«ЖАС ҰЛАН» АТАЛАР ДӘСТҮРІНЕ АДАЛ

0 163

ӨМІРІ ОНЫҢ ӨНЕГЕ

Бейбіт өмір бесігінде тербелген бақытты ұрпақпыз. Егеменбіз. Елміз. Еңсеміз тік, тереземіз тең. Ынтымағымыздың жарасуы – ырысымыздың молаюы. «Ел – ырыстың орманы, ер – ырыстың қорғаны». Ел басына күн туған шақта ел ырысын қорғай алмау – ерге сын. Іргеміз бекіген ел болған тұста мына біз үшін, келешек ұрпақ үшін қан майданда етігімен су кешкен, кеудесін жауға тосқан Отан қорғаушылар еңбегі – орасан. Бүгінгі бейбіт күн – кешегі талай «тар жол, тайғақ кешкен» күндердің жемісі.

Екінші дүниежүзілік соғыс – халық басына қара бұлт үйіріп, қан жылатқан, қасіреті қалың нәубет. Миллиондардың өмірін жалмағаны – жан ауыртар ауыр ақиқат. Сол сұрапыл соғыста ел үшін, Отан үшін деген ұранмен жан алысып, жан беріскен, өліммен бетпе-бет келіп, қатерге бас тіккен талай қазақ баласының өлшеусіз ерліктерін таңды-таңға ұрып тоқтаусыз жырласа да аз болары анық.

Кешеге дейін арамызда болған, ел ісіне араласып, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына қуатты үлес қосқан, сұм соғыста ерлік көрсетіп қайсарлығымен танылған қазақ, халықтың бағына туған батырымыз, ол – Сағадат Нұрмағамбетов.

«Жиырма жас – ерлік жасайтын жас» деп Бауыржан Момышұлы айтпақшы, 22 жасында Кеңес Одағының Батыры атағын алып, майдан шебінде жүрген шағында-ақ аты шыға бастады. Жас та болса бас болды. Взвод, рота, батальон командирі болған батыр Украина, Беларусь, Солтүстік Кавказ, Молдавия, Польша, Германия жеріндегі шайқастарда ерекше ерлігімен көзге түсіп, көпке үлгі бола білді. Тағдыр тауқыметіне тумай жатып тап болған батыр ана құрсағында жатқанда-ақ әкеден қалып, кейін анасынан да айырылды. Қиын-қыстау күндер соғысқа ұласып, бауыры Сағит майданда мерт болды. Сұм соғыстың батыр отбасына тигізген соққысы салмақты болды. Араға уақыт салып қайта тұтанған Ауған соғысының алауы ағасы Сағиттің шөбересі Талғаттың өмірін жалмады. Өмірдің небір сынағында шыңдалған батыр елдің еңсе көтеруіне аянбай күш салды.

Басқа жұртқа қазақтың кім екенін танытып, қайсарлығын мойындатып, бетке ұстар беделді азаматқа айналған қазақ баласының соғыс біткен соң да біраз белестерді бағындырып, өзіне сеніп тапсырылған талай мінберлі міндетті мүлтіксіз, абыроймен атқарды. Жастық шағынан өмірден өткенге дейінгі дәуірінде Отанына айнымас адал қызмет еткен ардагер азаматтың азат еліміздің тұғыры берік болуы үшін қосқан үлесі сан қырлы.

«Батыр деме батырды шеп құрған дауға батпаса, төре деме төрені ел тілегін таппаса» дейді Дулат. Майданда жау құрған шепті талай бұзған батыр егемен елдің Қарулы Күштерін қолына алып, төре болып ел тілегін таба білді. Тәуелсіздік алған елдің елең-алаңында Қазақстанның Қарулы Күштерін құруға, әскерін жасақтауға атсалысқан атпал азамат. Тәуелсіз еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық қаһарманы, Армия генералы. Ол жайында Елбасымыз былай деген еді: «1992-1995 жылдар аралығында Қорғаныс министрлігін басқарған Сағадат Қожахметұлы біздің армиямыздың қалыптасуында маңызды рөл атқарды. Қазақстан Қарулы Күштері қалыптаса бастаған сонау күрделі кезеңде оның тәжірибесі, әскерилер ортасындағы биік беделі және Отан алдындағы адал қызметі ауадай қажет болатын».

