«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жасанды жүрек соғып тұр…

0 417

Өткен аптада Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының мамандары алғаш рет жасанды жүректің имплантациясы туралы айтып берді. ­Қазақстанда бұл ота биылғы жылдың 19 қазанында 60 жастағы Құнанбай Абраевқа жасалған екен. Созылмалы жүрек ауруына шалдыққан науқас отадан кейін білікті дәрігер Юрий Пяға екінші рет өмір сыйлағаны үшін алғысын білдірді.

Құнанбай Абраевты құт­қа­рудың жалғыз жолы – жасанды жүрек имплантациясы. Өйткені науқасқа донор табылма­ған. 9 жылдан бері ауыратын науқас­тың соңғы алты айдың ішінде ауруы асқынып, жүре алмай қиналған.
«Орталыққа арбамен әкелдік. Шүкір, отадан кейінгі жағ­дайы қалыпты. Ұйқысы ты­нышталып, аяғынан тік тұрды. Әрі-бері жүретін болды» дейді науқас­тың зайыбы. Журналистерге арналған баспасөз мәслихатында Ұлттық кар­дио­xирургия орталығының басшысы Юрий Пя науқастың үйіне шығуға дайындалып жатқанын айтты. «Ота жасағалы бір жарым ай өткен, әзірге жүрегі ешқандай сыр бермей тұр» дейді дәрігер.

«Ақылды» аппарат – француз өнімі
Жалпы, әлемде ең бірінші рет жасанды жүрек салу операциясы 1969 жылы болған. Өкініштісі, науқас үш-ақ күн өмір сүрген. Одан бері ғалымдар түрлі зерттеулер жасап, тың жетістіктерге қол жет­кізді. Мәселен, 2013 жылы Франция­да алғаш рет автомат­ты режимде жұмыс істейтін жасанды жүрек науқасқа салынды. Жасанды жүректің бұл үлгісі физикалық ауыртпалықтың қарқыны өзгергенде жүрек жұмысын сырттан рет­теу­ді қажет етпейді. Со­нысымен ерекшеленеді екен. EADS концернінің авиа­циялық-ғарыш мамандары жасап шығарған аппарат кәдімгі тірі жүрек тәрізді соғады. Оны науқасқа орнату операциясын Париж госпиталінің бір топ маманы жүргізген. Сол кезде өлім аузында жатқан адам отадан соң есін жиып, жасанды демалдыру аппаратынан ажыратылған.
Міне, жасанды жүрек имплантациясы Франция­дан кейін Қазақстанда алғаш рет жасалып отыр. Халық­аралық зерттеу аясында өткізілген отаға бес елдің мамандары қатысқан. CARMAT деп аталатын толығымен жасанды жүрек – франциялық компа­ния­ның өнімі.
«Бұл – осы саладағы ең үлкен жетістіктің бірі. Нанотехнологияның арқасында датчиктер науқастың жағдайын сезіп отырады. Яғни, адамға физикалық күш түскенде немесе көңіл күйі өзгергенде жүрек өзінің жиілігін азайтады немесе көбейтеді. Бұл – өте «ақылды» құрылғы. Қысқасы, біз алға жылжыған сайын жасанды интеллект дами береді. Менің ойымша, алдағы уақытта мидан басқаның бәрі жасанды болуы мүмкін» деп әзілдейді өз ісінің майталманы Юрий Пя.
Жүректің орнына салынатын аппараттың бақылайтын тетігі шағын сөмкеде болады екен. Науқас адам үнемі өзімен бірге алып жүруі керек. Арнаулы қуаттайтын батареялары да бар. Құнына келетін болсақ, әзірге сынақ ретінде жүргізілгендіктен, науқасқа тегін жасалған. Бар шығынды франциялық компания көтерген. Дәрігер Пяның айтуынша, аппараттың негізгі құны 1 миллион еуроға жуық. Ол адамның ғұмырын кемі 5 жылға дейін созады.

Жүрегіне жүк түсіргендер көп
Елімізде жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім көрсеткіші – бірінші орында. Тек Астана қаласында осы сыр­қаттың ауыр түрі бойынша есепке алынғандардың қатары 47 мыңнан асады. Соңғы үш жылда Қазақстанда жүрекке ашық ота жасатқандардың саны 30250-ді құрайды. Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында бес жылдан бері емделіп жүрген азаматтардың саны – 35221.
«Бүгінде елімізде жыл басынан бері бір жасқа дейінгі балаларға туабітті жүрек ақауы бойынша 874 ота жасалды. Отаның үштен бірі ұлттық орталықта жүргізілді. Азаматтардың шет елдерге барып емделуі біршама төмендетілді. Оның үстіне, шетелдік емделушілердің өзі біздің орталықтың қызметіне жүгінуде. Мәселен, 2012 жылдан бері әлемнің алыс-жақын 18 елінен 257 шетелдік науқас келіп, ем-дом қабылдады» дейді Ден­сау­лық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева.
Айта кеткен жөн, жасанды жүрек орнату отасын зерттеу­ге қатысқан бес елдің ішінен біздің еліміз алғашқылардың бірі болып жасауға рұқсат алған.

Гүлмира Аймағанбет

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды