Жасампаздық арнасының жалғасы

0 75

Өмір бір орында тұрақ­тамайды, кез келген ел ілгері басып, одан биік белестерге жетуді жоспарлайды. Бүгінде әлем таныған қазақ елі де үлкен мұраттарға қол созып, қанат қомдауда. Осы ретте Елбасы еліміздің жаңа даму бағдарламасын «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» деген Жолдауын ұсынды.
Жолдаудың басты мақсаты – елі­міз­дің бәсекеге қабілетті 30 елдің қата­рынан орын алуын қамтамасыз ету. Мұндағы басты ұстанымдар: «Біздің ендігі міндетіміз – егемендік жылдары қол жеткізгеннің барлығын сақтай отырып, ХХІ ғасырда орнықты дамуды жалғастыру. Біздің басты мақсатымыз – 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған эконо­миканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру» екенін атап көрсетті Елбасы.
Осы Жолдау халықтың арасында көптен сөз болып жүрген біршама мәселелерге нүкте қойды. Оның бірі – бүгінге дейін әр жерде (конференцияларда, семинарларда) айтылып қалатын әліпби жайы. Латын әліпбиіне көшу аяқ астынан айтылған жаңалық емес. Әліпби ауыстыру жайында тәуелсіздік алған жылдардан бері айтылып келеді. Алайда, нақты шешімін таппай, түрлі ойлар мен пікірлерден әрі аса алмай қалатын. Шындығында, бұл қадам – заман талабы. Ақпараттық технологияның дамыған дәуірінде латын қарпі заманауи прогресстің таңбасы ретінде қалыптасқаны ақиқат. Сол себепті Жолдауда әліпбидің ауысу мерзімі де нақтыланды. Елбасы: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз.
Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» деді.
Жолдау қазақ елі үшін, қазақ ұлты үшін маңызды мәселелерді толық қамтыды. Алдағы уақыттарда қазақ мемлекетінің болмысы мен ру­хани дамуы ерекше атап өтілді. Қазақ болмысының негізгі сипатын көрсететін тіл мәселесі жан-жақты айтылды. «Қазірдің өзінде еліміздегі оқушылардың 60 пайыздан астамы мемлекеттік тілде оқиды. Мемлекеттік тіл барлық мектептерде оқытылады.
Бұл – егер бала биыл мектепке барса, енді он-он екі жылдан соң жаппай қазақша білетін қазақстандықтардың жаңа ұрпағы қалыптасады» деген уәждің өзі келешекте қазақ тілі мем­ле­кеттің ұлттық тіліне айнала­тындығын аңғартса керек.
«Ақырын жүріп анық бас, Ең­бегің кетпес далаға» деп дана Абай айтқандай, өткен кезеңдердегі Елба­сының қайраткерлік қарымы бар­лығына сабырлық пен даналықтың нәтижесінде жетуге болатынының дәлелі. Мұндай ұстанымды басшы­лыққа алып, тәуелсіздік алған күннен бастап межеленген мерзімге дейін жоспарлы жұмысымызды жалғастыра берсек, онда ойлағанымыз орындалып, мұратымызға жететініміз анық. Яғни, тіл дамыту мәселесі бүгінгі қарқынынан таймай, мақсатты жұмыстар жасай білсе, ұлттығымыздың мәртебесі де асқақтай түсері сөзсіз. Сонда, Елбасы айтқандай, «Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ деп атайтын боламыз».
Жолдауда заманауи білім беру, кадр даярлау жүйелерінің бағдарлары белгіленді. Онда білім берудегі төрт бағытқа басымдықтар берілді. Олар: мектепке дейінгі білім берудің жаңа әдістеріне көшу; инженерлік білім беру мен заманауи техникалық ма­ман­­дықтар жүйесін дамыту; жеке бизнестің, үкіметтік емес және қайы­рымдылық ұйымдарының, жеке адамдардың әлеуметтік жауапкершілігі білім беру саласында көрінуі; оқыту әдістемелерін жаңғырту.
Мұндағы түйінді мәселе – білім беру саласындағы ескірген, сұранысы жоқ пәндерден арылып, олардың орнын заман талабына сәйкес ғылыми негізі бар, заманауи пәндермен то­лықтыру. Мүмкіндігінше ұлттық эко­номиканың келешектегі сұра­нысын қанағаттандыратын инже­нерлік және техникалық маман­дықтар қатарын арттыру. Оған қоса, оқу әдістемелерін жаң­ғыр­тып, отандық білім беру ісіне инно­ва­циялық әдістерді енгізу. Теориялық білім алушылар өндіріс орындарында тәжірибелерін жетілдіруге тиіс. Ол мамандардың толық әрі бүгінгі заман талабына сай жұмыс жасау мүмкіндіктерге ие  болуын қамтамасыз етеді.
Мұның түпкі байламы Жол­даудағы: «Қазіргі әлемде жай ғана жаппай сауаттылық жеткіліксіз болып қалғалы қашан. Біздің азамат­тарымыз үнемі ең озық жабдық­тармен және ең заманауи өнді­ріс­терде жұмыс жасау машығын мең­геруге дайын болуға тиіс» деген ұс­танымдармен ұштасады…
Расында, бүгінгі білімгер – ертеңгі маман. Бүгінгі жас – болашақта қазақ елінің туын асқақтататын тұлға. Осындай жауапкершілікті міндетіне алатын болашақ қазақстандық бі­лімгер өз бетімен білімін жетілдіруі тиіс. Әйтпесе, білім саласындағы босбелбеулік бәсекеге қабілетті мамандардың тапшылығына алып келеді. Ал, бұл еліміздің қалыпты  дамуына кері әсерін тигізері сөзсіз.

Нұрлан МАНСҰРОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

12 + fifteen =