Жас сарбаз – тәуелсіздік тірегі

0 100

Адам баласының бойындағы ең ізгі, ең өшпес қасиеттер мектеп қабырғасында жүрген кездерден басталады екен. Иә, бала бұл кезде иілгіш тал сияқты. Қалай қарай бағыттасаң, солай бой түзейді. Осыдан 3 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев балалардың жан-жақты білімді де білікті болып қалыптасуы үшін «Жас сарбаз» қозғалысын құруды тапсырды. Нәтижесі де жаман емес. Бүгінде еліміздің әр аймағында елі мен жеріне адал қызмет етер патриот ұландар өсіп келеді.«Жас сарбаз» құрылғанға дейін де еліміздің мектептерінде әртүрлі атаумен, бірнеше бағытта жұмыс істеп келе жатқан 3 мыңнан астам кадет сыныптары бар еді. Мұнда да он мыңға жуық бала әскери-патриоттық білім алды. Дегенмен «Жас сарбаз» қозғалысымен барлық мектептердегі жұмыс бір жүйеге түсті. «Біздің ұйым жастарды әскери-патриоттық бағытта тәрбиелеу бойынша әртүрлі жұмыстар атқарып келеді. Құрылғанымызға көп уақыт болмаса да, Нұр-Сұлтан қаласындағы жас сарбаздықтардың қатары 7 мыңға жетті. Өткен жылы ресми түрде мың оқушыға куәлік табыстап қатарымызға қабылдасақ, Отан қорғаушылар күніне орай елордадағы 2 мың оқушы қатарымызға қосылды. Оқушыларды отаншылдыққа тәрбиелеу мақсатында жыл сайын ауған соғысының ардагерлерімен, Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен кездесулер өткізіп, жағдайы төмен отбасыларға көмектесеміз. Ұлтымыздың бірегей тұлғалары оқушыларға ерлік сабақтарын өткізіп тұрады. Пандемия кезінде де қала тұрғындарына маска, азық-түлік таратып, қолымыздан келгенше атсалысып жатырмыз. Одан бөлек, біз спорттық-мәдени шараларды жиі өткізіп тұрамыз. Осы жасалып жатқан шаралардың барлығының түпкі мақсаты – рухы мықты, елі мен жеріне адал, нағыз патриот азаматтар тәрбиелеу» деді Нұр-Сұлтан қалалық филиал төрағасы Асхат Налшыбек.
Мектеп оқушылары 7-8-сыныптардан бастап «Жас сарбаз» сыныбына қабылданып, қосымша әскери білім ала алады. Өтпелі шақты көп оқушы не істерін, қайда ұрынарын білмей жүргенде, «Жас сарбаз» ұйымы оларға дұрыс бағыт-бағдар беріп, жол нұсқаушыға айналған. Елордалық «Жас сарбаз» қозғалысы осы жылдың соңына дейін барлық мектепте өз сыныптарын ашуды жоспарлап отыр. Қаламыздағы Сырбай Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицейінде де «Жас сарбаз» сыныптары құрылған. «Қазіргі таңда мектебіміздегі жалпы сарбаздар саны – 50, оның 31-і – ұл бала, 19-ы – қыз бала. Алдымызда өсіп келе жатқан жасөспірімдерді әскери-патриоттық қызметке көбірек тарту міндеті тұр. Біріншіден, өскелең ұрпақ әскери іс туралы базалық білім алуы керек. Олар физикалық дайындалған еліміздің патриот азаматы болып өсуі тиіс. Екіншіден, елімізде әскери білім алған резерв болуы керек. Үшіншіден, жастар бос сенделіп жүрмей, спортпен айналысып, техниканы, ақпараттық-технологияны меңгеріп өссе, бәсекеге қабілетті ел боламыз. «Мәңгілік ел» жастарының болашағы баянды, Ұлы дала әскері қуатты болады. Жас сарбаз сыныптарына қойылған мақсаттарды жүзеге асыру барысында аталмыш сыныптармен түрлі бағытта жұмыстар жүргізіп келеміз. Мектебімізде жас сарбаздықтарға арналған 5 үйірме бар» деді «Жас сарбаз» сыныбының жетекшісі Күләш Мантиева.
Қазіргі таңда экстремизм, терроризм деген жағдайлардың қоғам дертіне айналып кеткені жасырын емес. «Жас сарбаз» қозғалысының негізгі мақсаты – осындай келеңсіз жағдайлармен ашық күресе алатын толық адам тәрбиелеу. «Маған «Жас сарбаз» сыныбында оқыған ұнайды. Мұнда біз әртүрлі әскери дайындықтарды үйреніп, әскери шараларға жиі қатысамыз. Болашақта ел қорғайтын азамат болып, әскери қызмет істесем бе деймін. Тоғызыншы сыныптан кейін «Жас ұлан» мектебіне түсуді жоспарлап отырмын» деді «Жас сарбаз» сыныбының оқушысы Пернебек Тілеуханұлы.

Отан қорғаушылар күніне орай Ұлттық әскери патриоттық орталықта «Жас сарбаз – тәуелсіздік тірегі» жобасы аясында қала мектептерінің бірқатар оқушылары «Жас сарбаз» атанып, ресми куәлік алды. Шара Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің, «Астана жастары» мекемесінің және Ұлттық әскери патриоттық орталықтың қолдауымен, «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының ұйымдастыруымен өтті.
«Жас сарбаз» тәрбиеленушілерімен кездескен қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен ең бірінші жас сарбаздықтардың ант қабылдауына куә болып, әрі қарай оқушылардың өз қолдарымен құрас­тырған роботтар көрмесін тамашалады. «Осыдан үш жыл бұрын Елбасы жастар арасындағы отансүйгіштік сезімді ояту үшін патриоттық бағытта тәрбие беру мақсатында «Жас сарбаз» ұйымын құруға тапсырма берген болатын. Осы аз уақыт ішінде қаншама оқушы «Жас сарбаз» атанып, толағай табыс­тарға қол жеткізіп үлгерді. Сіздерді алда келе жатқан Ұлы Жеңіс күнімен, Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын. «Отан – отбасынан басталады» дейді. Сондықтан балаларды жастайынан отансүйгіштікке, елі мен халқына, жеріне адал қызмет ететін адами құндылықтарға баулу өте маңызды. Ант қабылдаған жас сарбаздықтардың болашағынан үлкен үміт күтеміз» деді қала әкімінің орынбасары.
Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы «Ешкім іштен батыр болып тумайды: батырлық та мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады» деген еді. Сондықтан да қазіргі «Жас сарбаз» алдағы 30 жылдың ішіндегі тәуелсіздікті одан әрі нығайту үшін еліміздің туын жоғары ұстап, нағыз патриот тұлғаға айналады деген сеніміміз мол.

Көктем ҚАРҚЫН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen − 14 =