©2020 Астана Ақшамы
Жасанды түсік жасату күнә ма, әлде қателік пе?!
Өздеріңізге белгілі, әрбір қыз баласы, ол – ертеңгі ана. Ал, ана бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербететін қасиетке ие. Әйтсе де, бүгінде осыны түсінбестен, қадамын шалыс басып, абыройына нұсқан келтіріп, өз тағдырына балта шауып жүрген қаракөз қарындастарымыз баршылық.
Сол аруларымыздың некесіз бала көтеріп, құрсағындағы шарананы жасанды түсік жолымен алып тастап жатқаны, әрине, қасірет емей немене?! Себебі, сол қыздарымыз, біріншіден, некесіз қатынасқа барып күнә жасаса, екіншіден, бойға біткен шарананы жасанды түсік жолымен алдыру арқылы тағы да ең үлкен күнәға жол ашуда. Демек, ұлт болашағы, ұрпақ жалғасы болған қыздарымызды аждаһадай жалмап бара жатқан «некесіз қатынас», «жасанды түсік жасату» мәселесіне мұсылман баласы бей-жай қарауға тағы болмайды.
Бұл жолға кімдер барады?
Ең алдымен осындай қадамға «кімдер барады?» деген сауал кім-кімді де мазалары анық. Әлбетте, ауылдан арман қуып келген қыз баласы қала тіршілігіне келгенде алды-артын бағамдамастан, қулығы басым жігіттердің арам пиғылын адал көріп, оларға алданып қалады. Алданып қана қалмай, күнәнің құрбаны болады. Ар-абыройы төгіліп, ойламаған жерден бойына бала бітіп, амалы құрыған қыздың не істері белгілі. Әлбетте, жасанды жолмен түсік жасатудың жолын іздейді. Себебі, әке-шешесіне айта алмайды. Осыған дейінгі әрекетке баруға ұялмаған қыз амалсыздан әке-шешесінен қорқып, Алла алдында да, ар алдында да қылмысын жасырмаққа әрекет етеді. Бойына біткен, тек дүние есігін ашпаған сәбидің өмірін қияды. Міне, мұның барлығының негізгі дерті – имандылықтан алыс болудың нәтижесі. Егер от басы, ошақ қасында әрбір ата-ана ұл мен қызға обал-сауап, жақсы-жаман дегендерді айтып отырса, мұндай лас әрекеттер қоғамда орын алмас еді.
Қалай айығуға болады?
Ал мұндай ұлт трагедиясынан қалай айығуға болады? Бұл тұста ұлттық тәрбиенің рөлі зор. Ұлттың болашағы бүгінгі қыздарымыз, ертеңгі аналар екенін бабаларымыз көрегендікпен айтып кеткен. Сондықтан да қыз тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. «Қызының өзі үйде, қылығы түзде» болатынын білген аталарымыз «қызға қырық үйден тыйым» салған. Сондықтан біз де «ауырып ем іздемей, ауырмайтын жол іздеуіміз» керек. Ең алдымен, жастардың бойына рухани тәрбиенің дәнін егіп, имандылық пен ибалылыққа тәрбиелеуге міндеттіміз. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у): «Өз балаларыңды бағып-қағудан қорқып, ризығын тауып беруді қиынсынып, оны өлтірмеңдер» деп ескертуде. Ал, атам қазақ: «Дүниеге бір қозы келсе, бір түп жусан артық шығады» деп хайуанекеш хайуанның өзі нәпақасыз қалмайтындығын меңзеп кеткен. Демек, мұның жанында ақыл иесі – адам баласы ар-абыройын аяқасты етпей адал, ақ некесімен дүниеге сәби әкелер болса, бұл бір бақыт емес пе?! Ал, дүниеге келген сәби ризық-несібенің артуына себеп болары сөзсіз ақиқат. Шал ақын: «Перзент сүймей адамның мейірімі қанбас» десе, хакім Абай: «Адамның бір қызығы бала деген» деп дүниеге сәби әкелудің нағыз бақыт екенін айтқан.
Бұл мәселеге Ислам діні қалай қарайды?
Ислам дінінде жасанды түсік жасатуға түбегейлі тыйым салынады. Тек бір ғана жағдайда рұқсат етіледі. Егер өмірге сәби әкелу барысында ана денсаулығына сондай қатер төнсе ғана баланы алдыртуға болады. Негізінде, ана құрсағындағы сәбиге Алланың қалауымен жан беріледі. Сосын ол кәдімгі адам, тірі жан болып есептеледі. Ол кезде оны алдыртуға мүлдем болмайды, оны алдырту ең үлкен күнә болып саналады. Қазіргі күні кейбір дәрігерлер түсік жасатуды жасырын саудаға, табыс көзіне айналдырса, ал, қыздар жағы, тіпті, олардың ата-аналары «баланы алдырып таста» деп күнәлі іске өздері итермелеуде. Шындап келгенде, ата-ана балаларына кішкентай кезінен күнә, обал, сауап дегендерді үйретіп, түсіндіргенде, мұндай масқарашылыққа тап болмас еді.
Қайырбек Отызбаев,
«Нұр Астана» орталық мешітінің ресми «www. ummet.kz» сайтының редакторы