Жастар есірткіге неге үйір?

0 85

Елордада есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті. Жиынға қатысқан мәслихат депутаттары қалалық Полиция департаментінің есірткі дайындаушылар және есірткі саудасымен айналысатын қылмыстық топтарға қарсы өткізілетін іс-шаралар жайын талқылады.«Нашақорлық пен есірткі қылмысына қарсы күрес – мемлекеттік қызметтің маңызды құрамдас бөлігі. Жыл басынан бері 69 қылмыстық іс қозғалды, оның ішінде есірткі сатумен айналысатын 45 адамға қатысты 25 кг түрлі есірткі заттары заңсыз айналымнан алынды. Есірткі құралдарының заңсыз айналымына байланысты қылмыстық теріс қылықтардың 124 фактісі анықталды Синтетикалық есірткі бағасының қолжетімділігі сұранысты арттырып отыр. Жалпы есірткінің осы түріне қатыс­ты құқықбұзушылықтардың 36 жағдайы анықталып, 1 есірткі зертханасы жабылды. Ішкі істер департаментінің ұйымдас­тыруымен 94 профилактикалық іс-шара өткізілді» деді Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Шарибаев.
Есірткі саудасы интернет арқылы жүзеге асқан, негізгі тұтынушылар – жастар. Көлеңкелі бизнес иелері әртүрлі сайттарда, әлеуметтік желілер мен форумдарда жарнамалайды. Полиция департаментінің мәліметінше, аталмыш бағытта 5 қылмыстық іс қозғалған, қала тұрғындарынан есірткі сататын интернет-дүкендердің жарнамасы бар граффити суреттер туралы 18 өтініш келген. Сонымен қатар есірткі диспансеріне жыл басынан бері 256 адам түссе, оның 65-і есепке қойылған. Жалпы бүгінде есірткі диспансерінің деректері бойынша, 1743 тұтынушы есепте тұр.
Сондай-ақ депутаттар үйлердің қабырғаларында есірткі құралдарын жарнамалауға қарсы жүргізілетін іс-шаралар жайын талқылады.
«Есірткіні сату жағдайларының жолын кесу ғана емес, синтетикалық есірткіні қолданудың алдын алу мәселелерімен де шұғылдану керек. Есірткі тасымалына бақылау күшейтілу тиіс. Бейбітшілік көшесі, 18 мекенжайындағы үйдің қабырғасындағы жарнама үш ай бұрын орналастырылған. Алайда полиция қызметкерлерінің ешқайсысы бұған назар аудармайды» деді депутат Зәуре Жүсіпова.
Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының хатшысы ­Ерлан Каналимов полиция бекеттерінің санын қысқарту есірткінің таралуы бойынша істің жай-күйіне теріс әсер еткенін атап өтті.
«Күн сайын жаңа синтетикалық есірткінің екі түрі пайда болады, елордада мұндай есірткінің 50-ден астам түрі таралады. ІІД өкілдерінің мәселесі – мамандар тапшылығы мен техникалық база. Мәселе проблеманы кешенді шешуге ықпал ететін өңірлік бағдарлама құру қажеттігіне келіп тіреледі. Іс-шаралардың мерзімдері, форматы, халықты қамту, қаржыландыру, жауаптылар көрсетілетін бағдарлама шеңберінде көптеген мәселелерді шешуге болады» деді Е.Каналимов.
Тұрақты комиссияның отырысында сөз сөйлеген «Есірткісіз Қазақстан» қоғамдық қорының басшысы Әсел Тайшанова қалада есірткі заттарын тұтынатын балалардың ата-аналарына психологиялық көмек көрсету бойынша жедел желі қажет дейді.
«Ата-аналар мұндай жағдайларда қайда бару керектігін білмейді. Есірткі заттарының құрамдас бөліктері, есірткі өндірілетін зертханаға жіберілетін пошта операторларына бақылауды күшейту қажет. Сондай-ақ есірткі заттарын тұтыну жағдайларын болдырмау үшін автобус парк­теріндегі жүргізушілерді бақылауды қайта бастау керек» дейді ол.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − twelve =