ЖАСӨСПІРІМ ФУТБОЛШЫЛАР ЖЕҢІСІ

0 133

Астанада футболдан жасөспірімдер арасында «Аlaska-Cup 2017» турнирі өтті.

Елордада футболға айрықша мән беріле бастады. Қаладағы бірқатар мектептер жанынан футбол секциялары ашылып, жүздеген бала ала допқа арбалып жүр. Жақында осындай игі бастаманың алғашқы нәтижелеріне де көз жеткіздік.

Астана қаласы футбол федерациясының қолдауымен «Eagles-Astana» жасөспірімдер мен балалардың футбол мектебі және республикалық физика-математика мектебі бірлесіп тәп-тәуір турнир ұйымдастырды. Бұл жарысқа қала мектептерінен командалар қатысты. Жарысқа кәсіпқой төрешілер қазылық етті. Түптеп келгенде, барлық талап-ережелер сақталды.

Ал жарыстың барысына келсек, 2003-2004 жылдары туған жасөспірімдер жарысында «Қуат» командасы жеңімпаз атанды. Екінші орынға «Арландар», ал үшінші орынға «Динамо» командасы ие болды.

2006-2007 жылдары туған балалар арасында үшінші орынға «Эверест» командасы табан тіреді. Ал бірінші орын үшін болған ойында «№8 ОРБЖСМ» командасы мен «Eagles Astana» балалар мен жасөспірімдер футбол мектебі негізгі уақытта 2:2 есебімен тең түсті. Сөйтіп, жеңімпаз пенальти арқылы анықталды. Бұл сында «№8 ОРБЖСМ» жас футболшылары мергендігімен танылды.

– Бұл турнирді биыл бірінші рет ұйымдастырып отырмыз. Астананың өзінен 13 команда қатысты. Балалар арасында футболды жақсы көретіндер өте көп. Сондықтан осындай жарыс ұйымдастыруды қолға алдық. Бұл жарыс­ты жыл сайын өткізуді және басқа қалалардан да командалар шақыруды жоспарлап отырмыз, – дейді турнирді ұйымдастырушы «Eagles Astana» балалар мен жасөспірімдер футбол клубының директоры Қуаныш Рахимов.
Жарыста жүлдегер атанған балалардың жүзінен жеңіске деген жігерді, көл-көсір қуанышты, мерейлі мақтанышты көріп, осындай футбол додаларының жиі болғанын қаладық.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen + 1 =