Жас жұбайларды қолдайды

0 34

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен «Отбасы – бақыт мекені» отбасы институтын нығайту жобасы іске қосылады. Бұл жобаның басты мақсаты – үш жыл бойы жастарға бақытты отбасын құрудың қыр-сырын үйрету.

«2023 жылдың соңына дейін мыңнан аса адамды мақсатты аудиториямен қамтуды жоспарлап отырмыз. Олар – жас отбасылар, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері. Сондай-ақ жас ата-аналар мен балаларды да қатыстыру жоспарда бар. Біз жастар, гендерлік, отбасылық саясат саласындағы білікті мамандарды шақырамыз. Сонымен қатар үлгілі отбасылардың өкілдері өздерінің құндылықтары туралы әңгімелейді. Балалар құқықтары жөніндегі өкілдер, баланы жоспарлау және тәрбиелеу жөніндегі мамандар да тартылатын болады» деп атап өтті жоба кураторы, жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың өкілі Нұржан Парманов.
Жоба ауқымды бағдарламадан тұрады. Шара семинарлар, жас отбасыларға арналған онлайн-тренингтер, «Үздік жас отбасы» байқауы, бейнероликтер конкурсы, факультативтік сабақтар, жас аналарға арналған семинарлар мен тренингтер, отбасылық марафондар сияқты жеті бағытты қамтиды.
Осы аптада бізде «Үздік жас отбасы» байқауы басталады, сонымен қатар отбасылық құндылықтарды насихаттайтын үздік бейнеролик байқауы өткізіледі. Спорттық марафондар да бастау алды. Қыркүйек айында жас отбасылар үшін арнайы семинар-тренингтер өткізіледі. Аналар үшін түрлі жанрдағы онлайн-курстар ұйымдастырылады. Мәселен, танымал аспазшылар өз шеберліктерімен бөлісетін болады.
Жобаға қатысу тегін. Сонымен қатар байқау жеңімпаздары мен белсенділер үшін сертификаттар түріндегі сыйлықтар қарастырылған. Үш жылдық жүлде қоры 4 миллион теңгені құрайды. Жобаға қатысу туралы барлық ақпаратты 8 702 837 32 49 нөмірінен, @ns_jastary инстаграм парақшасынан алуға болады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

ten + three =