Сағадат Қожахметұлы жайындағы қай кісінің естелігін алып қарасақ та, тау тұлға мінезімен көзге түсетін ерекше жан екендігін, салиқалы сөзімен, ұтымды ойымен, шешен-билердей ұтқыр жауабымен тереңнен тербеп әңгіме өрбітетін от тілді, орақ ауызды болғандығын аңғарамыз. «Адам болып өмір сүрудің басты қағидасы – тәртіп пен талап, ел болудың да басты ережесі – сол» дейді екен сарабдал сардар.

Өзінің ұрыс алаңындағы түйген-білгенін жазған «Лицом к огню», «Мой передний край», «А в памяти нет тишины» кітаптары – кімге де болса, адамзаттың жұдырықтай жүрегіне ерлік ұялататын, адамдықтың бастау шыңына алып барар әдебиет майданына сүбелі салмақ қосатын маңызды туындылар.
2013 жылы 24 қыркүйекте Алматыда 90 жасқа таяған шағында мемлекет және қоғам қайраткері, Армия генералы, Ұлы Отан соғысының ардагері Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов бақилық болды. Өзінің бүкіл өмірін еліміздің әскерлерінің ез емес ер, қорқақ емес батыл, жігерсіз емес рухты, білімді әрі білікті маман болып шығуын қалап, өмірлік тәжірибесін солармен бөлісуге, бар білгенін соларға үйретуге арнады десек, артық айтпаспыз. Ел қорғаудағы басты талап – адамның бұлтартпас адалдығы мен мығым жауапкершілігінде екенін өз мансаптық жолында шынайы дәлелдеген батыр өмірінің мәнді де мағыналы беттерін халқы мәңгі ұмытпақ емес. Қазақтың бас сардары кім десе, Сағадат Қожахметұлын көрсетеміз, оның әрбір ісін, басып өткен шұғылалы ізін үлгі етуге тұрарлық.

МЫҚТЫЛАРДЫ БАУЛИТЫН МЕКТЕП

Еліміздің тыныштығын күзететін тегеурінді, төзімді, ту ұстар болашақ Отан қорғаушыларды дайындайтын Астанадағы Республикалық «Жас ұлан» мектебіне батыр Сағадат Нұрмағамбетов есімі берілген. Мектеп Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 27 наурыздағы №309 қаулысымен мемлекеттік және шетел тілдерін, әскери пәндерді тереңдетіп оқытуға және күшейтілген дене шынықтыру даярлығына арналған жалпы орта оқу орны ретінде құрылды. Сол жылдың 4 қарашасында Елбасының қатысуымен салтанатты ашылу рәсімі болды. Ал, қазіргі жаңа ғимарат пайдалануға 2011 жылы беріліп, 8 желтоқсанда ашылды.

Елбасымыз «Мектептің негізгі мақсаты – еліміздің тәуелсіздігін, тұтастығын қорғауға әрқашан дайын тұратын, еліне адал, өз отандарының нағыз патриоттарын тәрбиелеу» деп атап көрсеткен болатын.

Мектепте 440 бала тәрбиеленеді. Бұрын мектепке балалар 5-сыныптан бастап қабылданса, бүгінде 12 жастан, яғни, 7-сыныптан бастап жас ұландықтар қатарына қосыла алады. Мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен келген, іріктелген, таңдаулы ер балалар білім алады. Алғаш келгендер үшін темірдей тәртіптің қажет ететін мектепке тез үйренісіп, қазанында қайнап кету едәуір қиынға соғады. Тиісінше, қабылданған тәрбиеленушілерден бір жылда он шақты бала талап етілген тәртіпке төзбей, сағы сынып немесе үйін сағынып жас ұландықтар сапынан шығып қалып жатады. Жетінші сыныптан өзге басқа сыныптарға да түрлі себептермен босап қалған орындарға қосымша балалар қабылданады.

Мектеп ғимараты заманауи үлгідегі оқу кабинеттерімен қамтамасыз етілген. Түрлі спорт залдары мен ұзындығы 25 метрлік жүзу бассейнімен, балаларды төрт мезгіл тамақтандыратын 450 орындық асханамен жабдықталған. Мұндағы кітапхана қоры 38 мың дана кітаппен толыққан.
«Биыл 25 мамырда Сағадат Нұрмағамбетовтің 90 жылдық, 4 қарашада «Жас ұлан» мектебінің 15 жылдық мерейтойын дүбірлі етіп, дүрілдетіп атап өту үшін қызу дайындық үстіндеміз» дейді тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыс жөніндегі бөлім бастығы, майор Амантай Қалабайұлы. Және мектепке Нұрмағамбетовтің ескерткішін орнату жоспарда барын жасырмады.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen − thirteen =