ЖАС СКРИПКАШЫМЕН ЖҮЗДЕСТІ

0 161

Руслан Тұрынтаев

Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов П.Чайковский атындағы VIII халықаралық жасөспірімдер байқауының жеңімпазы, талантты скрипкашы Руслан Тұрынтаевты қабылдады. Кездесу барысында қала басшысы өнерпаз өренді жеңісімен құттықтады.

«Жарайсың, Руслан! Сен үлкен құрметке лайықсың! Бұған дейін де бірнеше байқаулардың жеңімпазы болып келдің. Бұл соңғысы емес деп ойлаймын. Еш нәрсе оңайлықпен келмейді. Әр жеңістің артында еңбек тұрады. Сондықтан, сенің жетістігің үлкен маңдай теріңмен келгені анық» деді Иманғали Тасмағамбетов.

Жас скрипкашы болса, жеңіске қол жеткізудің оңай болмағанын айтады. Байқаудағы бәсекелестері де осал емес. Дегенмен, намысқа тырысып, барын салған.
Русланның жасы небары он бесте. Ол жеті жылдан бері скрипкамен айналысып келеді. Жас дарын түрлі халықаралық конкурстарда дара шауып, елінің даңқын аспандатып жүр. Жастығына қарамастан, Омбы, Орынбор, Мәскеу, Куала-Лумпур қалаларына, Италияның Генуясына шақырылып, өнер көрсетті. Атақты скрипкашы Владимир Спиваков Русланға «Қазақстандық Паганини» деп батасын берген екен. Оған қоса, Париждегі атақты неміс шеберінің қолынан шыққан скрипканы тарту етті.

Қазіргі күнде жас талант П.Чай­ковский атындағы консерватория жанындағы Орталық музыкалық мектепте профессор, Ресей халық артисі Ирина Бочкованың сыныбында білім алуда.

Алдағы уақытта тума талант өз елін барша әлемге танымал етпек мақсатта.

Амандық болса, Руслан Тұрын­таевтың көгімізде әлемдік жұлдыз болып жанатын уақыты да аса алыс емес.

Еркежан СӘТІМБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 − 2 =