Жас ұрпақтың жанашыры

0 150

Ұстаз – анадан кейiнгi ұлы есiм. Ол қоғам өмiрiнiң тамыршысы секiлдi, уақыт бүлкiлiн тап басып, болып жатқан оқиғалардың астарынан әлеуметтiк мән iздейдi. Жас ұрпақты бiлiм нәрiмен сусындатып қана қоймайды, өмiрдiң сан тарау жолында оларға дұрыс бағыт-бағдар берiп, ақ пен қараның аражiгiн ажыратып, танып-бiлуге өлшеусiз қызмет етедi. Солардың бiрi – Сақан Сәтмағанбетов.

Ол бүгiнде Астанадағы №8 бiлiм ошағын басқарады. Бәрекелдi дейсiң. Сонан соң Сақан Елеусiзұлы туралы ойланасың, толғанасың. Өйткенi, адамдардың есiнде өткенi емес, өскенi ғана жүредi. Өмiр заңы солай. Ол, мiне, алпыстың асқа-рына шығып отыр. Бұл күнi оны құттықтайтындардың көп болатыны белгiлi. Мақтау сөзден шашу шашып, қырыққұрақ болатындар да табы-лар. Ал, мен замандас досымның соның бәрiне күле қарап, жақсы сөз бен жарамсақ сөздiң аражiгiн ажыратып ашып, өз көңiлiне қонатын, риясыз шындықты ғана қабыл алып, көңiлiне тоқитынын жақсы бiлемiн. Олай бо-латыны, Сақан Сәтмағанбетовтiң бүгiнгi күнге дейiн имандылық жолынан жаңылғанын көрген емеспiн. Өмiр бойы бiр ғана ұстаздық қызметте жүргенiн ол өз еңбегiмен, халық алдындағы жауапкершiлiгiмен мектеп директорлығына дейiн жеттi.
Жаратылысынан өте қарапайым, жас жеткiншектер тәрбиесiнде оларға арнаған сөзiн тiлдiң ұшынан емес, жүректен шығарып айтады. Тiрлiкте мынау дүние мен малға бой алдырмады, кiсiлiгi мен арына кiр шалдырмады, кiшiлiгi кiсiлiгiнен, iрiлiгi iсiнен, оймұраты отаншыл-дығынан, адалдығы әдiлдiгiнен, парасаты пайымдылығынан танылып тұрады. Жомарт табиғат бойына ғажайып адами қасиеттердi молынан да-рытқан, қатарынан иығы асып тұратын сұңғақ бойлы, көрген жанның көзiн сүйсiндiретiн сұлу пiшiндi, мәрт мiнездi, кеңпейiлдi, бiлiмдi де зерек ұйымдастырушы, тындырылған алуан iстер мен көптiң игiлiгiне айналған барша жетiстiктердi бiр өзi иемденуден әр уақыт аулақ жүредi.
«Ұстаздың да ұстазы бар» демекшi, жұмыс болған соң оның күнгейi мен көлеңкесi де болатыны шындық. Сондай сәттерде таразы басына адамның атқарған жұмыстарын салар болсақ, Сақанның жақсылығы басым түсiп жатады.
Қазiргi Астана, сол кездегi Целиноград қаласында дүниеге келген ол орта мектептi үздiк бiтiрген соң, С.Сейфуллин атындағы Целиноград мемлекеттiк педагогикалық институтына оқуға түседi. Еңбек жолын осы қаладағы №4 қазақ орта мектебiнде мұғалiмдiктен бастайды. Содан берi «елiм, жұртым» деп жүрiп, қырық жыл ұстаздық етiптi. Азаматтық жауапкершiлiгi жоғары, ұжымына талап қоя бiлетiн С.Сәтмағанбетов оқу iсiнiң үздiгi, Астана қаласының он жылдығына орай мерекелiк медальмен марапатталды.
«Мен сол сәттерде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бастаған жаңа Қазақ-станның тарихы Қазақ елi мұратымен сабақтасқанын сезiнiп қатты қуандым», – деп еске алады ол.
Сақан Елеусiзұлы тәуелсiз елiне дәйiм тiлеулес, қабырғалы ұстаз қауымының абыройы аспандауын қалап отырады. Осындайда Прези-дентiмiз Н.Назарбаевтың: «Зиялылар қай заманда да өмiр сыры мен сынын жан жүрегiмен бағамдап, толғай бiлген, халқының келешектегi тағдырын зерек көңiлмен болжай бiлген жандар» деген сөзi ерiксiз ойға оралады.
Өз ғұмырын ұстаздық қызметке арнаған, жас жеткiншектер тәлiм-тәрбиесiн басты мақсат тұтқан замандас досымыз тәуелсiз елiнiң келешегi жарқын боларына кәмiл сенедi. Бiз де оған әдемi қартайып, ортамызда дәйiм дiн аман жүрiңiз, лайықты ер мiнездi ел ағасы болыңыз демекпiз.

Мұхит ШЕРМҰХАНҰЛЫ,
«Ерен еңбегi үшiн» медалiнiң иегерi

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 − 1 =