Жас жұбайлар шеруі

0 188

Астананың 15 жылдығында той тойға ұласты. Нақты айтқанда, «Атамекен» этно-мемориалдық кешені алаңында қала күні мерекесіне арналған салтанатты неке қию рәсімі өтіп, әр жастағы 37 жұпқа арналған ақ ниеттер ағылды. 

Астана қаласы Әділет департа­менті азаматтық хал актілерін тір­кеу бөлімінің меңгерушісі Гүлнар Сағындықова тағдырларын бас байрақтың түбінде тоғыстырған жас жұбайларға неке қиғаны туралы куәлікті табыс етіп, жылы лебізін білдірді. Содан соң, үлкен мерекелік торт кесіліп, қуаныш иелері одан ауыз тиді. Әуеге игі тілектер жазыл­ған шарлар ұшырылып, келешек жарқын өмірге қадам басуды Астана күніне жоспарлаған жастарға ескерткіш сыйлықтар табыс етілді. Бұл тарту-таралғылар осал емес, әрине. Қала әкімдігі жасаған бағалы сыйлықтардың ішінде тұрмыстық техникадан бастап, Бурабайға, тіпті, Түркияға да тегін демалыс сапары бар.
Бұдан тура алты жыл бұрын, яғни, алғаш рет Астана күні қарсаңында Мақсұт пен Светлана Молдыбековтер шаңырақ көтерген екен.
«Біз де кезінде елорда тойы күнінде отау құрған едік. Қазір екі перзент сүйіп отырған бақытты отбасымыз. Енді, міне, бүгін сіңілім тұрмысқа шығып жатыр» дейді Светлана Молдыбекова.

Шара барысында Астаналық цирктің әншісі Владимир Лигай жаңадан шаңырақ көтеріп, отау тіккен қуаныш иелеріне арнап музыкалық сәлем жолдады.

Жұлдыз БОЛАТҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × 4 =