Жасампаз жарыс

0 115

Ел іргесі бекігенінің белгісіндей болған Тәуелсіздіктің 25 жыл­дығы тойланған күні Астанада алғаш рет дрондар жарысы ұйым­дастырылды. Ұлттың ұлық мерекесі қарсаңында өткізілген «Drone Racing Kazakhstan» атты бірінші республикалық чемпионат – дамудың тағы бір айғағы. Осындай бастамалармен отандық робототехника өрісі кеңи түспек.

img_3278

Қазақстанның әр өңірінен келген 50-ге жуық қатысушы «Барыс арена» мұз сарайында бас қосты. Айтулы шараның ашылуына Астана әкімі Әсет Исекешев арнайы келіп, бақ сынаушыларға сәттілік тіледі.
– Бүгін біздің балалардың арасындағы новаторлардың, робототехниктердің, өнертапқыштардың қозғалысына жол салатын екі маңызды чемпионаттың өтіп жатқаны қуантады. Бұл жарыстарға 200-ден аса адам қатысуда. Робототехникадан турнирге 160 дарынды бала келіп, жақсы жобалары мен өнертабыстарын таныстырды. Дрондар жарысы да инновациялық чемпионат саналады. Осы турнирлерді жыл сайын өткізетін боламыз. Биыл біз робот құрастырушы үздіктер үшін 1 млн 300 мың теңге көлемінде арнайы жүлде тағайындадық. Біз бұл ілгерілеуді қолдаймыз және келесі жылы елорданың 42 мектебінде робототехника сыныптарын дайындаймыз, – деді елорда басшысы Әсет Исекешев.
Бұл өркениет заманындағы бүгінгінің «бәйгесі» іспетті. Дрондарды дайын­дап, сәйгүлік сияқты бәйгеге қосса, оларды басқарушылар – шабандоздар. Осы өнертапқыштардың жарысы үшін ұлттық нақыштағы айрықша трасса орнатылды. Қатысушылар дрондарын бейнекөзілдіріктің көмегімен басқарды.
Жарыс жүйріктерін робототехника саласының білгірлері анықтады. Атап айтсақ, техника ғылымдарының докторы Сабыржан Атанов, «Қазақстан авиациялық индустрия» ЖШС-нің Пилотсыз ұшу аппараттары бөлімінің басшысы Жанту-Ибрагим Мамашев, «ҚазРоботикс» Қазақстандық Білім беру және спорттық робототехника Федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі президенті Айжан Жекеева, Назарбаев университетінің робототехника департаменті зерттеушісі Алтай Жақатаев және «UAV Center KZ» ұшу аппараттарын құрастырушы инженер Виталий Гроо төрелік етті.
Инновациялық жарысты ұйымдас­тыруға мұрындық «Қазақстан инжи­ниринг» ҰК» АҚ-ның басқарма төр­ағасы орынбасары Анатолий Пигорев робототехниканың оқушылардың өміріне дендеп еніп келе жатқанын, сол үшін балаларға қосымша білімнің қажет екенін, бұл саланың елімізде дамуына барынша жағдай жасалу керектігін атап өтті.
Сонымен, бір күн бұрын іріктеу туры өтіп, сегіз жүйрік таңдалды. Оның арасындағы төрт үздігі финалда өзара бәсекеге түсті. Нәтижесінде үшінші орынды Данил Дроздов пен Ербол Төлебаев алды. Олардың әрқайсысының жүлдесі 300 мың теңгені құрады. Екінші болып келген Дәурен Төлеуовке 500 мың теңге табыс­талды. Ал бәрінен жүйрік шыққан Андрей Манькоға тағайындалған бас жүлде – бір миллион теңге.
Мұндай ел біріншіліктерінде жеңімпаз болғандарға Қазақстан ұлттық құрамасына еніп, халықаралық додаларда өнер көр­сетуіне мүмкіндік мол.
Бұған қоса, бұл чемпионат аясында «Drone Expo Kazakhstan-2016» атты пилотсыз басқарылатын ұшу аппараттарының көрмесі ұйымдастырылды. Қызығушылық танытқандар дрондардың неше түрімен танысып, шеберлік сабақтарына қатысты.

Орынбек  ӨТЕМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × 1 =