ЖАСАМПАЗ ЖЫЛДАРДЫҢ ЖАРҚЫН IЗДЕРI

0 127

китап НазарбаевҚазақстан Президенті ұсынған өміршең идеяға 20 жыл толды

Наурыз айында «Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірде жүзеге асқан еуразиялық жобасы. Еуразия жобасының 20 жылдығына 1994-2014» атты кітап жарық көрген еді. Онда «Мемлекеттердің еуразиялық одағын қалыптастыру туралы жобаны» жүзеге асыру жайында жан-жақты деректер келтірілген. Осыдан тура жиырма жыл бұрын – 1994 жылдың наурыз айында Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде дәріс оқыған кезінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осы жобаны еуразиялық ендікте пайда болған тәуелсіз мемлекеттерді елдестірер пәлсапалық аңсар, тағылымдық тұғыр ретінде ұсынған болатын. Нақ осы ой-аңсардан оңтайлы еуразиялық интеграциялық құрылымдар өскіндеп, қазіргі күні ақиқатқа айналған Еура­зиялық экономикалық одақ құру мүм­кіндігі тамыр тартқан-тұғын.

Аталмыш кітаптың авторы – белгілі қазақстандық саясаткер әрі дипломат, ЕурАзЭО-ның бас хатшысы Тайыр Мансұров бұрынғы кеңестік елдер алдына тың мүмкіндіктер мен перспективалар ашатын серпінді экономикалық және әлеуметтік дамудың сенімді құралы ретіндегі еуразиялық жобаның тарихи рөлін жүйелі көрсете алған.

Еуразиялық теорияның негізін салушылардың (Г.В.Флоровский, Н.С.Трубецкой, Г.В.Вернадский, С.М.Соловьев, Л.Н.Гумилев) өздері еуразиялық кеңістіктің тұтастығын табиғаттың өзі жасағанын әрі оның тарихи дамуы табиғи-географиялық және әлеуметтік-мәдени факторлардың өзектесе өріліп, өзара әре­кеттесуіне арқа таңатынын пайымдаған.

Назарбаевтың ойынша, ЕАО дегеніміз – тең құқылы тәуелсіз мемлекеттердің одағы, онда әрқайсысының ұлттық-мемлекеттік мүдделері ұштасып, бүкіл жиынтық әлеует-қарым ортақ мұратқа жету үшін пайдаланылады. ЕАО-ға бірігудің тұғыры – экономикалық байланыс­тар. ЕАО қалыбын құрып, әдібін жетілдірудің басым қағидалары – интеграцияға прагматикалық көзқарас, мемлекеттер бірлесуінің экономикалық тиімділігі мен еркіндігі. Өзара әрекет жасаудың басты бағыттары экономика, сауда, ғылым мен мәдениет, білім беру, экология салалары болмақ.

Еуразиялық ынтымақтастық аңсары Қазақстан көшбасшысының өмірлік мұратына айналып, инте­грациялық идеялардың тиімділігіне Владимир Путиннің, Александр Лукашенконың және басқа да бұрын­ғы кеңестік мемлекет басшы­ларының көзін жеткізе білді, соның арқасында қазіргі кезде ден қоюшылар қатары молайып, жоба арқауы ширатыла түсті.

БЕДЕЛСӨЗ

495_23195Анатолий БАШМАКОВ,

Парламент Сенатының депутаты:

– Мүше елдер арасындағы тауарлар айналымын, капитал мен қаржының, түрлі қызметтер мен еңбек күшінің еркін қозғалысын қамтамасыз ететін жаңа Одақтың әлеуеті зор. Оның республика экономикасына өндіріс пен ғылымның дамуында орасан зор ықпалы болады. Бұл, ең алдымен, экономикалық си­патқа ие интеграциялық бірлестік. Еліміздің ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылу мақсатының жүзеге асыруына серпін беретін үлкен кеңіс­тік деп қарауымыз керек. Көздеген мақсаты биік жоба еуроатлантикалық және азиялық кеңістіктердің арасын жақындататын, Еуропа, Қытай, Жапония, Үндістан сияқты ірі державалармен экономикалық ынты­мақтастық өрісін кеңейтуге жағдай жасайды. Біз – пассионар халықпыз. Еуразия жүрегінде жасап жатқан ха­лық­тың жаңа белестерге ұмтылуы, заманның тынысын танып, келешекке адымдауын осымен байланыстырамын. Бір кеңістікті қатар жайлаған мемлекеттердің ұлттық мүддесі – көршісімен тату болып, саудасын гүлдендіріп, халқының әл-ахуалын жақсарту болса, онда осындай мүмкіндіктерге жол ашатын Еура­зиялық экономикалық одақтың бола­шағынан мен де көп нәрсе күтемін.

Сонымен қатар, аталмыш кітапта 2000 жылғы 10 қазанда Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей мен Тәжікстан мемлекет басшылары бас қосып, мықты қызметтік құрылымы, тиімді жұмыс тетіктері, айқын да ұғынықты мақсаттары – Кедендік одақ пен БЭК құрып, әлемдік сауда-экономика жүйесіне кірігу мұраты бар халықаралық ұйым – ЕурАзЭО-ға бірігуі заманауи еуразиялық интеграция ағымы үшін шын мәнінде шешуші кезең болғаны анық.

Бұрынғы кеңестік кеңістіктегі өзге өңірлік бірлестіктерден ЕурАзЭО алға қойған мақсаттарын табанды да жүйелі түрде әрі тарихи өлшем тұрғысынан тым қысқа уақытта жүзеге асырып, тынбай алға озып келе жатқандығымен ерекшеленеді. Мәселен, ЕурАзЭО аясында 2010 жылдан бастап үш елдің Кедендік одағы жұмыс істеп, 2012 жылдан бері түбінде келешекте толыққанды жұмыс режиміне көшетін БЭК қалыптаса бастады.

Болашақта Кедендік одақ пен Бірегей экономикалық кеңістікке басқа да посткеңестік елдер қо­сылуға бел буып отыр, мұның өзі қар­қынды даму даңғылына түсіп, тұр­ғын ха­лықтың тұрмыстық хал-ахуалын жақсарта түсуге, бір сөзбен айт­қанда, іргелес жатқан жұрттың ыңғайлы ықпалдастығына, ымыралы ын­ты­мақ­тастығына жол ашары сөзсіз.

Міне, Еуразия кеңістігіндегі жасам­паздықтың жиырма жылдығын жап­сарлаған кітап бетін парақтап, әр жо­лын көз алдымыздан өткізгенде осындай ой түйіп, сенім бекіткен едік.

Бірке БАЯНҰЛЫ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twelve + 7 =