«Жасотандықтар» болашаққа сенімді

0 121

Жастар – мемлекеттің келешегі. Олардың тәрбиелі және білімді болып қалыптасуы – болашақтың кепілі.
Ал, «Жас Отан» Жастар Қанаты өрендеріміздің белсенділігін арттырып, қоғамдық жұмыстарға тартатын ұйым ретінде белгілі. Қарашаның 16-сы күні «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» Жастар Қанатының II съезі өтеді. Дәл осы жиында жастар саясатының 2020 жылға дейінгі даму стратегиясы қабылданып, нақты іс-шаралар бекітілмек. Осы ретте «Жас Отанның» белсенділерін сөз­ге тартқан едік.

Мереке ПОШАНОВ,

«Нұр Отан» ХДП «Нұр» филиалы «Жас Отан» ЖҚ атқарушы хатшысы:

– «Жас Отан» Жастар Қанаты Президенттің елді жаңғыртуға арналған бағытын жан-жақты қолдаумен қамтамасыз ете алған беделді де бұқаралық жастар ұйымына айналды. «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» Жастар Қанатының І съезі 2008 жылы өткен болатын. Онда да біраз маңызды құжаттар қабылданған еді. Биылғы съезде «Жастар – Отанға!» стратегиясы қабылданады. Онда «Жас Отан» мүшелерінің алдағы 8 жылда атқаратын жұмыс жоспары бекітілген. Онда сапалы білім алу, тұрақты жұмысқа орналасу, тұрғын үймен қамтылу және салауатты өмір салтын ұстану міндеттері тұр. Жастарды әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері де біртіндеп шешіліп келеді. Бұл ретте жастар Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласына арқа сүйейді. Жалпы, жастар мүддесіне бағытталған  бұл  стратегия ұзақ мерзімді мақсаттардың декларациясы ғана емес, жаңартудың ауқымды міндеттерін іске асыру жөніндегі іс-әрекеттер басшылығы болмақ.

 

Наурызбек НӘСІР,

съезд делегаты:

«Жас Отан» Жастар Қанатының ІІ съезіне барынша дайындалудамыз. Маңызды іс-шарадан күтетініміз көп. Себебі, алғашқы съезден кейін мемлекеттің жастарға деген қамқорлығы артып, көптеген жақсы нәтижелерге қол жетті. Мемлекеттік гранттардың артуы, «Болашақ» бағдарламасы, «Дипломмен – ауылға» сынды серпінді жобалар жүзеге асып, білімді жастардың жарқын болашағына жол ашты.
Қазіргі таңда жастарды құқықтық тұрғыдан қолдап, олардың әлеуметтік жағдайларының дұрыс қалыптасуына ықпал ету – мемлекеттің басты саясатының бірі. Себебі, тәуелсіз Қазақстан экономикалық тұрғыдан нық қадамдарға бастап, жаңа реформаларды жүзеге асырып, әлемдік аренада өзінің негізгі орнын қалыптастырды. Бұл съезде негізгі күн тәртібінде Елбасымыздың Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты тұжырымдамасы қызу талқыланып, 2004 жылы 7 шілдеде қабылданған «Мемлекеттік жастар саясаты» туралы заңға өзгерістер енгізуге нақты шешімдер қабылданады деп ойлаймын.

Зере ҚҰСАЙЫНОВА,

«Жас Отан» Жастар Қанатының белсенді мүшесі:

Алдағы  «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» Жастар Қанатының ІІ съезі  2020 жылға дейінгі дамудың жаңа векторына айналатын «Жастар – Отанға!» стратегиясын қабылдап, Елбасы жастардың алдына бірқатар іс-шараларды бекітеді деген сенім бар.  Яғни, Елбасы осы жастар құрылтайында да жастар саясаты саласында тың идеяларды ұсынып, жаңа жобаларға жол ашатындығы сөзсіз. Жастардың ғылыми әлеуетін дамытуға және бүкіл қоғамның назарын белсенді өмірлік ұстаныммен ерекшеленетін жастарға бұруға ниетті бұл стратегияның ел болашағы үшін маңызы зор.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 − 3 =