«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«ЖАС ҚАНАТТЫҢ» ЖЕҢІМПАЗДАРЫ

0 751

Бейбітшілік және келісім сарайында талай таланттың есімін елге танытқан «Жас қанат» республикалық байқауы өтті. Аты аңызға айналған сайыс жыл­дағыдан ерек болып, 25 жылдық мерей­тойын жұлдызды бағдар­ламамен тойлады.

Иә, 2016 жыл – «Жас қа­наттың» нағыз мерейлі шағы. Ширек ғасыр ғұмырында бай­қау қазақ эстрадасының қа­лыптасуына өлшеусіз үлес қос­ты. Осы уақыттағы жобаның жеткен жетістігін – биылғы «Жас қанаттың» қазылар ал­қасы дәлелдеді. Үміткерлердің өнерін әр кездегі байқаудың жеңімпаздары Нұрлан Абдуллин, Ерлан Көкеев, Бақыт Шадаева, Мәдина Садуақасова, Жанар Дұғалова, Маржан Арапбаева 15 балдық жүйемен бағалады. Ал, жюриге Медеу Арынбаевтың төрағалық етуі­нің де өзіндік мағынасы бар. Әнші 1992 жылдағы ал­ғашқы «Алтын қанат» иегері атанған еді. Сондай-ақ, музыкатанушы, белгілі тележүргізуші Юрий Аравин, қазақ сах­насының «Қыз Жібегі» Нұр­жамал Үсенбаева, дирижер Абзал Мұхитдинов, хормейс­тер Ержан Даутов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Раиса Мұ­сақожаева секілді өнер майталмандары 14 қатысушының ән орындау шеберлігіне қа­зылық етті.
Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 14 өнерпаз сайыс барысында 3 әннен орындады. Жар­тылай финалға 10 қатысушы өтсе, фестивальдің бас жүлдесін алты финалист сарапқа салды. Нәтижесінде, семейлік Парасат Отан «Жас қанаттың» бас жүлдесін жеңіп алды. Ол халық әні «Жорғатайды» орындағандағы кең дауысымен көпшілікті тәнті қылды.

«Күміс қанат» – қарағандылық «Үш жүз» тобына, ал қола жүлде Оралдың намысын қор­ғаған Айбек Дәулетқалиевке бұйырды.
Сондай-ақ, астаналық Жалғас Сұлтанов та жүлдеден құр қал­мады. Ол «Хабар» агент­тігінің арнайы сыйлы­ғымен марапатталып, «Жас қанат-2016» бай­қауының дип­ломанты болды. Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қала әкімі Әділбек Жақсыбековтыің атынан 100 мың теңгелік 3 «Үміт сыйлығын» Ернар Дүйсеев, Ақ­жол Сапаралы мен Айберген Болатханға табыс­тады. Сонымен қатар, Мәдениет, мұ­ра­ғат­тар және құжат­та­малар бас­қар­ма­сының жүлдесін Мәлика Ахметжанова иеленді.
25 жылдықтың жаңа­лығы да аз емес. Ірік­теуден өтуге азған­тай ұпайы жетпей қалған 5 үздік қатысушыға байқаудың екінші турында бір әннен орын­дауға мүмкіндік туды. «Ар­манға қадам» аталатын бұл бас­таманың жеңімпазы боп танылған елордалық топ «Астана Acapella» мен Тамирис Жанғазинова «Жас қанат-2017» байқауына қаты­суға тіке­лей жолдаманы ұтып алды.


Үш күнге жалғасқан тартысты бәйгенің мерекелік кешінде эстрада әншілері сахнада ән айтып қана қоймай, «Жас қанаттың» өмірлеріндегі ма­ңызымен бөлісті. «Бұл бай­қауға мені қызылордалықтар облыс болып жіберген еді. Ол кезде небары 18-19 жастамын. 1999 жылғы жеңісімнен кейін мені бірден әкімнің қабылдауына шақыртты. Екі айдан кейін «Жыл адамы» сыйлығы берілді. Одан бөлек, маған әкімнің пре­миясы тағайындалды. Бір жыл бойы ақша беріліп тұрды. Астанадағы Президенттік оркестрден жұмысқа ұсыныс түсті. «Жас қанат» жас та­лант­қа қанат бітіреді, шабыт сый­лайды, жігерлендіреді» дейді Мәдина Садуақасова. Ал Жанар Дұғалова аталмыш байқау мен «Turkvision-2014» сайы­сындағы жеңіс арасында тылсым байланыс бар деп есептейді:
«Бір қызығы, мен «Жас қа­натты» 14 жасымда жеңдім, тура 13 жылдан соң «Turkvision» 2014 жылы өтті. «Жас қанатта» мен үшінші және бірінші болып сахнаға шықсам, Қазан қаласында жеребе тартқанда да маған 1-ші мен 3-ші нөмір түсті. «Жас қанат» мені өсірді, оған дейін мен тек балалар конкурс­тарында жүруші едім. «Жас қанаттан» кейін өзімді үлкендер де мойындай бастады» дейді.
Әншінің айтуынша, 25 жыл­дық тарихы бар, қазақ эстрадасында елеулі орын алатын сайыс – телевизиялық жоба болғандықтан, оған бүгінде интернет кеңістігіне шығуға қолдау қажет.
«Неге «Жас қанат» бай­қауының іріктеуін әр қалада кас­тинг жасап өткізбеске?» деген сұрағымызға жобаның негізін қалаушы, танымал продюсер Мұрат Ерғалиев:
– Өнерпаздардан кенде емеспіз. «Жас қанаттың» фор­маты бөлек, деңгейі жо­ғары. Біздің конкурсқа талай халықаралық фестиваль, бәй­гелердің жеңімпаздары қа­тысып келеді. Халықтан sms-дауыс жинап, елдің назарын өзіне қаратып, кейіннен із-түссіз жоғалып кететін арзанқол дүние емес бұл. Көгілдір экраннан түспей жүрген әншілерден де талантты он, тіпті жиырма жас орындаушының есімін жатқа айтып бере аламын.
«Чип-чип», «қызыл өрік» деп шулап жүрген заманда диапазоны кең, дарындарымыз тасада қалып жатады, өкіншке қарай. Оларға тек мәдени саясатпен айналысатын жанашырлар тарапынан, мемлекет тарапынан қолдау табылса екен дейміз, – деп өзіндік пікірін білдірді.

Мәдина ЖАҚЫП

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды