Бас қалалардағы бұл ахуалдан  жастар үшін жағдайдың төмен екенін байқаймыз.

Республика бойынша жұмыссыз жастардың 21,1 мыңы жарты жылға дейін жұмыс іздеумен табан тоздырады екен. Қазіргі таңда инженер кадрларды, соның ішінде құрылыс, электротехника және энергетика мен тау-кен өндірісі мамандарына сұраныс бар. Ал педагогика саласы бойынша, шет тілі, физика, биология, математика пәні мұғаліміне сұраныс артып тұр. Әсіресе, Атырау, Ақтөбе қалаларында осы салада мамандықтар тапшы.

Жалақы көлемі ұлғайтылады

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне қарасты Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Азамат Байтасовтың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсыр­масын орындау мақсатында биыл «Жастар практикасы» жобасы аясында қатысушылардың еңбекақысы 40 АЕК – 122 мың теңгеге дейін көбейтіледі. «Биыл жастар тәжірибесіне 1084 жұмыс орнына 288 жұмыс беруші және алғашқы жұмыс орны бойынша 700 бос жұмыс орны бар. Бұған 49 жұмыс беруші қатысады. Өту мерзімі 6 айдан 1 жылға дейін екі есе ұлғайтылады. «Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысушылардың жалақысы 30 АЕК-ке дейін артады, яғни 91 мың теңге болады. Сонымен қатар, биылдан бастап жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік грант сомасы 200-ден 400 АЕК-ке дейін екі есеге артады және 1 225 200 теңгені құрайды» дейді Азамат Байтасов. Ал мемлекет тарапынан берілетін кәсіпкерлікке арналған грантқа жұмыссыз жастар және «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік оқыту курсынан өткен адамдар үміткер бола алады.

Осы саладағы тәжірибелі маман, бизнес-тренер, коуч Бибігүл Шайхиева жастарға кәсіп ашуға мүмкіндік мол екенін айтты. «Ақпарат дамыған заманда жастарға мүмкіндік өте көп. Қазіргі таңда инфобизнес, мобилограф, IT маманы, фотографтар өте көп сұранысқа ие. Диплом бойынша деп тек бір мамандықпен шектеліп қалуға болмайды. Қосымша дағдыларды да көп меңгеру керек. Диплом алмай тұрып та, мамандығы бойынша тегін тәжірибелерден өткен дұрыс. Сол кезде өзіне де біраз жолдар ашылатыны анық. Тек университет берген білімге ғана уақыт жұмсауды дұрыс деп есептемеймін. «Сәби», «Асылтас», «Тәуелсіздік ұрпақтары», т.б. көптеген қорлар жастарға идеясы бойынша тегін гранттар беріп жүр. Алайда мемлекет тарапынан нақты жастарға арналған кәсіпкерлік бағдарламалары жоқ. Өңірлерде соңғы 2-3 жылда «I-SEED» және «Zhasprojekt»  жобасы жүзеге асырылды. Осындай бағдарламаларды республика деңгейінде көбейту керек деп ойлаймын. Себебі тренер ретінде тәжірибемде республикалық деңгейде жобасын жүзеге асырып жатқан жастар көп. Тек кәсіпкерлік білімді дұрыс сіңіру керек» дейді ол.

Кәсіпкерлік гранттары жастарды қолдауға және азаматтарды нәтижелі жұмыспен қамтуға үлкен мүмкіндік беретіні сөзсіз. Бұл бағыттар бойынша республикадағы жұмыспен қамту орталығына жүгінуге болады.

Жұмысқа орналасу неге қиын?

Жоғарыда дипломы бар маман үшін де, қосымша мамандықты меңгерген жастар үшін де бағдарламаларды тізбектедік. Ал егер сол мүмкіндіктерді пайдаланбай, ұзақ уақыт жұмыссыз жүру адам психологиясына әсер ете ме деген сауалды психолог маман Эльвира Қасымнан сұраған едік.

Психолог «Дипломы бар жастар неге жұмысқа орналаса алмайды?» деген сауалға бұл күйзелістен болуы да мүмкін деген пікір айтты. «Жұмыссыз­дық туралы айтылған кезде алдымен жастардың неге жұмыс жасауға құлқы жоқ екенін ескеру керек. Бұл адамдағы күйзелістің әсерінен болады. Себебі күйзеліс кезінде адамға ештеңе қызық болмайды. Гарвардтың дипломы болса да, жұмысқа орналаспаса, онда армандары туралы қайтадан ойланғаны жөн.  Ересек өмірде бала күндегі арманның орындалуы нағыз бақытқа әкеледі, жан рахатын сыйлайды» дейді Эльвира Қасым.

Оның айтуынша, адамның жұмыс істеуіне ішкі психология­лық жай-күйі әсер етеді. Яғни, психологиялық тұрғыда ересек болған адам ғана өзінің қабілеттерін тану арқылы тұрақты жұмысқа орналаса алады. «Жұмыс жасай алу үшін паспорттағы жасының 18-ге жеткені емес, адамның ішкі ересектігі қажет. Егер адам табыс таппайтын болса, жұмыс істемейтін болса, психологиялық жан дүниесін емдеу керек. Себебі жас маман дипломын алғаннан кейін де жылдар бойы жұмыссыз жүруі мүмкін. Осы ретте ең бірінші, балаға оқуды таңдау еркіндігін беруіміз керек. Мысалы, анасы балет бишісі болуды армандап, өзі түсе алмауы мүмкін. Баласының жан-дүниесі балет бишісі болуды қаламайды делік. Ал анасы қызын соған түсуге мәжбүрлейді. Бұл адамға жұмыс істеуде, іздеуде өз әсерін тигізеді. Сол үшін баланың арманын анықтап, таңдау еркін бергені дұрыс. Өзінің қабілетін таныған бала жұмыс істеуге де құлықты болады. Жалпы адамды құс деп сипаттайтын болсақ, бірінші қанаты – отбасы, екінші қанаты – жұмысы. Құстың бір қанаты ұшпайтын болса, онда ол адам кеңістікте еркін қалықтап ұша алмайды. Ұшу үшін оның екі қанаты да сау болуы керек» дейді ол.

P.S: Жастар арасындағы жұмыссыздықтың сәл де болсын былтырғы жылмен салыстырғанда, төмендегені көңілге жылу ұялатады. Маманның жұмысқа орналасуы жұмыс берушінің талабы мен жас маманның сауаттылығына да байланысты деп ойлаймыз. Дегенмен, мемлекет тарапынан жастар үшін арнайы бағдарламалар жасалып, жағдай түзелгені дұрыс. Әйтпесе, айлығы шайлығына жетпейтін жастың мемлекет үшін жаны ашуы екіталай…

Айзада Жайыққызы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды