Жастар неге шет ­елден жұмыс ­іздейді?

0 27

Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында сөйлеген сөзінде «Еңбек миграциясы – бұл біліктілікті арттыру, жаңа дағдыларды игеру, өз ісін ашу үшін бастапқы капиталды жинақтау мен басқа әлеуметтік-мәдени ортаға бейімделу сияқты жағымды жақтары бар көп қыр­лы процесс» деп еңбек миграциясы мәселесіне ерекше назар аударды. Дегенмен ақпарат көздерінде жарияланған деректерге сәйкес (eadaily.com, azattyq-ruhy.kz, forbes.kz, tengrinews.kz), қазақстандық жастардың дамыған елдердегі заңды және заңсыз еңбек көші-қонын реттеу бойынша шешілмеген мәселелер жиі көрсетіліп келеді.

Соның бірден-бірі – біздің азаматтарымыз үшін жасырын еңбек етуге тартымды елдердің қатарында – Оңтүстік Корея. Бұл елге қазақстандық азаматтар заңсыз еңбек ету үшін соңғы 6 жыл бойы туристік визаны арқау етіп жасырын барады. Мысалы, 2014 жылдан бері Оңтүстік Корея еліне заңсыз еңбек ету үшін баратын мигранттардың саны 359 адамнан 2019 жылы 12 мың адамға дейін күрт өсті. Олардың көбі – 20 мен 35 жас аралығындағы белсенді еңбекке қабілетті ел жастары. Сондай-ақ бұл елде жасырын еңбек етуші азаматтарымыздың құқықтары мүлдем қорғалмаған, кейбір отандастарымыз ауру мен жарақаттан қайтыс болады, өйткені олардың медициналық және әлеуметтік көмек алуға ешқандай мүмкіндіктері жоқ.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, 2020 жылы Кореяда 10 мыңға жуық отандасымыз заңсыз, яғни жасырын еңбек етіп келеді. Тіпті коронавирус пандемиясына қарамастан ондағы азаматтарымыздың қайтуға ынтасы жоқ.
Оңтүстік Кореяға жасырын келетін заңсыз мигранттардың негізгі легін еліміздің оңтүстік аймағының тұрғындары, яғни Түркістан өңірі мен Шымкент қалалары құрайды. Ұлттық Банктің ресми мәліметінше, 2012 жылдан бастап 2019 жылға дейін шетелден азаматтардың қаржылай жеке аударымдарының көлемі 279 миллионнан 614 млн долларын құрады. Соның ішінде Оңтүстік Кореядан Қазақстанға ақша аударымдары 1,7 миллионнан 105 млн АҚШ долларына дейін өсті, яғни 6 жылдың ішінде Корея елінен аударылған қаржы көлемі 60 есеге ұлғайған.
Жоғарыда келтірілген фактілер бұл тенденция сақталатынын және тек дамитынын көрсетеді. Біздің азаматтарымыз, оның ішінде жастар қиындықтарға қарамастан, осы елге ақша табу үшін баратыны анық. Сонымен қатар, бұл елмен еңбек миграциясын реттеген 15 мемлекет болса, соның ішінде Қырғызстан, Моңғолия және Өзбекстан елдері бар. Бұл елдің азаматтары заңдық, екіжақты келісімшарттың негізінде Е-9 уақытша еңбек визасын алу арқылы жұмыс істеуге барады.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы 2020 жылдың қазан айында «Бірқатар елдерде қазақстандықтар заңсыз, жасырын жұмыс істеп жатыр. Мұндай жағдайда еліміздің азаматтары өзге елде тіркеу қиындықтары мен әртүрлі тұрмыстық мәселелерге тап болады. Әсіресе бұл үдеріс пандемия жағдайында айқын көрініс тапты» деп Үкіметке мәселені шешуді тапсырған болатын. Алайда Президент тарапынан берілген тапсыр­маға 6 айдан астам уақыт өтсе де, еріксіз, нәпақасын табу үшін кеткендердің жағдайын шешуді қолға алар емеспіз. «Әр қазақ – менің жалғызым» деп Сабыр Адай айтқандай, Отанынан жырақта еңбегін пұлдап, нан табудың жолында жүрген азаматтарымыздың мәселесін кім шешпек?! Біле білсеңіздер, 12 мың адам – ол он мыңдаған тағдыр мен олардың тілеуін тілеп жүрген 12 мың отбасы.
Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» 2025 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасында шетелде оқитын және жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау дипломатиялық қызметтер жұмысының маңызды басымдығы деп белгіленген.
Осыған байланысты Үкімет бұл мәселені ерекше бақылауға алып, Оңтүстік Корея мемлекетіндегі қазақстандықтардың заңды еңбек ету мүмкіндіктерін тез арада пысықтауы қажет деп санаймыз.

Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ,
Мәжіліс депутаты

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × 2 =