«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

ЖАС СУРЕТШІЛЕРМЕН ЖҮЗДЕСТІ

0 209

Қашқабаев

«Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық Қазақ музыкалық драма театрының ең белсенді актері кім?» деген сұрақ қойылса, ойланбай-ақ Сырым Қашқабаев деп жауап берер едік. Театрдан бөлек кинода да талай кейіпкерлердің бейнесін сомдаған әртіс телебағдарлама жүргізушісі ретінде де көрініп жүр.

Көрермендер оның өнерін теа­тр репертуарынан түспей келе жатқан Уильям Шекспирдің «Гамлет» трагедиясындағы Гамлеттің және премьерасы былтыр өткен Қанат Жүнісовтің «Сәкен сұңқар» драмасындағы Сәкен Сейфуллиннің т.б. көптеген үлкенді-кішілі рөлдерден біледі.

«Қазақстан» ұлттық арнасында жүрген «Ұлжан» мен қайталап көрсетіліп жатқан «Сырғалым» телехикаяларындағы бір-біріне кереғар Сұлтан мен Бақтияр есімді кейіпкерлер де киносүйер қауымның есінде болар. Оларды да Сырым Қашқабаев ойнап шықты.

Бұдан басқа, актер «Хабар» арнасынан әр жұма сайын берілетін «Орталық хабар» бағдарламасы арқылы телекөрермендерді ду-думанға бөлеп жүр.

Осылайша театр, кино, телеарнадағы жұмыстарын қатар алып жүрген «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Сырым Қашқабаев балғын суретшілермен кездесуге де уақыт тапты. «Астана» ұлттық сурет галерея­сында өткен бұл кездесу екі тарапқа да жағымды әсер сыйлады.

Балалар актерге жеке өмірі мен өнеріне қатысты талай сұрақтарды қойды. Бір таңқаларлығы, ағылшын тілінде де қойылған сұрақтар болды. Кездесуде мәртебелі поэзияға да орын табылып, өлең оқылды. Болашақ суретшілер Сырым ағаларына ізгі лебіздерін білдіріп, еркелеп те алды. Сұрақтан бөлек, болашақта актер болуды армандайтын Асқар есімді бала: «Сіз баласына ашуланған әке болыңыз, мен сіздің балаңыз болайын. Маған ұрсыңызшы» деп, актерді рөл ойнауға шақырды. Сөйтіп, ашуға мінген әке мен одан ұрыс естіген баланы бейнелеген қойылым көрсетілді.

Түйіндей айтсақ, бұл кездесу жас суретшілердің бойындағы өнерге деген құлшынысын арттыра түскендей болды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды