ЖАСАМПАЗДЫҚ ЭНЕРГИЯСЫ

0 104

Израиль ЭКСПО көрмесінде «Жасампаздық энергия­сы» тақырыбын таңдады. Елде табиғи ресурстар аз болғандықтан, оларды адамның өзі жасап шығарады деген түсінік қалыптасқан. 

????????????????????????????????????

«Израиль павильонында қонақ болған кез келген адам сапарын жалғастырып, елді өз көзімен көруге құлшынысы пайда болады» деп павильон комиссары Элазар Коэн келушілерді төрге шақырды.

Павильонның кіреберісінде қонақтар ең алдымен 12 метрлік интерактивті жарықдиодты LED-экранын көреді. Жалпы, павильон екі залдан тұрады. Екеуінде де танымдық мультимедиялық шоу көрсетіледі. «Энергия елі» деп аталатын бөлмеде баламалы энергия саласындағы израильдік ноу-хаумен танысады. Сондай-ақ, әлемдегі ең «жасыл» парламент туралы аз-маз ақпарат алады. Соңғы жылдары электр энергиясы мен су ресурстарын үнемдеу мақсатында үкімет «жасыл» технологияларға көп қаражат бөлді. Себебі жаңғырмалы энергия көздерін дамытып, олардың әлем бойынша танымалдылығын арттыру Израиль сияқты табиғи қоры аз мемлекетке аса тиімді. Бөлмеге қайта оралайық, 150 шаршы метрді алып жатқан аумақтың қабырғасы айнадан жасалған, айналасы 2400 LED-шамымен безендірілген. Айна бөлмеге тереңдік беріп, қонақтарды энергияның шексіз болатынын дәлелдейтіндей.

«Жасампаздық энергиясы» деп аталатын аумақта биші қыз хореографиялық шоу қойып, адам бойындағы күш-қуат қоршаған ортаны өзгертіп, бөлек әлем жасауға жететінін би арқылы көрсетеді. Павильон бір мезетте 100-ге жуық адамды қабылдауға қауқарлы.

img_7590-12-06-17-14-53

– Израиль табиғи ресурс­тарға бай болмаса да, ең басты адам ресурстарын басқаруды үйренді. Әрине, бұл сала даму үшін оған қаржыны көптеп жұмсау маңызды. Еврей халқының даналығы арқасында еліміз ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетіп отыр, – дейді Элазар Коэн.

Енді Израильдің инновациялық технология саласындағы үздік жобаларына жеке-жеке тоқталайық. Ауылшаруашылық өндірісін бір жолға қойып, одан табыс табудың жолын үйренді. Мәселен, 1959 жылы еврей инженері Симча Бласс және оның ұлы Ешаяху тамшылатып суландыруды алғаш болып ойлап тапқан. Қазіргі таңда бұл әдісті бүкіл әлем пайдаланады. Израиль қоқыс өңдеуден де көбісінен көш ілгері. Бір кездері қоқыс алаңы болған жерлер бүгінде жасыл мекендей жайқалып, еврей халқының демалатын орнына айналды.
Бүгінде Израильде 200-ден астам жоғары технологиялық компания бар. Олар күн, жел және биомасса энергетика саласындағы бірегей шешімдерді әзірлеуде. Мемлекет 2025 жылға қарай көлікке шығындалатын мұнай шикізатын 65 пайызға азайтуды көздеп отыр.

ЭКСПО көрмесі аясында 29 маусымда, Израильдің ұлттық күнінде, AvevA деген атпен өнер көрсетіп жүрген әнші концертке қатысады. Сонымен қатар, дауылпаздар тобы мен джаз бағытын ұстанған өнер иелері сахнадан табылады. Ал 5 тамызда Астанадағы Израиль және Австрия елшіліктері бірігіп, еврей халқының дәстүрлі клезмер музыкасының фес­тивалін өткізуді жоспарлап қойды.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seven − 4 =