«Жас сарбаз» – елдің ертеңі

0 32

Мемлекет басшысы биылғы жылды Еріктілер жылы деп жариялағаны мәлім. Осыған орай, әскери-патриоттық тәрбиені және еріктілік қызметті дамыту бағытында елордада арнайы «Жас сарбаз» тәрбиеленушілері үшін «Jas sarbaz – meıіrіmdіlіk bіrіktіredі» жобасы және «Еріктілер жылы» ерекше салтанатпен ашылды.Шараға арнайы келген Қорғаныс министрлігі­нің өкілдері, Парламент Мəжілісінің депутаты, Халық қаһарманы Бақытжан Ертайұлы, Нұр-Сұлтан қалалық Білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдердің әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілерімен кездесті. Қонақтар кездесу барысында «Жас сарбаз» тəрбиеленушілерінің жетістіктеріне куə болып, «Smart sarbaz» көрмесімен танысты.
– Биылғы жылдың қасиеті өте көп. Біріншіден, Абай бабамыздың 175 жылдығы. Ұлы Жеңіске – 75 жыл. Осының бәрі жылдың тарихи маңызын көрсетіп тұр. Сондықтан жастар тек волонтер деген компания ашып алмау керек. Өйткені олар – елдің болашақ патриоттары. Әр жасаған істері осы жылдың маңызы мен тарихын ұмыттырмай, ұқтырып тұрғаны дұрыс. Мен бүгінгі жастарға қарап тұрып, елімнің келешегі жарқын болатынына сенемін, – деді Бақытжан Ертайұлы.
– Бүгінде елордамызда 6013 «Жас сарбаз» тәрбиеленушілері, жалпы орта білім беретін мектептерде 120-ға жуық «Жас сарбаз» сыныбы, 82 әскери-патриоттық клуб және 27 «Smart sarbaz» сыныптары ашылған. Енді болашақ сарбаздар қатарына қала мектептеріндегі тұрмысы төмен, көпбалалы отбасы балаларын тарту – басты жұмысымыз, – деді Нұр-Сұлтан қалалық Білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова.
Жас сарбаздардың отаншылдық пен елге деген ізгі ықыласын арттыратын шараның Еріктілер жылында қайырымды іспен ұштасуы шараның мазмұнын аша түсті. Өйткені «Jas sarbaz – meıіrіmdіlіk bіrіktіredі» деген атаудың өзі ізгілікке жетелейтіні рас.
«Jas sarbaz – meıіrіmdіlіk bіrіktіredі» патриоттық жобасының ең маңыздылары Ауған соғысы ардагерлері мен Жеңіс қаһармандары­мен кездесу, жеңіл атлетикадан жасөспірімдер арасында спорттық марафон, əскери-патриоттық əндер байқауы, қарттар жəне балалар үйлеріне қол ұшын беру сияқты ізгілікті істермен жалғаспақ.

Гүлжан АБАЙҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды